Күн-түн демей ел тыныштығы үшін кірпік қақпай қызмет ететін, антына адал, темірдей тәртіпті талап ететін полиция қызметкерлерінің қоғамда алатын орны ерекше. Үнемі ел тыныштығы мен бірлігі үшін жан аямай, кәсіби шеберлік танытатын полиция қызметкерлерінің бірі – Қуандық Мұрынов.
Тәртіп сақшысы болуды бала күнінен арман еткен кейіпкеріміз бүгінде өз мамандығының майталманы.
Қуандық Амандықұлы Атырау облысы Қызылқоға ауданы Жасқайрат ауылында дүниеге келген. Жасынан құқықтану пәніне жақын болған. Басқа балалар әдебиеттік кітаптар оқыса, мен заң мен баптар туралы жазылған кітаптарды жаныма серік еттім дейді. Мектепті аяқтаған соң Қуандық Мұрынов Отан алдындағы борышын өтеуге әскерге аттанады.
«Әскердегі небір қызықты да қиын күндер өтті. Әскердің темірдей тәртібіне үйренісу о баста оңай болмады. Десе де Отан алдындағы азаматтық борышымыз болғасын түрлі қиындықтарды жеңе білдік. Бір ротадағы жора-жолдастарымызбен қатарласа жүріп, бір үйдің баласындай болдық» – дейді кейіпкеріміз әскердегі күндерін еске ала отырып. Расында, әскери саланың тәртібі болашақ абыройлы мамандыққа бастар даңғыл жол болғандай. Сөйтіп, кейіпкеріміз Отан алдындағы борышын өтеп, аман-есен елге оралған соң, өзі арман еткен мамандыққа оқуға түсуді көздейді.
Ол Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласында орналасқан Қазақстанның инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетіне «құқықтану» мамандығына оқуға түседі.
Мемлекеттің басты байлығы –адам және оның бостандығы, ал оның құқығын қорғау - абыройлы міндет. Студенттік өмірдің шытырманға толы қызықты күндерін бастан кешіріп, арман еткен мамандықтың тізгінін ұстаған кейіпкеріміз оқуын тәмамдаған соң, алғашқы еңбек жолын киелі мұнайлы мекен Мақатта бастайды.
«Мамандық таңдау – жауапты іс. Ер адам үшін мамандық отбасын асыраудың көзі ғана емес, өмір бойы айырылмас жан жолдасы секілді. Полиция қызметкері болу да бір жағынан бала арман болса, бір жағынан абыройлы міндет.
Алғашқы еңбек жолымды аудандық полиция бөлімінде бастадым. Осы мамандықтың баспалдағын басқан сәттен бастап-ақ түрлі оқиғаларды бастан кешірдік. Заң аясында тәртіп бұзғандарды тәртіпке шақырып, бірлік пен бейбітшілікке шақыру арқама арқалаған халық аманаты секілді. Қазіргі таңда Мақат аудандық полиция бөлімінде кезекші бөлімінің жедел кезекші көмекшісі қызметін атқарудамын» – дейді Қуандық Мұрынов. Қазақстан Республикасы Ішкі істер органдарының жедел басқару орталықтары мен кезекші бөлімдерінің қызметін ұйымдастырып жүрген Қуандық Амандықұлы күнде әртүрлі жағдайға тап болатындығын жасырмады.
«Полиция қызметкерінің әрбір күні күтпеген оқиғаларға толы. Заң шеңберінен шығып кеткен азаматтар мен азаматшаларды тәртіпке шақыру, жол көлік оқиғалары, түрлі-түрлі оқиғалар бір күннің ішінде орын алып жатады. Оған полиция қызметкері ретінде дайын болуымыз керек. Физикалық, моральдық тұрғыдан кез-келген оқиғаға сақадай сай болу - біздің мамандықтың басты талабы», - дейді мамандығының майталманы.
Иә, адал еңбектің қашанда бағаланары сөзсіз. Қуандық Амандықұлы антына адал болып, ел тыныштығын сақтауға бір кісідей атсалысқаны үшін 2018 жылы «Мінсіз қызметіне 10 жыл» төсбелгісінің иегері атанған. Сонымен қатар, аудандық, облыстық полиция департаментінің алғыс хаттарымен де үздіксіз марапатталған.
Мамандығын мақтаныш еткен Қуандық Амандықұлы болашақ жастарды ойланбастан полиция қызметкері болуға шақырады.
«Адам өмірде екі нәрседен қателеспеуі керек. Бірі - өмірлік жары болса, бірі – мамандық таңдау. Мен екеуінен де қателеспедім. Мұнайлы өлкенің қызын жар етіп, бүгінде атқамінер тәрбиелеп отырмын» - дейді кейіпкеріміз.
«Тәртіпке бағынған құл болмайды» деп Бауыржан Момышұлы айтқандай, тәртібі қатал сала өкілдерінің арқалаған жүгі ауыр. Отбасының қамын ғана емес, отанның қамын ойлап, адал қызмет ету - олардың басты парызы. Отан алдында қызмет етуді абыройлы міндет санайтын Қуандық Амандықұлы құқық қорғау саласында еңбек етіп жүрген өзге де әріптестерін кәсіби мерекемен құттықтап, қызметте табыс пен абырой тілейді. Қызметіне адал, жұмыс барысында міндетін жетік орындап, қоғам үшін тынбай еңбек етіп жүрген полиция қызметкерінің абыройы арта берсін!
Ж.Қамза