Қазақ-фин қатынасы: жаңа кезеңге бастаған саяси серпін

Қазақ-фин қатынасы: жаңа кезеңге бастаған саяси серпін
Коллаж: Kazinform / Freepik
(0 Votes)

АСТАНА. KAZINFORM – Финляндия Қазақстанды Орталық Азиядағы сенімді серіктесі ретінде көреді. Бұл саяси ұстаным кейінгі жылдары экономикалық өсімге ұласып, мемлекетаралық жобалардың жүзеге асуына түрткі болып отыр. Әсіресе кәсіпкерлер Орта дәліздің әлеуетін пайдалану арқылы екіжақты сауда үлесін арттыруға ынталы.

28-29 қазанда өтетін Финляндия президенті Александр Стуббтың ресми сапарында ортақ келісімдер жасала ма? Фин инвесторлары үшін қай сала тартымды болуы мүмкін? Kazinform-ның аналитикалық шолушысы сарапшылармен бірге сауалға жауап іздеді.

Саяси байланыс сатысы

Финляндия мен Қазақстан арасындағы дипломатиялық қатынас 1992 жылы орнады. Содан бері екі ел арасындағы ынтымақтастық экономика, экология, білім беру салаларында жүйелі дамып келеді. Геосаяси артықшылық та өзара тиімді ұсыныстарды ілгерілетіп үлгерген. Финляндия біз үшін Еуропалық Одақтың белсенді мүшесі ретінде кәрі құрлыққа жол ашса, Қазақстан Орталық Азиядағы ең ірі экономика санатында шикізат пен сауда жолының балама бағытын ұсынып отыр.

Дегенмен дипломатиялық қатынас кейінгі онжылдықта ғана нығая түсті. Себебі қос елді ғасырлар бойы түрлі саяси блоктар бөліп келгенін білеміз. Ұзақ уақыт екі бөлек әскери, саяси одақ батыстағы ұлтқа бауыр басуға мұрша бермеді. Кеңес үкіметі құлағанан кейін де ортақ байланыс оңала қоймай, тек 2010 жылдан бастап жаңа кезеңге аяқ басқан: сол жылы Финляндияның Қазақстандағы Елшілігі ашылды; 2012 жылы Қазақстан достас елде Елшілігін құрды.

Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары Дәурен Әбеннің сөзінше, Қазақстан үшін геосаяси санат жоқ, біз барлық сыртқы саяси әріптестерге тең дәрежеде қараймыз. Жақтаушы немесе қарсылас деген ұғым да болған емес. Сондықтан Финляндиямен қатынасты жандандыруға еш кедергі болмауы керек.

– Финляндия жалпыға ортақ әл-ауқатты қоғам құра алған ел. Азаматтары ең бақытты халықтың қатарына кіреді, қоғамдық институттары жақсы дамыған. Кәсіподақтары белсенді, сыбайлас-жемқорлықпен күресі нәтижелі. Біздің саяси бағдарымыз үшін бұл елдің тәжірибесі тым өзекті, – деді ол.

Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, бұған дейін Финляндия президенттері Қазақстанға 5 мәрте табан тіреген екен. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Финляндия билігімен 4 рет кездесу ұйымдастырыпты. Қос елдің Үкіметінің экологиялық саясат, жаңартылатын энергия көздері, цифрландыру және адам капиталын дамыту бағытында бастамасы көп. Мысалы, биыл «Жасыл технологиялар және энергия тиімділігі» жөнінде меморандумға қол қойды, білім беру саласында Финляндияның «KiVa» бағдарламасы қазақстандық мектептерде енгізіліп жатыр.

Бизнес бағыты: тау-кен, энергетика,су стратегиясы

Соңғы жылдары Финляндия инвесторларының Қазақстан экономикасына деген қызығушылығы айтарлықтай артқан. Бұған тікелей шетелдік инвестициялар көлемінің өсу қарқыны дәлел: 2023 жылы – 22,7 млн АҚШ доллары, 2024 жылы – 41,8 млн, 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында – 24,2 млн АҚШ долларына жетті. Осылайша, 2024 жылы Финляндиядан Қазақстанға тартылған инвестиция көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда 84,2%-ға өскен болатын.

