Қойнауы құтқа толы, тоғыз жолдың торабы саналатын ауданымызда мұнай саласын дамытумен қатар, өңірдегі жергілікті халықтың тұрмыс сапасын арттыру мақсатында жұмыстар атқарып келе жатырған компаниялар аз емес. Соның бірі «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.» компаниясы.
Жалпы NCOC компаниясы демеушілік және қайырымдылық бағдарламасы аясында аудан халқына бес негізгі бағыт - денсаулық сақтау, білім беру, спорт, мәдениет және қайырымдылық салалары бойынша әлеуметтік қолдау көрсетіп келеді.
Айта кетейік, компанияның демеушілік және қайырымдылық бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылған жобалары Консорциумның корпоративтік және әлеуметтік міндеттемелері жүйесінің басты бөлігі болып табылады.
Аталған компания 2003 жылдан бері ауданындағы 17 инфрақұрылымдық жобаға, соның ішінде мектеп, балабақша, аурухана, инженерлік желілер мен тұрғын үйлер құрылысына 15,7 миллион доллар қаржы жұмсады.
Одан бөлек, NCOC компаниясы өңірдегі 240 жобаны қамтитын демеушілік және қайырымдылық жобаларына 4 миллион доллар бөлді.
Қазіргі уақытта компания 30 жылдан астам уақыт бойына операциялық қызметін Мақат ауданында жүргізіп жатқан Солтүстік Каспий жобасының операторы ретінде әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалар аясында өңірде 60 пәтерлік тұрғын үй құрылысын салу жұмыстарын жүргізуде.
Сонымен қатар, компания биыл «Шұғыла» демеушілік және қайырымдылық бағдарламасы аясында Доссор кентіндегі С.Шәріпов атындағы мектеп-интернатына Ескене, Таскескен темір жол стансалары және №441 разъезд секілді шалғай елді мекендерден қатынайтын оқушыларды тасымалдау мақсатында «Toyota Coaster» автобусын сыйға тартқан болатын.
Қашан да халық қамын алдыңғы кезекке қоятын «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.» компаниясы биылғы жылдың өзінде ауданның орталық ауруханасына бірқатар медициналық жабдықтар алып берді.
Жабдық ішінде көптеген сан алуан хирургиялық амалдарды орындауға мүмкіндік беретін шұғыл ота жасауға арналған үстелі, мониторлар, дефибриллятор, жаңа туған нәрестелерге арналған инкубаторлар, электрокардиографтар және т.б бар.
Одан өзге компания әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдау мақсатында 2024 жылы «Шұғыла СиБ» бағдарламасы аясында көптеген іс-шараларды атқаруда.
Соның бірі ауданындағы «Айналайын баладан» қоғамдық бірлестігіне көрсеткен көмегі. Айтап айтар болсақ, компания бірлестікті тұшпара және кондитерлік цехтарын ашу үшін құрал-жабдықтармен, соның ішінде газ пеші, қамыр араластырғыш, өнеркәсіптік араластырғыш және өзге де жабдықтармен қамтамасыз етті. Жобаны іске асыру нәтижесінде он адам жұмыспен қамтылды.
Сонымен қатар, оқушылардың жазғы демалысын тиімді өткізу мақсатында Солтүстік Каспий жобасының Операторы «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.» (NCOC) компаниясы көпбалалы және аз қамтылған отбасыларындан шыққан 250 баланы Ақтаудағы «Rixos Water World» демалыс кешеніне жазғы лагерге демалысқа жіберді. Лагерде білім беру тренингтері, спорттық ойындар, мәдени шаралар және ойын-сауық шоулары ұйымдастырылып, балалардың жазғы демалысының қызықты әрі тиімді өтуіне жағдай жасады.
Бұл турасында NCOC компаниясының өңірлік мемлекеттік органдармен, жұртшылықпен және бақылаушы органдармен байланыс жөніндегі бас менеджер Нұрмұхамед Қартабаев балалардың демалысының тиімді әрі сапалы өтуі үшін түрлі жобалар жүзеге асырылатынын жеткізді.
«Маңғыстау мен Атырау облыстарындағы аз қамтылған отбасылардың балалары үшін демалыс ұйымдастыру Консорциумымыз жергілікті халыққа қолдау көрсету бағытындағы қызметінде бұлжытпай ұстанып келе жатқан адалдық пен адамгершілік қағидаттарын іс жүзінде жүзеге асырудағы жарқын мысалы болып табылады. Осыған сәйкес компания балалардың демалысының сапалы өтуі үшін бірқатар жобаларды жүзеге асырмақ»,-дейді Н.Қартабаев.
Сонымен қатар, мұнайлы өлкенің 100 жылдық ғасыр тойының салтанатты дәрежеде өтуіне аталған «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.» компаниясы демеушілігі айтарлықтай зор болды.
Атап айтқанда Бәйгетөбеде ақшаңқай киіз үйлер тігіліп, ұлттық спорт түрлерінен ойындар ойнатылып, жеңімпаздарға қомақты сыйлықтар тарту етілді.
Сондай-ақ, ауданның мерейтойы құрметіне орталық алаңда мерекелік кеш ұйымдастырылды. Онда қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары мен жергілікті және облыстық өназпаздар өнер көрсетіп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Осы ретте компанияның мемлекеттік органдармен және қоғаммен байланыс бөлімінің менеджері Сұңқар Құлжанов ауданды ғасыр тойымен құттықтап, компанияның өңірде түрлі әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға демеушілік танытатынын жеткізді.
«Биылғы Мақат ауданының жүз жылдығымен тұспа-тұс келіп отырған қазақ мұнайының 125 жылдығымен құттықтаймыз. NCOC компаниясы Мақат ауданы бойынша әр түрлі әлеуметтік жобаларға да қатысып келе жатыр. Әрі қарай да компаниямыз дамуына, өркендеуіне үлес қосады деген сенімдеміз»,- деді бөлім менеджері.
Одан өзге компания ауданның 100 жылдығы аясында қазыналы қарттарымыздың сапалы медициналық көмек алып, денсаулығын жақсарту мақсатында «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Мақат аудандық филиалына 50 санаторийлік жолдама табыс етті.
Сонымен қатар NCOC компаниясы өзінің «Шұғыла» демеушілік және қайырымдылық (S&B) бағдарламасы аясында аудандағы спорттық бастамаларды қолдау бойынша белсенді жұмысты одан әрі жалғастыруда. Соның бірі, компания биылғы жылы спорт ұйымдарының материалдық-техникалық базасын жақсартуға бағытталған бірнеше елеулі жобаларды жүзеге асырды.
Айта кетейік, Компания 1998 жылдан бері демеушілік және қайырымдылық бағдарламасы шеңберінде құны шамамен 30 миллион АҚШ долларына тең 1500-ден астам жобаны орындады.
Ботакөз Асхатқызы