Жұмысшы мәртебесі асқақ

Жұмысшы мәртебесі асқақ
(0 Votes)

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық опти­мизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында алдағы 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Адам баласы өмірде үш нәрседен қателеспеуі керек болса, соның бірі - мамандық таңдау. Бүгінде өндірістің түрлі салаларында біліктілігі жоғары жұмысшыларға сұраныс көбейіп келеді. Қоғамның қай сатысында болмасын, жұмысшы мамандықтардың арқасында ел экономи­касы дамып, еңбек өнімділігін арттыру бойынша мемлекеттік маңызды тапсырмалар орындалып келеді.

СҰРАНЫСҚА ИЕ МАМАНДЫҚ

Жұмысшы мамандықтар күнделікті өмірдегі ең қажетті сала десек артық емес. Тұрмыстық техникадан бастап, техникалық құрылғылардың өзін жұмысшы мамандық иелері басқарып, іске қосады. Олар – біліммен де, білектің күшімен де еліміздің мемлекет бо­лып қалыптасуына атсалысқан жандар. Бір ғана құрылысшы мен дәнекерлеуші болмаса, үй де, ғимарат та тұрғыза алмайсыз. Бірақ қоғамда олардың жұмысы ең қажетті болғанына қарамастан, соңғы жылдары бұл мамандықтарды құнсыздандырып алдық. Кез келген білікті құрылысшының өзі еңбегі үшін базарда жүргендей сауда­ласып, дәнекерлеушілер тұрақты жұмыс таппай қиналып жүр. Бұл саланың мамандарын бағаламасақ, болашақта елде тек шетелден келген иммигранттарға тәуелді боларымыз анық. Кейбір жастарымыз тіпті 9- сыныпты бітіре сала кәсіптік білім беретін тегін колледждерге тапсыр­майтын болды. Президент Жолдау­ында осы саланың мәртебесін көтеру мәселесі де қозғалды.

«Мен 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жа­риялаймын. Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Сондай- ақ біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз. Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы ке­рек. Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді.

Бір сөзбен айтқанда біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді. Жұмыстың жама­ны жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі», -деді өз Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

БІР САЛАДА ҒАСЫРҒА ЖУЫҚ ТАРИХЫ БАР ӘУЛЕТ

Расында өз жұмысын жетік меңгерген, бір салаға қалтқысыз қызмет етіп, елдің дамуына, халықтың күні-түні жарықпен қамтылуына қызмет еткен жандар әр ауылда бары сөзсіз. Солардың бірі – Махамбет ауылының тұрғыны, еңбек ардагері, зейнеткер Михаил Чука­лин. Саналы ғұмырында «Атырау- Жарық» АҚ-ның Махамбет аудандық электр жүйесінде еңбек еткен қарт бүгінде сол бейнеттің зейнетін көріп отыр. Сонау 1964 жылы кәсіптік- техникалық училищесін электр монтері мамандығымен аяқтаған ол еңбек жолын осы «Атырау-Жарық» мекемесінен бастап, кейіннен бас ин­женер болып тағайындалады. 2010- 2017 жылдары Махамбет ауданы учаскесінің аға шебері лауазымына көтеріледі. Заманның талабына сай тәртіп пен техниканы тез меңгеріп алатын Михаил Константиновичті әріптестері де «жаңашыл рациона­лизатор» ретінде таниды. Қай кезде болмасын жұмысына сақадай-сай жүретін аға шебердің қос ұлы да осы саланы таңдаған. «Әке көрген оқ жонар» демекші ұлдарын қасына ерте жүріп, техниканың қыр-сырын меңгерткен ағамыздың әулетінде үш бірдей жұмысшы мамандық иесі бар.

Үлкен ұлы Алексей Чукалин «Атырау-Жарық» АҚ-ның Махамбет АЭЖ-де 1999 жылдан бері еңбек етіп келеді. Аталмыш мекеменің шұғыл қосу жөніндегі монтері қызметіндегі оның еңбек жолына да биыл 25 жыл толмақ. Осы отбасының тағы бір ұлы Михаил Михайлович 1994 жыл­дан бері Атырау энергожүйесінде әуе желілерін жөндейтін электр монтері болып, жұмыс жасайды. Отыз жылдай бір салада, бір мекеме­де халқына адал қызмет көрсеткен ол Қазақстан Республикасы Энер­гетика министрлігінің Құрмет гра­мотасымен марапатталған. Чука­линдер отбасының келіні Наташа да «Атырау-Жарық» мекемесінде әкімшілік-шаруашылық бөлімнің өндірістік орынжайларын тазала­умен айналысады. Жалпы тарихы терең бұл әулеттің осы саладағы еңбек өтілі 98 жылды құрайды екен.

