Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты Ұлттық құрылтайдың ІІІ отырысында сөйлеген сөзінде: «Жеңістің 80 жылдығына орай зерттеулер тың қарқынмен жалғасады деп сенемін. Сұрапыл соғыс кезіндегі аға буынның өшпес ерлігі мен ерен еңбегін ұрпақ жадында жаңғырту өте маңызды. Мемлекет бұл бағыттағы жұмысты жалғастыра береді» деген болатын. Президенттің осы сөзін басшылыққа алған мен Жеңістің 80 жылдығы аясында ауданымыздың төл перзенті, соғыс ардагері Найзағали Айтжановтың жауынгерлік жолы жайлы жазғанды жөн көрдім.
Ол 1915 жылы 1 қаңтарда қазіргі Жылой өңірінде қарапайым отбасында дүниеге келген. 1941 жылдың қаңтар айында сол кездегі Жылой аудандық әскери комиссариатына шақырылып, Отанын қорғау үшін әскерге аттанады.
Майдангердің жауынгерлік жолына тоқталсақ, ол 334-атқыштар дивизиясының 1122-атқыштар полкі, 13-ші қосалқы атқыштар бригадасы құрамында алғашқы әскери дайындықтан өтті. Алғаш ұрысқа кіргеннен соғыс аяқталғанша снайперлік винтовкасымен талай фашистің көзін құртқан мерген атанды. Ол құрамында болған 334-ші атқыштар дивизиясы – Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі Кеңес Одағының маңызды әскери бөлімшелерінің бірі. Оның жауынгерлері Мәскеу түбіндегі ауыр шайқастан бастап, Кенигсбергті алуға дейінгі көптеген операцияларға қатысып, ерлік пен батырлықтың үлгісін көрсетті.
Атап айтсақ, алғашқы ұрыс алаңы 1941 жылдың желтоқсан айында Осташковтан басталды. Осташков - Мәскеу бағытында екі майданның түйіскен жерінде орналасқан маңызды операциялық нүкте. Одан кейін майдангердің жауынгерлік жолы Нелидово жерінде жалғасты. Вермахт үшін Нелидово вокзалы стратегиялық маңызды көлік торабы болды. Онда жау шабуылының алғашқы күндерінен бастап басқыншыларға белсенді тойтарыс берген партизан отряды құрылған-ды. Партизандар 334-атқыштар дивизиясының жауынгерлерімен бірге қаланы азат ету үшін шайқасты. Нелидово жерінде 8500-ден астам кеңес жауынгері қаза тапты. Осыдан-ақ мұндағы майданның қаншалықты қанқұйлы болғанын аңғару қиын емес. Әрі қарай майдангер атамыз Торопец, Жарковский, Велиж, Сураж жерлерін жаудан азат етіп, 1944 жылы Витебск маңына жетеді. Жауынгер Торопец-Холм операциясы, Смоленск үшін шайқас, Духовщина-Демидов, "Багратион" операциясы, Балтық, Рига, Висла-Одер операциясына қатысып, 1945 жылдың сәуірінде Кенигсбергті алу кезінде көрсеткен ерлігі үшін ІІ дәрежелі «Суворов» орденімен марапатталды. Ал дивизиясы "Қызыл Ту" орденімен наградталды.
Найзағали Айтжанұлының майданда құрылған арнайы әскери бөлімдердің біріндегі 28-жеке шаңғышылар бригадасында болғанын да айта кеткен жөн. Олар көбіне Солтүстік-Батыс, Ленинград, Калинин майдандарында, яғни орманды-қарлы аймақтарда соғысқан. 28-жеке шаңғышылар бригадасы 1942 жылы құрылып, әсіресе қысқы кезеңде белсенді шайқастарға қатысып, жылдам қозғалу, шабуыл жасау үшін пайдаланылды.
Ардагер соғысты Кенисбергте аяқтады. Жоғарыдағы орденнен басқа «Ерлігі үшін», «Кенигсбергті алғаны үшін», «1941-1945 ж.ж. Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медалі және Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің мерекелік медальдарымен марапатталды. Соғыста екі рет қолынан жарақат алған. Бірақ майдан даласына қайта оралып, жаумен шайқасты жалғастырған.
Туған жерге 1945 жылдың қараша айында оралады. Бейбіт заманда ардагер өңірдің дамуына үлес қосып, өндірісте еңбек етті. Алғашында Қаратон, Сарықамыстағы тракторшылар паркінде механик болып ұзақ жыл жұмыс жасап, зейнеткерлікке қалды. Зейнетке шыққасын Боранқұл ауылына қоныс аударған. Жары Ұштап Байбақтиева екеуі Жансұлу, Зейнеп, Зеріп, Сұлтанғали, Марат есімді ұл-қыз тәрбиелеп өсірген. Және мені бала кезімнен бауырына басып, әкемдей болып тәрбиеледі. Майдангер 1993 жылдың 20 ақпанында еліміздің егемендік алғанын көзімен көріп, дүниеден өтті.
Жоғарыда Мемлекет басшысы айтқандай, сұрапыл соғыс кезіндегі мерген Найзағали Айтжановтың өшпес ерлігі мен ерен еңбегін ұрпақ жадында жаңғырту өте маңызды. Ендеше, оның есімін ел есінде мәңгі қалдыру мақсатында тиісті шаралар қолға алынса, әділетті болады деп есептейміз.
Қали Кершубаев