Алғыс арқалаған арулар

Алғыс арқалаған арулар
(0 Votes)

Алғыс – көптің құрметі мен ықыласына бөленетін ерекше сезім. Қазақта «қарғыс алма, алғыс ал» - деген аталы сөздің астында қаншама мән мен мағына жатыр... 

Өзге жанға көмек қолын созып, жан жылуын сыйлау адамға рухани әсер берері сөзсіз. Ауданымызда да халықтың игілігі мен ертеңін ойлап, ел ықыласы мен алғысына бөленіп жүрген белсенді жастар аз емес. Халықтың алғысын алып, жастарға заман талабына сай мобилография мен SMM мамандықтарын меңгертіп жүрген жандардың бірі – Айша Хайрлиева.

Ол бүгінгі заман талабына сай курстарды жастарға, жалпы халыққа үйретуде аянбай еңбек етіп келеді. Үнемі ізденіс пен жаңалыққа жаны құмар жан әрқашан өз білімін жетілдіріп қоймай, білгенін өзгелерге үйретіп, әлеуметтік желіні тиімді қолдану мақсатында бірнеше шаралар өткізіп үлгерген.

Аудан көлемінде «Әлеуметтік желі әдебі» тақырыбында шеберлік сағатын ұйымдастырып, тегін білім беріп, ел ықыласына бөленіп жүр. Бірақ, Айша Талғатқызының айтуы бойынша, тегін заттың кейде құны бола бермейді. Сондықтан нақты осы саланы таңдап, табыс көзіне айналдырғысы келетін жандарға бастан аяқ көмектесуде аянбайтынын жеткізді. Қазіргі таңда, аудан көлемінде осы сала бойынша бірнеше шәкірттері кәсіптің нәсібін көріп жүр. Адамның бір орында тоқтап қалмай, заман талабына сай қарыштап дамуы өзіне де, қоғамға да пайдалы екендігі сөзсіз! Айша Талғатқызының да бар тілегі – аудан жастарына титімдей болса да білім беріп, дамуына үлес қосу. Ауданымызда елдің алғысы мен батасын алып жүрген тағы бір жанның бірі – Жүзім Барлыбаева. Оңтүстіктің қызы Батысқа келін болған сәттен бастап, түрлі салаларда өз-өзін көрсетіп бақ сынаған. Кейін бала күтіміндегі демалыс кезінде әлеуметтік желіні белсенді түрде пайдалана бастаған. Тренттегі түрлі контенттер мен рилстар түсіріп, оқырман санын арттырған. Кейін мыңдаған адам тіркелген жеке парақшасын тек өзі үшін пайдаланбай, халыққа да көмегін тигізуге жұмыстанады. Мәселен, ауыр дертке шалдыққан жандарға қайырымдылық қорларын ашып, ақшалай қаржы жинауға бір кісідей атсалысып келеді. Халықтың пайдасына жарар бірнеше қайырымдылық акцияларына жарнама жасап, аудан халқының кәдесіне жарар шаралардың басы қасынан табылып жүр. Міне, ел алғысын алып, қолдан келген көмегін аямайтын жанашыр жандардың барлығы көңілді күпті етпей қоймайды.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, алғыс алу, көптің тілегін орындау әрбір адамның қолынан келер іс. Десе де, көптің ішінде халыққа пайдасын тигізіп, бір қолыммен бесікті, бір қолыммен әлемді тербеп, елдің ықыласына бөленіп жүрген азаматшаларымыздың бары көңілге қуаныш ұялатады.

Ж.ҚАМЗА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT