Қазіргі кезде бүкіл әлем болып, аты жаман ауруды таратпау үшін карантинде отырған шақта бұл уақытша қиыншылықты бәріміз ақыл-парасатпен, сабырлылықпен, шыдамдылықпен карантин шарттарын толық орындаумен жеңе аламыз.
Халқымыз өз тарихында талай қиыншылықтарды, зобалаңды бастан кешірген. Сонда да өзіне тән ұлттық қалпын жоғалтпаған текті халық.
Сол қасиеттерінің бірі - қайырымдылық, жомарттық. Осындай қиын кезеңде игілікті іс бастап, көп балалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға,т.б.
демеушілік жасап, азық-түлікпен көмек көрсетіп жатқан аудан кәсіпкерлеріне, мешіт қызметкерлеріне және аудан тұрғындарына Алланың нұры жаусын!
Қиын шақта көмегі, жылы лебізімен, бар ықыласымен адамдардың көңілін қуанту - зор адамгершілік қасиет. Көңілің мен пейілің кең болса, елде ынтымақ, бірлік орнап, ырыс құйылады.
"Ынтымақсыз елде береке жоқ"дейді халқымыз. Сондықтан бірлігіміз бекем болсын!
"Бітер істің басына, Жақсы келер қасына" дегендей, осы қайырлы істі бастама етіп көтерген аудан кәсіпкерлеріне айтарым: "Егер де кімде-кім адамдарға қайырымдылықтың рахым, мейірбандықтың қақпасын ашса, Алла оның дәулетіне нұрын құяды"деп Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінде айтылғандай, Алла Тағала сіздердің дәулеттеріңізге өз нұрын құйсын!
"Бергенге береке бар, пиғылы түзу адамның бергенінің есесін Алла өзі толтырады"деп дана халқымыз текке айтпаған. Кәсіптеріңіз берекелі болсын.
Құрметті жерлестерім!
"Әр қиындықтың соңында жақсылығы болады"деген бабаларымыздың нақылын есте ұстап, қасиетті Рамазан айына аман жетіп, ауызашарда қуанышпен кездесуімізді Алла нәсіп етсін!
Күндеріміз шуақты,
қарттарымыз қуатты,жастарымыз аман болсын!
Құрметпен, Алтаева Дәмен Биханқызы
Мақат ауданының Құрметті азаматы
Сурет: ашық дереккөз