АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандағы электр энергиясын беру желілерін тексеру жүйесіне өзгеріс енгізіледі. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары — Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді.
- Электр энергетикасын дамыту мен цифрландыру энергияны өндіру, бөлу және тұтыну тиімділігін арттырады. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Жасанды интеллект министрлігі Энергетика министрлігімен бірлесе Цифрлық трансформация картасын бекітті. Ол Smart Grid, цифрлық егіздер, мониторинг жүйелері және жасанды интеллектіге негізделген болжау технологияларын енгізу кезеңдерін айқындайды. Энергетика саласында қосалқы түрлерімен бірге 43 мемлекеттік қызмет көрсетіледі, олардың 99 пайызы онлайн форматта жүзеге асырылады. 2027 жылға қарай нысандардың 50 пайызы цифрлық мониторингпен қамтылып, саланың негізгі процестері автоматтандырылатын болады. Ескі рәсімдердің заманауи технологиялармен алмастырылуы - реинжинирингтің бір мысалы. Жаңа шешімдер адами факторды азайтып, дәлдік пен қауіпсіздікті арттырады, - деді Ж. Мәдиев.
Оның айтуынша, қазіргі кезде электр беру желілерін тексеру жоғары сападағы бейнекамералармен және арнайы құралдармен жабдықталған дрондар арқылы жүзеге асырылады. Олар сымдардың шамадан тыс қызуын, оқшаулануын және тіректердің зақымдануын анықтайды. Жиналған деректер жасанды интеллектісі бар дефектоскопия жүйесімен өңделеді, ол ақауларды 98 пайыз дәлдікпен танып отырады.
- Бұл қызметкерлер үшін тәуекелдерді азайтады, апаттар санын және энергия шығынын төмендетеді. Жоба пилоттық режимде іске асырылуда, ал 2027 жылға қарай оны ел аумағы бойынша жаппай енгізу жоспарланған. Поцестерге реинжиниринг жүргізудің тағы бір мысалы — жылу энергетикасындағы диагностика процестерін цифрландыру. Бұрынғы шешімдер қолма-қол қабылданатын, бұл уақыт пен шығындардың артуына әкеліп соғады. Цифрлық трансформация аясында көптеген датчиктері бар құбырларды диагностикалау бойынша роботтандырылған кешен енгізіліп жатыр. Робот құбырлардың ішінде қозғалып, желінің үш өлшемді (3D) моделін жасайды және ақау болуы мүмкін тәуекелді учаскелерді анықтайды. Бұл өз кезегінде жөндеу жұмыстарын дәл жоспарлауға мүмкіндік береді. Қазір бұл шешім Шымкент қаласында пилоттық режимде сынақтан өтіп жатыр, содан кейін жылу желілерін кең ауқымда реинжинирингтеу басталады. Мұндай тәсіл шығындарды азайтады, жөндеу жұмыстарын жылдамдатады және жүйелердің сенімділігін арттырады, - деді министр.
Бұдан бұрын хабарланғандай, «KEGOC» АҚ Басқарма төрағасы Нәби Айтжанов Бірыңғай электр энергетикалық жүйесі аясында іске асырылып жатқан жобаларға түсінік берді.


