Атырау облысында қолайсыз ауа райында жолдан шығып қалған жүк көлігінің бөлшектерін ұрламақ болған күдіктілер ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Ондағы деректерге қарағанда, 6 ақпан күні сағат 02:30 шамасында Мақат аудандық полиция бөлімінен Атырау облысы Полиция департаменті жанындағы Патрульдік полиция ротасының қызметкерлеріне Ақтөбе-Астрахань тасжолының 495 шақырымы тұсында ауа-райының қолайсыздығынан жолдан шығып кеткен жүк көлігінің қасында бейтаныс адамдардың жүргені туралы хабарлама келіп түскен.
Тексеру барысында жүк көлігінің бөлшектерін қолды қылған ВАЗ 2114 маркалы автокөлігін тізгіндеген үш ер азамат ұсталды. Күдікті тұлғалардан жүк көлігінің арнайы құралдары мен кілті тәркіленіп, ВАЗ 2114 маркалы автокөлік салонынан жүк көліктің бөлшектері анықталды.
«Қазіргі уақытта күдікті тұлғалар Мақат аудандық полиция бөліміне жеткізілді»,-делінген хабарламада.