Той саласында алдыңғы қатарда қызмет етіп, әлеуметтік желі арқылы той иесінің қызығын көпшілікпен бөлісіп отыратын "Мырза" студиясының иесі Асылбек Өтегенұлы "кредитіміз болмағасын карантиннің көп қиыншылығын көре қойған жоқпыз" деп езу тартады.
Қызықты сәтімізді ертеңгі күнге естелік етіп қалдырудың хас шеберлері: "Бізді карантин ережесін сақтап аз ғана адаммен өткізілген жиындардың өзі де шақыра беретіндіктен, шүкір, жұмысымыз жүріп тұр. Бір жағы фотосалон болғандықтан тойға тікелей тәуелді емеспіз. Құжатқа сурет, түйіндеме т.б секілді фотосалон қызметтерін жүргізе береміз. Онлайн да жұмыс жасадық. Әйтеуір кірістің ретін табудамыз", -дейді.
Бір аппаратының өзі миллион теңгеге жуықтайтын кәсіби фотографтар құрылғыларын қарызға емес оған дейінгі жиналған ақшасына алған екен. Қарамағында 6 биші, 1 әнші, 3 оператор, 2 баннерші, 2 от-шашушы, 2 фотографты қамтып отырған "Мырза" студиясы бұл күндердің де артта қалатынына нық сенімді.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сөзіне сенсек өкпемізді қысып қана қоймай қара қазандай қылған коронавирус екі жылға жетпей ауыздықталады-мыс. "Шықпа жаным шықпа" деп шығынға батып отырған өзге де тойхана иелерінің бүгінгісі жоғарыда айтқанымыздай. Олар осындай биік белестерге шығардың алдында да түрлі кезеңдерден өткен болар. "Ковид" келтірген кеселдің көбі кетіп азы қалды деп үміттенейік. Сақтығымыз неғұрлым күшті болса, соғұрлым өткен күндерге тезірек ораларымыз күмәнсыз.
А.САДЫКОВ