Көрісу күні әр үйдің қазанында міндетті түрде ет асылады, бауырсақ пісіріліп, наурыз көже қайнатылады.
Қазақтың салтында ауылдың ең үлкеніне барып көрісу – сыйластықтың белгісі болған.

Осы дәстүрді насихаттау мақсатында Доссор кентінің әкімі, "Мұра" бастауыш партиясының төрағасы Болат Ермеков, әкім орынбасары Гүлнәр Ерғожиева және кенттің ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұриден Байниязов 14-і күні ертемен ауыл ішін аралап, үлкен кісілерге көрісіп қайтты.

Қал-жағдай сұрасқаннан бөлек емен-жарқын әңгіме айтылды. Ақ тілектерімен қатар азын-аулақ дәмдерін ұстап келген қонақтарға Хамит Ищанов, Еркеш Жексенғалиева, Айтқали Досжанов, Орын Төреханова сынды ауылдың үлкендері баталарын беріп, ұлттық тағамдар - көже мен бауырсақтан ауыз тигізді.

Қариялардың алғысына бөленген ауыл басшылары үлкендерді аралап көрісу дәстүрін жыл сайын жалғап тұратындықтарын жеткізді.
А.Есжан


