Бүгін аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында мемлекеттік қызметшілерге арналған “Әйел – ұлттың айнасы” атты апталық оқыту семинары өз жұмысын бастады.
Семинарға аудан әкімінің орынбасары Әсел Қаржауова төрағалық етіп, шараның негізгі мақсатына тоқталды. Ол өз сөзінде әйелдердің қоғамдағы рөлі мен олардың кәсіби дамуындағы маңызды қадамдарды атап өтіп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Семинарға Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Атырау облысы бойынша филиалының Білім беру бағдарламаларын іске асыру және ілгерілету кабинетінің меңгерушісі Назерке Аязбаева арнайы келіп, қатысушыларды семинар спикерлерімен таныстырды.
Семинардың алғашқы күні эмоциялық интеллект тақырыбына арналды. Бұл бағытта психолог, психология ғылымдарының магистрі, коуч ICU, «Әйел & Әлем» жобасының авторы Бұлбұл Мұсарилина тренинг жүргізіп, тыңдаушыларға мазмұнды әрі тәжірибелік бағыттағы ақпараттар ұсынды.
Айта кетейік, “Әйел – ұлттың айнасы” атты семинар алдағы бір апта көлемінде жалғасып, түрлі бағыттағы тақырыптарды қамтитын болады. Оқыту барысында қатысушылар кәсіби біліктіліктерін арттырып, тұлғалық дамуға бағытталған маңызды дағдыларды меңгереді.
Ж.Қамза
Суреттер автордікі