Асылдың сынығындай...

(0 Votes)

Қамшының сабындай қысқа ғұмырда адамның әр жас кезеңінің өз қызығы бар. Уайымсыз балалық, жасындай жарқыладаған жастық, толысқан шақ және даналық кіретін қарттық. Алайда соңғысын адамның солуы, жақсы күндердің артта қалуы деп ойлайтындар бар. Шынтуайтына келгенде, ұрпағыңның ортасында, қадіріңді қашырмай, еңбегің еленіп әдемі қартаю да бір өнер. Абыроймен егде жасқа жетіп отырғандардың бірі деп мақаттық Дыбыс Жалғасбаеваны айтуға болады.

Биыл жетпістің үшіне шыққан әжей 1949 жылдың наурызында бүгінде тарихтың қойнауына кеткен Сағыз кенішінде Сағынғали мен Орынның жаняұсында дүние есігін ашқан. Соғысқа барған 4 ағасы хабарсыз кетіп, одан кейінгі 2 ағасы шешек ауруынан кішкентайында шетінеп кеткеннен соң, 9 жылдан кейін туған кенже қыздың атын үйде дыбыс болсын деген ырыммен Дыбыс деп қойған. 1957 жылы бірінші сыныпқа аяқ басқан ол ауылында тек негізгі мектеп болғандықтан жетінші сыныптан соң Қошқар кенішіндегі интернатқа ауысады. Арасында сырқаттанып қалуына байланысты 1969 жылы ғана аталған оқу орнын бітіреді. «Мектепті жақсы оқығаным үшін директорымыз Сәрсен Дүйсешов тегін оқуға жолдама бергенімен, анам өзім жалғызбын, зейнеттемін, сырқатым бар деп мені жіберген жоқ. Бірақ тағдыр бәрібір көп ұзамай үйден кетуді жазып сол 20 жасында көрші Комсомол кенішіне ұзатылады. Солайша мұнай операторы болып Сағыз кенішінде басталған еңбек жолы келін боп түскен ауылында жалғасады. Кейін жолдасы Мақаттағы ауруханаға электрик болып ауысуына байланысты аталған елді-мекенге көшеді. «Ол кезде Мақат әлі аудан орталығы емес болатын. Көпқабатты үйлер енді-енді салынып жатырды. Бір жақсысы келген бойда маған да деподан жұмыс табыла кетті», - дейді әжеміз. 24 жасында қазіргі локомотив пайдалану депосына қызметке тұрған ол жұмыстың ауырлығы мен зияндығынан қашпайды. Алдымен міндетіне тепловоздың аккумуляторына су құю кіріп, кейін тұрған тепловоздың астына шприцпен май құйып, қызып кеткен моторды ашатын жөндеушілікке ауысады. Дыбыс Сағынғалиқызының «зейнетке шыққанға дейін депоның техникалық қызмет көрсетуінде жүрдім. Әр жылдары Мардимов, Карпов, Шамшура, Досмағанбетов деген басшыларым болды», - деп айтуынан барлығы да күні кешегідей есінде екендігін аңғаруға болады.

Басшылықтың сұрауы бойынша бір жыл артығымен жұмыс жасаған Дыбыс Сағынғалиқызы 2008 жылы 59 жасында зейнетке қалады. Бірақ жауапкершіліке үйреніп қалған апамыз үйде тыныш жата алмайды. Көршісінен Мақат балалар өнер мектебінің қайтадан әкімдікке өтіп жатырғандығын естіп, сол кездегі мекеме басшысы Жақсылық Жұмағалиевке жолығады. Сөйтіп, үлкен кісінің тиянықтылығына тәнті болған ол, апамызды қуана-қуана тазалықшы ретінде қызметке қабылдайды. Ағаш еденді қолмен жуудан тайсалмаған, тыным таппайтын Дыбыс апамыз өнер мектебіне 10 жылын арнап, 2018 жылы ғана жұмыстан босайды.

Кейіпкеріміз адал атқарған еңбегіне «Мақат локомотив депосына 50 жыл» естелік белгісімен, «Социалистік жарыс жеңімпазы» төс белгісімен және «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Сонымен қатар 70 жасқа толғанында Мақат локомотив пайдалану депосы, былтырғы қарттар күнінде Мақат балалар өнер мектебі арнайы шақырып құрмет көрсеткен.

Дыбыс Сағынғалиқызының 41 жыл отасқан жолдасы Құмарғали көп жылдар бойы әкімішілікте шаруашылық меңгерушісі болып жасап, 2010 жылы дүниеден өткен. 1970, 1973, 1975, 1977, 1981, 1990 жылдары туған 2 ұл, 4 қыз тәрбиелеп өсірген ана тұңғыш қызынан да ерте айырылуға мәжбүр болған. Балаларынан бөлек бүгінгі таңда 8 немересі, 15 жиені мен жиеншары бар.

Бала күнінен домбыраны жанына серік еткен апамыз өнер мектебінде жасап жүрген шағында мерекелік шараларға қатысып тұрған. Әсіресе Мақат ауданының 90-жылдығын тойлауға атсалысқан. Сондықтан да болар ол арнайы шақырутмен аудандық ардагерлер арасындағы «Атадан өсиет-анадан ұлағат» байқауына қатысқалы жатырды.

«Арасында көрпе жасаймын, одан қалса шұлық тоқитыным бар. Өзім тазалық жақсы көретін болғандықтан бір орында отыра алмай үйді де өзім ақтай барамын. Балаларыма да адам жасаған еңбегімен бағаланады, заманыңда бірдеңе тындырып қалуға асығу керек деп айтып отырамын», - деп сөзін түйіндеді кейуана.

Біз алдағы жарысына тыңғылықты дайындық жасап жатырған әжемізге сәттілік тілеп қоштастық.

                                                                                                                                                           А. Есжан

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521