Аудан жастары ауыл үлкендерімен көрісті

(0 Votes)

Көрісу мерекесі қарсаңында ауданымыздың белсенді жастары Қырыққұдық елді мекені мен Бәйгетөбе ауылының қарияларына көрісе барды. Қонағын құтқа балайтын Қырыққұдық елді мекенінің тұрғыны Мәруәш Ұлжанова таңмен таласа келген меймандарын төрге шығарды. 

«Сіздердің арнайы көрісе келгендеріңізге дән ризамын. Бұл біз үшін күтпеген сый болды»,- деп толқынысын жасыра алмаған әжей, жас буынға ақ батасын берді. Бүгінде ата кәсібін жандандырып, төрт түлігін өрбітіп отырған әулет бұл мекенді жиырма жылдың үстінде құтты қоныс еткен. Бір тілегі - жеріміз тезірек заңдасса екен дейді.

Қырдың таза ауасы мен қою күрең шайына, таба наны мен қолдың қаймағына жететін дәм бар ма шіркін?! Әжейге арнайы көрісе келген жастар да таза ауамен бір серпіліп қалғанын жасырмады. Олар енді алдағы күндері дәл осындай қыр басында «Ауыл life» жобасын жүзеге асырғысы келеді.

«Ойдағы ел қырдағы елмен амандасып,

Ауылыңызға кеп қалдық қадам басып,

Тым болмаса осындай көрісуде,

Келіп, кетіп тұрмасақ хабарласып…»,- деп жырлатқан жалынды жастар өздерімен бірге қазақтың қара домбырасын да ала шықты.

Амал күнін әдемі амалмен өрнектеген аудан жастары Қырыққұдықтан кейін Бәйгетөбеге бет бұрды. Таяуда ғана қажы атанған Сәния әжей бұл жолы қадірлі құдағайының үйіне көрісе барған екен. Олар да арнайы келген ауыл жастарын мерекелік дастархан басына шақырып, жылы лебіздерін білдірді.

Бүгінде жасы тоқсанға таяған тыл ардагері Балмекен әжей де көрісе келген ұл-қыздарына бір қуанып қалды. Әулетінің қазыналы қариясына айналған ақжаулықты анамызға Атырау қаласында тұратын ұрпақтары да дәл осы сәтте көрісе келіп жатыр екен. Әп-сәтте айналасы ду-думанға бөленген әжейдің жаны жадырап, шын көңілімен ақ батасын берді.

«Бір жасыңмен!» деп бірлігін жарастырып, арадағы өкпе-ренішін ұмытатын дана халқымыздың қай-қай салты да ғасырлармен сұрыпталған баға жетпес байлығымыз. Күніміз шуақты, қарттарымыз қуатты болғай!

А.САДЫҚОВ,

аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521