Қарсыз қыс мезгіліне көңіліміз жабырқаса да үйренісіп қалған едік. «Биыл қар болмайды ма?» деп тұнжырап жүрген тұрғындарды ақпан бастала салысымен жауған жаңбыр аралас қар, одан кейінгі ақ түтек боранды күндер біраз әбігерге салғаны рас. Ал жергілікті атқарушы орган өкілдері тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде аянып қалмады.
Ауа-райының қолайсыздығына орай, аудандағы елді мекендердің автокөлік жолдарын қардан аршу бойынша жұмыстар аудан әкімі Р.Ибрагимовтың тапсырмасы негізінде жүзеге асуда. Қар жауғалы Доссор кентінде мердігер «Ақтау+НШ» ЖШС-нің екі техникасы (автогрейдер, трактор) және «ҚазАвтоЖол» ЖШС Атырау облыстық филиалының 23-ші Жол пайдалану бөлімшесінің арнайы техникалары жұмыс атқарса, Мақат кентінде «Ақтау+НШ» мекемесінің бір тиегіші мен автогрейдері қар тазалау жұмысына тартылды. Қосымша тағы да өндіріс мекемелерінен техника сұратылған болатын.
«Коммуналдық мекемелер күшейтілген режимде қызмет атқаруда. Атқарылып жатырған жұмыс аудан әкімінің тікелей бақылауында тұр»,- аудан әкімдігінің мамандары.
Сондай-ақ, беймарал күндері еңбегі көзге көрінбейтін, табиғаттың тосын мінезі байқалғанда фронттың алдыңғы шебінде тер төгетін тазалықшылар да жол көлік оқиғасының алдын алып, жаяу жүргіншілердің тайып құламауы үшін бірнеше күннен бері жауған қардан кент көшелерін тазалауда.
М.ІЗТҰРҒАНОВА