«Ізгілік атаулының бәрі күннің нұры мен ананың ақ сүтінен жаралған» - дейді, дана халқымыз. Әлемнің жарығын сыйлаған асыл аналарымыздың қадір-қасиетін жұмыр жердің бетінде қазақтан артық ұққан халық жоқ болар, сірә. «Ананың алақаны - балаға айдынды қоныс» деп білетін біздің ел арман атаулының шыңы болған жұмағының кілтін оның табанының астында екеніне де шүбәсіз иман келтірген.
Еліміз бойынша қыркүйек айының үшінші жексенбісінде – Аналар күні аталып өтеді. Атаулы күн ауданымызда да ескерусіз қалмады. Әсіресе, аудан орталығынан шалғайда жатқан елді мекендегі ақжаулықтылар үшін бұл ерекше күн болды. Арнайы қонақтық болмаса, бұл ауылдарға екі күннің бірінде кез келген жанның ат басын бұра бермейтіні анық. Мерейлі күні аудан әкімінің орынбасары Оксана Айкашева ауданның шалғай елді мекендері Ескене, Таскескен және Доссор мен Бәйгетөбе ауылдарында тұратын аналарды арнайы барып құттықтап, ыстық ықыласпен сый-сияпатын көрсетті.
Аналарға құрмет көрсету сапарында аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Жанат Жұмағалиева және «Аналар кеңесінің» төрайымы Күлпаш Әлішева да елді мекендерде қоныстанған аналардың ортасынан табылып, жылы лебіздерін білдірді.
Қажырлы жандарды қуантуға шыққан ұжым алдымен Доссор кентіне табан тіреп, әрі қарай Ескене елді мекеніне жетті. Стансы басына жиналған бір топ аналарымызға мерекелік құттықтау хаты табысталып, қазақтың қара домбырасымен әннен шашу шашылды.
Оксана Жаңбырбайқызы бастаған қонақтар дәл сол сәтте қызмет бабымен жұмыста тұрған анамызды да ұмыт қалдырмай, арнайы жұмыс орнынан құттықтады. Асыл жандарымыз арнайы құттықтап келген меймандарына аналық ақ алғыстарын білдірді. Ескен желге еркелеген жасыл желегімен есте қалған талы көп ескенеліктер құттықтаушыларды ақ жол тілеп, әрі қарай Таскескеннің қара жолына бағыттады.
Бүгінде Таскескенде түтінін түтетіп отырған үй саусақпен санарлықтай. Ат төбеліндей ағайын ауызбіршілігінен ажырамай жайма-шуақ тірлігін кешіп отыр. "Ауданнан адамдар келеді" дегелі кіреберіс тұсқа қарайлап аналарымыз екі көзін төрт қыла жолымызды тағатсыздана тосып отыр екен. Әскердегі баласымен қауышқандай қонағын қуана қарсы алған асыл аналарымыз әуелеген әсем әнге де қосылды. Қарбалас кезінен уақыт тауып, құттықтап келген басшылардың қадамына құт тілеген олар, әкімдіктегілерге ақ алғысын жолдады. Бұдан кейін басшылар Бәйгетөбеге беттеп, талай жыл теміржол саласында тер төккен әжеміздің шаңырағына келді. Халін сұрап келгенге балаша қуанатын қарияның да алғыстан басқа айтары болмады.
Ауданның өркендеуі жолында сүбелі үлестерін қосқан еңбек ардагерлері, бүгінде зейнет жасындағы аналар елдің амандығын тілеп, әлем халқына қауіп төндіріп отырған індеттен аман-есен шығуға ақ баталарын берді.
Құшақтары гүлге толып, көңілдерін бір серпілткен аудан басшылығының ықыласына алғысын білдірген аналар ауылдың мұң-мұқтажын жеткізуге де мүмкіндік тапқанына қуанды.
Пандемия кезінде де аудан әкімдігі еріктілердің көмегімен қайырымдылық шараларын ұйымдастырғанын халық қаперінен шығара қоймапты. Осылайша, атаулы күнде бір жасап қалған алтын құрсақты аналарымыз көтеріңкі көңіл сыйлаған қонақтарына дән риза болды.
А.САДЫКОВ
Суреттер автордан