Аудан әкімі Ауған соғысы ардагерлерін марапаттады

(0 Votes)

15 ақпан – Тәуелсіз Отанымыз Қазақстан үшін атаулы күндердің біріне айналды. Тарих жылнамасынан өзінің қаралы нәубет жылдарымен орын алған зұлматтың бірі – ауған соғысы. 1978 жылы Ауғанстанда сәуір айында төңкеріс болып, оның арты аяқталмас соғысқа айналды. Бұл қасірет елдің тек өз ішінде ғана емес, оған сырт мемлекеттердің қатысуыменде ұзаққа созылды. 1979 жылы желтоқсанда КСРО әскерлері ауған жеріне енгізілді. Ауғанстан жерінде болған ұрысқа 22000 қазақстандық қатысып, оның 701 жауынгері қаза болса, 484 адам мүгедек болып оралды. 20 жауынгер хабарсыз кетіп, 2205 жауынгер орден медалдарымен марапатталған.

14 ақпан күні аудандық мәдениет үйінде Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 33 жыл толуына орай «Ұрпаққа үлгі болған ұлы ерлік» атты кездесу кеші өтті. Шара барысында ауған соғысында борышын өтеу кезінде қаза тапқан Ж.Қазанғаповқа арналған арнайы бұрыш ұйымдастырылып, ауған жауынгерлері туралы көрме ұйымдастырылды. Сондай-ақ, Ауғанстан жерінде интернационалдық борышын өтеу кезінде қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алды.

Аудан әкімі Шәкір Кейкин құттықтау сөз сөйлеп, 1979-1989 жылдары қанды шайқасқа қатысып, батылдық пен ерліктің ерен үлгісін көрсеткен жерлестеріміз ардагерлер жауынгерлерді алғыс хатпен марапаттады. Олар: С.Атабаев, Ә.Бтанов, Қ.Досмағанбетов, Қ.Дюсенов, Т.Жанаманов, А.Есенаманов, Е.Иманғалиев, О.Искаков, Н.Калимов, Т.Қанапиев, Т.Нұржекенов, С.Оралбаев, М.Сафронов, Қ.Тәжібаев, С.Тәжіғұлов, С.Тәңірбергенов, Г.Тағабергенов, С.Текеев, Қ.Тұрабаев, Р.Төлегенов, Ж.Шаримов.Сондай-ақ, Ауғанстан жерінде интернационалдық борышын өтеу кезінде қаза тапқан Э.Меңдіғалиев, Е.Мирғалиев, Ж.Қазанғаповтың отбасыларына арнайы сый-сияпат табыстады.


Айта кетейік, Ауданнан соғысқа аттанған сарбаздардың қатарында доссорлық Нұржан Төлегенұлы да болды. Ол 1980 жылы әскер қатарына шақырылып, 1981 жылдың қазан айынан 1982 жылға дейін Ауғанстанда 177-ші Қапшағай мұсылман батальоны құрамында "қара майор" атағымен аты аңызға айналған Борис Керімбаевтың басшылығында әскери борышын өтеген. Атырау облысы бойынша Нұрлан Төлегенұлы «қара майордың» жалғыз сарбазы екенін мақтаныш етеді. Соғыстан аман-есен оралған сарбаз еркін күрестен бапкер болып, шәкірт тәрбиелейді. Бүгінде шәкірттері талай байрақты бәсекелерде жеңіс тұғырынан көрініп жүр.

whatsapp-image-2022-02-15-at-15_40_49
Кеш соңында аудан өнерпаздары патриоттық тақырыпта ән шырқап, көрермендердің қошеметіне бөленді. Кешегі күн – бүгінгі тарих. Сонау сұрапыл шайқасқа қатысқан қаһарман ардегерлеріміздің ерлігі бүгінгі жастарға үлгі болып, мәңгі жадымызда сақталары сөзсіз. Себебі, ерлік ешқашан ұмытылмайды.
Айта кетейік, зұлмат жылдары ауданнан 33 азамат ауған жерінде жауынгерлік борыштарын өтеп қайтты. Солардың біреуі елге жетпей, жер жастанды. Соғыс зардабынан екі азамат туған жер топырағында өмірден озды.

Ә.ҚАСЫМ
Суреттер автордікі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521