Доссорлық Берниязовтар отбасы 8 наурыз күні қос мерекені атап өтеді. Бұл күні әулеттің ақжаулықты анасы 95 жасқа толды. 1926 жылы дүниеге келген Еркеш Жексенғалиқызы 15 жасынан еңбекке араласқан. Нәубет жылдардың тауқыметін тартқан әже өткен ғасырдағы ашаршылықты, қуғын-сүргінді көзімен көріп, соғыс жылдарын басынан өткерген жан. Ол балалық шағында көрген қиындықтарды әлі ұмытқан жоқпын дейді.
“Шоңқай қаздық. Шоңқай дейтінді сендер білмейсіңдер. Шөптің тамыры ол. Сол шоңқайды қазамыз, оның сыртындағысын тазалаймыз. Қазанға топырақ салып, жағып сосын аламыз да қуырамыз, түйеміз, терменіміз болды, термендейміз жақсылап. Сүйткен күндеріміз болды”,- деді әжей.
Екі ғасыр куәсі соғыс жылдарында тылдағы ауыр еңбекке жегіледі. Қажыр-қайраты берік ол соғысқа аттанған ер азаматтардың орнын басып, егін суарған. Өзінің айтуынша, түйе арбамен колхоздан сол кездегі Гурьев, қазіргі Атырау қаласына дейін он төрт күн жол жүріп май тасыған. Одан бөлек жүн түтіп, шұлық, жейде тоқып, майданға жіберген. Дегенмен бір өкініштісі әжейдің тылда еңбек еткенін дәлелдейтін құжаттары рәсімделмей қалған.
“Соғыс уақытында жұмыс жасадым. Колхозда жасадым ол күнде. Мотарист болдым. Егінге су жібердім. Колхозшыларға тамақ жоқ ол күнде, соғыс уақыты ғой. Он пұттан, он бес пұттан егін алып, жақсы атаққа ие болдым”,-деді Еркеш әже.
Ал Еркеш әжейдің өмірлік жары Мансарай Берниязов «Кеңес-Фин» және Ұлы Отан соғысына қатысқан жауынгер. Соғыс жылдарынан кейін отау құрған екеу мұнай кәсіпшілігінде бірі техник, бірі май өлшеуші болып еңбек етеді. Дүниеге әкелген төрт перзентінің үшеуі өздерінің жолын жалғаған мұнайшы болса, ал шаңырақтағы жалғыз қыз кітапханашы мамандығын таңдаған.
Ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән беретін қазыналы қарттың келіндеріне берген тәлімі де зор. Бүгінде өздері де әже атанған келіндері әлі күнге дейін анамыздың ақылына жүгінеміз дейді.
“Үш келінге бірдей қарады, өзінің қызындай қылып. Негізі мамам менің алтын деп айтуға болады. Барлық немерелерін бауырына басып, бөлген жоқ. Бәрімізге бір көзбен қарады. Жаманымызды жасырып, жақсылығымызды асырып өзінің ақыл-кеңесін беріп отырды. Осы кісіден үлгі алдық”,- деді келіні Қансұлу Сағынғалиева.
Балаларының қуанышты жүзінен қуат алатын әже арасында ән де салады. Қазір кейуана егде жасына қарамастан өзін сергек сезінеді. Көзі ашық, көкірегі ояу. Елдегі жаңалықтарға елең етіп, немерелеріне газет, ертегі оқып береді. Ұрпағынан 14 немере-жиен, 24 шөбере сүйіп отырған Еркеш әже оларға ақ батасын беріп, ақылын айтудан жалыққан емес.
Мөлдір Ізтұрғанова
Суреттер автордан