Бір ғана Махамбет ауылында бір үйден төрт адам бір салада еңбек етіп, туған ауылдың дамуына үлесін қосуда. Михаил Констановичтың қандай еңбекқор, таза, адал, өз ісінің кәсіби шебері екенін тұрғылықты халық жақсы біледі. Ол да өз ұлдарын заңгер, қаржыгер сын­ды басқа мамандықтарға емес, халықты жарықпен қамтамасыз ететін энергетика саласына жетеле­ген адам. Өзінің осы табандылығы мен тәрбиесінің арқасында қоғамда бұл мамандықтарға сұраныс ба­рын дәлелдеп келеді. Бүгінде көп сұранысқа ие бұл салада білім алып жатқан жастар болғанымен, жұмыс жасап жүргендер аз.

«ҚҰРМЕТТІ АТАҚ» ЕНДІ КІМГЕ БЕРІЛЕДІ?

Президент айтқандай: «Халқымыз- да «Жұмыстың көзін тапқан бай- лықтың өзін табады» деген сөз бар. Кәсібіне адал әрі жауапкершілікпен қараған адам қашанда лайықты бағасын алады. Бұл түсінікті қоғам санасына сіңіру қажет. Азаматтарға құрметті атақ берудегі түпкі мақсатымыз да осы. Бұған дейін мұғалімдерге, дәрігерлерге және мәдениет қайраткерлеріне осындай атақтар беріле бастады. Бұл – өте жақсы бастама, оның аясын кеңейту керек.

Біз түрлі саладағы мамандарға, қатардағы жұмысшыларға құрмет көрсетуіміз қажет. Бәсекеге қабілетті экономикасы бар озық ел боламыз десек, ең алдымен адал еңбекті бағалаған абзал. Сондықтан инженерлерге, геологтарға, кен орнын игеруші мамандарға, ауыл шаруашылығы, көлік және су саласының қызметкерлеріне, ғалымдар мен өнертапқыштарға берілетін құрметті атақтар мемлекеттік марапаттар санатына қосылады.

Еңбегінің мемлекеттік деңгейде бағалануы барша кәсіп иесіне ерек­ше шабыт береді, еңбек адамның абырой-беделін көтереді».

Бір салаға мүлтіксіз қызмет етіп, зейнеткерлікке жеткен Чукалин Михаилға берілген марапаттар саны да жетерлік. «Ардагер энерге­тик» төсбелгісінен бастап, «Еңбегі сіңген энергетик» атағы да зейнет­керге лайықты түрде берілген. Мем­лекет басшысының Жолдаудағы тапсырмасына сәйкес енді адал еңбек еткен жұмысшы мамандық иелеріне басқалармен тең дәрежеде «құрметті атақ» беру мәселесі де қаралатын болады. Олардың техникалық жұмыс барысында түрлі қауіп-қатерге қарамастан осындай қиын, қауіпті, бірақ қоғамға қажетті саладағы еңбегі елеусіз қалмайды. Мұғалім мен дәрігердің мәртебесін көтерген үкімет енді қарапайым жұмысшыларға да ден қоя бастады. Осы тұста Чукалиндер сынды бір саланы меңгеріп, ұрпақтан-ұрпаққа мұра етіп келе жатқан жұмысшылар династиясының мемлекет үшін мәртебесі биік болмақ.

Келесі жылғы «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында елімізде біраз жоба қолға алынып, елдің көңілінен шығатын игілікті істер атқарылады деп сенеміз. Әсіресе, кәсіптік-техникалық колледждердегі дуалды оқытуды қаржыландырса, біраз дүние алға басар еді.

Ашық дереккөздердің ақпаратына сүйенсек, биылдың өзінде 135 мың қазақстандық шетелде жұмыс істеп жатыр. Дамыған мемлекет­терде ауыл шаруашылығы, су, балық шаруашылықтарында еңбек ететін қарапайым жұмысшылардың жалақысы әлдеқайда жоғары. Осыған сәйкес бұл салалардың сұранысы басым. Жат жерде даяршы, бала күтуші, терімші болып жүрген қаракөздеріміз бүгінгі қоғамға тап­шы қарапайым мамандықтарды тегін меңгеріп алса, елге де, өзіне де пайдалы болмас па еді? Бірақ, мәселенің түйткілі қолайлы еңбек шарты мен жалақыда екені әмбеге аян. Сондықтан Президент Жол­дауында атап өткендей, қарапайым еңбек адамдарының мәртебесі ар­тып, шетелде жүрген мыңдаған қазақстандыққа өз елінен жұмыс та­батынына сенгіміз келеді.

А.САТАЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT