Күні кеше ауданымыздың кішкентай бүлдіршіні – Ерасыл Асланұлы туған жердің тазалығы үшін үлкендерге үлгі боларлық іс жасап, жерде жатқан қоқыстарды жинап жүрген видеосы әлеуметтік желі арқылы көпшіліктің сүйсінткен еді.
Осы ретте бүгін аудан әкімі Азамат Мәмбетов “Таза Қазақстан” экологиялық акциясына атсалысқан бүлдіршін мен ата-анасын қабылдады.
Қабылдау барысында аудан басшысы Азамат Саматұлы тазалықтың маңызын ұғындырған бүлдіршіннің бұл ісі – үлкендерге де ой саларлық игі бастама екендігін жеткізіп, Ерасылдың ата-анасы мен оқушының игі ісін әлеуметтік желі арқылы насихаттағаны үшін Мақат кентінің тұрғыны Ұлжан Шортбаева арнайы алғыс хат пен гүл шоқтарын табыс етті.
Сондай-ақ, табиғатты қорғау мен туған өлкенің тазалығына жанашырлық танытып, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында кент көшесіндегі қоқысты жинауға атсалысқан Ерасыл Асқарды алғыс хатпен марапаттап, естелік сыйлығын тарту етті.
Өз кезегінде Ерасылдың ата-анасы аудан әкімдігіне ризашылықтарын білдіріп, көрсетілген құрметке алғыстарын айтты.
Айта кетейік, Асқар Ерасыл Асланұлы Х.Санбаев атындағы орта мектептің 2-ші сыныбында оқиды.
Ә.ҚАСЫМ