Өсім фин бизнес өкілдерінің қазақстандық нарыққа деген нақты қызығуышылығын көрсетеді. Сайда саны, құмда ізі қалмайтын жүз жобаның бірі емес, әрбірінің нәтижесі бар. Мәселен, 2025 жылдың қаңтар-тамыз аралығында екіжақты алыс-беріс 89,5 млн АҚШ долларына жетсе, соның 84,4 млн АҚШ доллары импорттың үлесінде. Достас ел ауыл шаруашылығы техникалары, дәрі-дәрмек, жеңіл автокөлік, бағдарламалық қамтамасыз ету, экологиялық жабдықтар әкелуді үдеткен.

Қазір Қазақстанда «Nokia», «Orion Pharma», «Tikkurila», «Metso», «Kone», «Lamor», «Peikko» сияқты фин капиталы бар 70 компания тіркелген. Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия, сондай-ақ энергетика, көлік, ауыл шаруашылығы және білім беру саласындағы жұмыс топтары қызмет етеді. Энергетика саласында – Wärtsilä, кен байыту саласында – Outotec, экология бағытында – Vaisala тиімді қадам жасап отыр.

Әлемдік экономика және саясат институтының бас сарапшысы Лидия Пархомчиктің айтуынша, Финляндия бизнес секторының пайдалы қазбаларды өндіру және энергетикалық жобаларға қызығушылығы мол.

– Еуропаның аса маңызды және сирек кездесетін металдарға деген сұранысын ескерсек, кәсіпкерлер пайдалы қазбалар саласына енуге мүдделі. Оның үстіне бұл бағытта Қазақстанның технологиясы орнықты және шикізат өндіру секторына арналған финдік компаниялармен бұрынан тәжірибе алмасып келеді. Еліміз үшін жаңартылатын энергия көздері мен энергияны сақтауға арналған Еуропа технологиясын қолға түсіру стратегиялық тұрғыда аса маңызды, – деді сарапшы.

Айта кету керек, энергия тиімділігін арттыратын технологияларды қазақ-фин кәсіпкерлері ортақ пайдаланып келеді. Есте болса, фин корпорациясы – Wartzilla Маңғыстаудағы гибридті электр стансасына жел паркі мен күн генерациясын газ қозғалтқыштарымен біріктіретін жабдық жеткізуді міндетке алған.

Аталған бағытта Финляндияға жүгінудің себебі көп. Олар қазір «жасыл» технологиялар мен циркулярлық экономиканың жаһандық көшбасшысы саналады. Бұл тәжірибе Қазақстан үшін аса өзекті, себебі ел 2060 жылға қарай көміртек бейтараптығына жетуді мақсат тұтып отыр.

Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары Дәурен Әбен пікірінше, қос тараптың бизнестегі бағыты цифрландыру мен су ресурстарын басқаруды қалыс қалдырмауы мүмкін.

– Қазақстан трансшекаралық өзендерге тәуелді, ондағы су ресурстары алаңдатып отыр. Осы тұрғыдан Финляндияның суперкомпьютерлері экологиялық мәселені шешуге көп көмегін тигізеді деп ойлаймын. Жоғары технологиялар, суперкомпьютерлердің көмегімен экологиялық жағдайға және су ресурстарына мониторинг жүргізуді кең қолданатын кез келді. Президенттің жасанды интеллектіні белсенді енгізуге бағытталған саясаты аталған межені жақындата түсері сөзсіз, – деді ол.

Лидия Пархомчик жасанды интеллектіні су ресурстарын пайдалануға қолдану агро секторға айтарлықтай пайда әкеледі деп отыр. Тіпті тауар айналымындағы қазақстандық экспорттың басым денін ауыл шаруашылығы секторы құрайтын халге жетуге болады.

– Бұл жерде Қазақстан үшін ауыл шаруашылығы секторының тиімділігі мен өнімділігін жақсартуға фин технологиясы қажет. Суды тазарту, қайта өңдеу, қалдықтар мен экотехнологиялар салаларын жетілдіру үшін де фин компанияларынан аларымыз көп, – деп атап өтті маман.

Орта дәліз орамы

Қазақстанның экономикалық әлеуетін Орта дәлізсіз елестету мүмкін емес. Осы орайда Фин басшылығы үшін де Қытайдан келетін жүкті Орта Азия арқылы жеткізу тиімді. Сарапшы Лидия Пархомчиктің ойынша, Финляндия президенті Александр Стубб Астанада бұл тақырыпты атаусыз қалдырмайды. Себебі Финляндия Солтүстік Еуропаға бағытталған дәліздің бір тармағын құру үшін бірнеше жылдан бері жұмыс жүргізуде. Қазақстан арқылы транзитпен Қытай, Финляндия және Еуропа бағыты бойынша контейнерлік тасымалды дамыту үшін ресурсын аямауға әзір.

