Медицина қызметкерлері күні қарсаңында аудандық мәдениет үйінде салтанатты іс-шара өтті.
Ақ халатты абзал жандарға арналған кеш шымылдығы дәрігерлердің жанкешті қызметіне арналған видеороликпен ашылды. Кейін сахна төріне көтерілген аудан әкімі Шәкір Кейкінұлы медицина қызметкерлеріне алғысын айтып, жылы лебізін білдірді. «Осынау ғажап мамандық әрқашан, әр қоғамда зор құрметке, сұранысқа ие. Ауырған жанды емдеу, өмірін сақтау – сіздердің қастерлі еңбектеріңіз. Бүгінде көпшілігіңіз пандемиямен күрестің алдыңғы шебінде жүрсіздер. Сіздердің күн-түні адам өмірі үшін күресіп, ұлт денсаулығына қосқан үлестеріңіз орасан. Қажырлы еңбектеріңіз жана берсін»,- деп сөз сөйлеген аудан басшысы жергілікті медицинаның дамуына зор үлес қосқаны үшін 10 медицина қызметкерін алғыс хатпен марапаттады.
Олардың қатарында анестезиолог дәрігер Ж.Рүстемов, хирург Г.Молдабеков, жалпы бөлім дәрігерлері Т.Қасымқожа және Ж.Күмісбаева, балалар дәрігері Б.Мұсағалиева, мейірбикелер Ж.Нармағанбетова және А.Қайнарбаева, акушер З.Карина, жұқпалы аурулар мейірбикесі А.Молдағалиева, орталық залалсыздандыру бөлімінің мейірбикесі Г.Уразова болды.
Марапатқа ие болғандар барша медицина саласы қызметкерлерінің басты мақсатының ортақтығын, азаматтардың дертіне шипа беріп, дер кезінде сапалы жәрдем көрсету екендіктерін бір ауыздан атап өтті.
Кеш одан әрі аудандық мәдениет үйі өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. К.Төлебаева мен Р.Әлиеваның «Абзал жандар» әнін орындау барысында барша ақ халаттыларға гүл шоқтары тарту етілді. «Бек-Бина» дуэті «Туған ел» және А.Елубаев «Қазақтай ел қайда» әндерін шырқады. Ұлт-аспаптар ансамблі «Дарабоз» шығармасын орындаса, «Шаттық» би тобы «Хорезм» биін мың бұрала биледі.
Бүгінде ауданымызда 45 дәрігер және 226 медбике дертіне дауа іздеп келген жандарға қол ұшын созып, қажырлы еңбек етуде. Ел басына күн туған пандемия уақытында да жергілікті медицина қызметкерлері жоғары жауапкершілікпен, кәсіби біліктілік көрсетіп, ерекше еңбек етіп келеді.
Адам денсаулығын қорғау арқылы дәрігерлер халықтың денсаулығы күзетінде тұрады, мемлекеттің күш-қуатын арттырып, тәуелсіздігіне үлес қосады. Демек, олардың мойнына жүктелген кәсіби міндеттің салмағы бір емес, бірнеше атанға жүк боларлықтай.
М.ІЗТҰРҒАНОВА
Суреттер автордікі