Өзбекстан еліндегі референдум учаскесінде атыраулық журналист Динара Жоламанқызы да дауыс беріп, өз таңдауын жасады.
“ATAMEKEN Business” республикалық телеарнасының Өзбекстандағы меншікті тілшісі болып еңбек етіп жатқан атыраулық Динара Жоламанқызы еліміздегі маңызды саяси науқанға қатысты. Ол өзі еңбек етіп жатқан шетелден ақпарат таратып қана қоймай, азаматтық парызын да орындап үлгерді.
-Бұл сәт маған үлкен жауапкершілік пен мақтаныш сезімін сыйлады. Себебі, менің дауысым елдің саяси, әлеуметтік немесе экономикалық болашағына әсер етуі мүмкін екенін сезіндім, — дейді Динара Жоламанқызы.
Қазақстанның Өзбекстандағы Елшілігіндегі №399 референдум учаскесіне дауыс берушілердің белсенділігі жоғары. Өйткені, бұл шет мемлекеттердегі ең ірі учаскелердің бірі болып саналады. Аталған учаскедегі дауыс берушілер тізімінде Өзбекстанда тұрақты тұратын және уақытша жүрген 600 Қазақстан азаматы бар.
№399 референдум учаскесінің төрағасы Жаслан Искаковтан білгеніміздей, мұнда Ташкенттегі санаторийлерде ем алып жатқандарға таңдау жасауы үшін дауыс беру жәшіктерін жеткізетін топтар жасақталған. Олардың қатарында бір топ атыраулық та бар көрінеді.
Сондай-ақ, аталған учаскеге Ташкенттегі жоғары оқу орындарында оқитын студенттер, Өзбекстанда уақытша жұмыс істейтін және тұратын отандастарымыз, қазақстандық туристер мен іссапарда жүрген азаматтар келе алады.
Айбөпе САБЫРОВА