– Орта дәлізді дамытуға Norman Logistics Service логистикалық операторы белсенді қатысуда. Тараптар Қытай мен Финляндия арасындағы тұрақты бірлескен контейнерлік сервисті іске қосуды жоспарлап отыр. Айта кету керек, 2022 жылдың наурыз айында Алтынкөл-Қорғас ірі шекаралық теміржол торабында пилоттық режимде контейнерлік пойыз жөнелтілді. Ал өткен жылы Қазақстан мен Финляндияның логистикалық операторлары меморандумға қол қойып, еліміз арқылы Қытай-Финляндия арасында контейнерлік сервисті дамытуға уағдаласты. Қазақстандық GTG Express компаниясының фин логистикалық операторларымен бірлескен жобалары да жетерлік, – деп тарқатты сарапшы.

Қазақстан санкция қыспағынан қалай шығады?

Бүгінде қос мемлекеттің алдында экономикалық міндет бар, ол – тауар айналымын ұлғайту. Кем дегенде 2000 жылдардағы көрсеткішті кейін қайтаруға талпынары белгілі. Сол тұста екіжақты сауда көрсеткіш шамамен 800 миллион долларға жеткен еді.

Экономикалық зерттеулер институты Сауда және инвестициялық саясатты дамыту орталығының сарапшысы Меруерт Манапованың пікірінше, бұрынғы көрсеткішке қайта жету үшін біршама кедергіні еңсеру керек. Алдымен саяси келеңсіздіктен айналып өту маңызды.

– Тауар айналымының төмендеуіне екі елдің әртүрлі саяси-экономикалық блоктарға мүше болуы да кедергі келтіруде. Финляндия − Еуропалық Одақ мүшесі, ал Қазақстан Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) кіреді. Бұл, әрине, сауда стандарттары мен техникалық реттеу жүйелерінің айырмашылығын тудырып, логистикалық және кедендік тосқауылдар қалыптастыруда.

Сонымен қатар, сауда айналымының төмендеуіне әлемдік экономикалық баяулау, шикізат бағасының құбылуы және көлік-логистикалық бағыттардың өзгеруі әсер етті. Еуропа нарығына экспорттауда санкциялық шектеулер мен геосаяси факторларды айтпай кетуге болмас, – деді спикер.

ҚСЗИ директорының орынбасары Дәурен Әбен геосаяси шешімдердің сауда балансын ушықтырып отырғанына алаңдаулы. Айтуынша, Финляндия да, Қазақстан да Ресеймен шекаралас болғандықтан санкциядан айналып өтуі қиын.

– Біз жанжал аймағында тұрамыз. Санкциялық шектеулер еркін саудаға қолбайлау болып отыр. Ол аздай, Еуропалық одақ Ресейге қарсы 19 санкция пакетін енгізген. Осының бәрі, өзара қарым-қатынасқа әсер етпей қоймайды. Қос президент осы санкцияларды бұзбай, сонымен бірге сауда-экономикалық іс-қимылды белсенді жүргізудің жолын талқылайды деп ойлаймын. Сондай-ақ тараптар фин инвестициясы экономиканың қандай саласы келетінін шешетін сыңайлы, – деді Дәурен Әбен.

Экономикалық зерттеулер институтының Әлемдік экономиканы зерттеу орталығының жетекші сарапшысыАида Жармұхамедованың сөзіне сүйенсек, Александр Стуббтың сапары институционалдық өлшемге ие. Маңыздысы, президенттер келіссөзінде көпқырлы шешім қабылдануы ықтимал.

– Финляндия мемлекеттік басқару, білім беру және инновациялар салаларында құнды әріптесімізге айналды. Олар ЭЫДҰ стандарттарын енгізуде тәжірибелі елге айналған. Транспаренттілік, инклюзивтілік бағытындағы фин моделі әлемге танымал. Қазақстанға осы бағыттарда практикалық шешімдерді үйренуіне жол ашылады, – деді Аида Жармұхамедова.

Қазақ-фин қатынасы прагматикалық сипатта дамып келеді. Болашақта екі ел жасыл экономика, цифрлық даму, көлік-логистика бағдарын ілгерілетуге бейіл. Мұның барлығы қос тарап үшін экономикалық әртараптандырудың негізгі жолына айналмақ.

 

 

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

AQPARATPRINT