Елімізде маусым айының 23-і күні «Қазақстан Полициясы күні» мерекесі аталып өтіледі. Осынау мереке қарсаңында аудан тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында тынбай еңбек етіп, маңызды қызметті абыроймен арқалап жүрген аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бастығы Қанат Ізімов туралы әңгіме өрбітпекпіз.
Кейіпкеріміз 1992 жылы Қызылқоға ауданына қарасты Миялы ауылында дүниеге келген. Ел тыныштығын қорғауды бала кезден мақсат тұтқан ол Халел Досмұхамбедов атындағы Атырау мемлекеттік университетіне оқуға түседі. Жоғары оқу орнын заңгер мамандығы бойынша тәмамдап, алғаш еңбек жолын Атырау қаласы полиция басқармасының жол-патрульдік полиция батальонының инспекторы болып бастаған. Бүгінде аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бастығы, полиция капитаны лауазымында қызмет атқарады.
«Полиция қызметкері болу бала күнгі арманым. Жалпы полиция қызметі – жауапкершілігі мол, адам өмірі мен денсаулығына қатер төндіретін мамандық. Осы саланы таңдаған әрбір адам білуі қажет басты құндылық, ол - тәуекел. Себебі, сен жеке басыңды, отбасыңды емес, тұтас елдің тыныштығын қамтамасыз етесің, әрі жауапты боласың»,- дейді полиция капитаны.
Расымен қызығы мен қиындығы қатар жүретін салада ешқандай қателікке жол жоқ. Осы тұста ол полиция саласындағы жаны қалайтын ұнамды қызмет түрі - жедел қызмет бөлімі екенін атап өтті.
«Қызмет барысында түрлі жағдайлар орын алады. Ойланбастан шешім қабылдауға тура келетін кездер де кездеседі. Бұл мамандық сонысымен де қызықты. Полиция қызметінің ішінде өзіме ең ұнамды саласы жедел қызмет бөлімі. Алғаш жұмысқа келген сәттен бастап осы салада қызмет атқарамын. Жедел қызмет бөлімі орын алған заң бұзушылықты анықтау мақсатында алғашқылардың бірі болып көмек көрсетеді. Маған жедел қызмет бөлімінің қыр-сырын үйреткен полиция генераль-майоры Нұрхат Оразбаев болды. Ол кісіні өзіме үлгі тұтамын»,- дейді кейіпкеріміз.
Ауданда абыройлы қызмет атқаратын ол полиция қызметкерлері үшін халық сенімінің маңыздылығын айтып өтті.
«Полиция қызметкерінің алдында үлкен жауапкершілік пен міндет бар. Біз сол жауапкершілікті арқалап, нәтижелі жұмыс жасау үшін уақытпен санаспай, қызмет жасауға дайынбыз. Бүгінде аудан көлемінде Құқықтық тәртіп», «Қауіпсіз жол», «Абайлаңыз, балалар», «Түнгі қаладағы балалар», «Мигран», «Тоқта, трафик» жедел профилактикалық іс-шаралары өтіп жатыр. Іс-шара барысында жол қозғалысына қатысушыларға заң аясында қоғамдық және жол қауіпсіздіктерін қамтамасыз ету, кәмелетке толмағандармен құқық бұзушылықтың алдын алу, кәмелетке толмағандардың кешкілік уақытта ата-анасынсыз немесе заңды өкілісіз жүрмеуі, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу секілді бірқатар құқық бұзушылықтардың алдын алу және болдырмау мақсатында өткізіледі»-, дейді Қ.Ізімов.
Ар мен абыройды қатар алып жүрген салада кейіпкеріміз - аудан тұрғындарының алғысына бөлене білген білікті маман. Сөзіме дәлел, ол атқарған қызметі үшін «Жедел қызметтің 100 жылдығы», «Полиция қызметіне 30 жыл», «ІІО 10 жылдығы» төсбелгілерімен марапатталып, Полиция департаменті және Полиция бөлімі басшыларының алғыс хаттарының иегері атанған.
Иә, тәртіп пен тыныштықты сақтап, азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі полиция қызметкерлерінің жұмысын халық қашанда бағалайтыны анық. Сондықтан, ел үшін қызмет атқарып, оқ пен оттың ортасында жүрген жандардың еңбегі әрдайым да жоғары болмақ. Халық сенімінің айнасы бола білген Қанат Ізімовті кәсіби мерекесімен құттықтап, еңбекте табыс, абыройлы қызмет тіледік.
Бейбіт заманда ел тыныштығы мен қауіпсіздігін қорғап жүрген азаматтарымыздың елдік жолында атқарылар игі істері көп бола берсін демекпіз.
Ботакөз Асхатқызы