Елі мен жерін жаудан қорғап, от пен оқтың ортасында жүріп, өмір мен өлім белдескен шақта жанын шүберекке түйіп, қасық қаны қалғанша күрескен, қайталанбас ерліктің үлгісін көрсеткен майдангерлердің сапында менің атам Қайреден Жұрымбайұлы Әбілқайыров та бар еді.
1925 жылы Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауданына қарасты Жәнібек ауылында дүниеге келген оның 1931-1933 жылдардағы аштық кезінде әкесі Жұрымбай да, анасы Әмина да опат болады. Ағалары және жалғыз қарындасымен бірге балалар үйінде тәрбиеленеді. 1941 жылы екі ағасы Қайыр мен Тайыр соғысқа аттанғанда жеті сыныптық білімі бар өзі он жеті жасында Саратов қаласындағы әскери даярлық бөліміне жіберіледі. Осында шабуылдаушы-ұшқыштар курсын тәмамдап, саулығына байланысты жаяу әскерлердің барлау қызметіне алынады. Атамыз орыс, неміс тілдерін жақсы білгендіктен Германия жеріндегі ұрыс қимылдарына жіберілген. Берлинде алдыңғы шепте соғысады. Снаряд жарылғанда ауыр жарақат алып, госпитальде емделеді. Майдандағы ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен, «Ерлігі үшін», «Берлинді алғаны үшін» медальдарымен марапатталды.
Соғыс аяқталғанмен әскери қызметін Германияда жалғастырған ол 1950 жылы майдан шебінде бірге болған қандыкөйлек досы Иван (ұлты орыс) екеуі Гурьевке, сол жолдасының үйіне келеді. Бетон зауытында бетоншы-арматуршы болып еңбек етті.
Өмірлік жарын да Гурьевтен кездестірген. Құрсай ауылында тұратын Мұхамбетқали қарт пен Ұлбосын әжейдің жалғыз қызы Сұлумен шаңырақ көтереді. Нағашы атамыз Мұхамбетқали көрік ұстап, темірден түйін түйген ұста, шебер болыпты. Атамыз сол кісіден тәлім алған, темірден түрлі тұрмыстық бұйым жасаған. Дүниеге келген бес перзентінің үлкені Бәтима сәби шағында шетінеп кетеді. Бүгінде ұлдары Жолдас (менің әкем), Жалғас, Сәрсенбай өмірден озған, қызы Орынша Құлсары қаласында тұрады. Құдайға шүкір, олардан өрбіген, ізін жалғастырар ұрпақтары бар.
Атамыздың бейбіт кезеңдегі ерлікке пара-пар еңбегі де елеусіз қалған жоқ. Соның куәсіндей, өңірінде «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске – 25 жыл», «Еңбектегі айбыны үшін», «Еңбек ардагері» медальдары мен «Социалистік жарыстың жеңімпазы» төсбелгісі кеудесінде жарқырап тұрушы еді.
Айтпақшы, ағалары майдан даласынан оралмаған атамыз соңынан ерген қарындасынан да көз жазып, хабар-ошарсыз қалады. Сонда да болса үмітін үзбей, оны іздестіріп, жан-жаққа хат жазып, хабар салады. Сөйтіп жүргенде бір күні қолына «Қазақстан әйелдері» журналы тиеді. Онда бауырының Атырау облысы, Махамбет ауданы, Сарытоғай ауылында тұратынын, тұрмыс құрғанын, оның да ағасына іздеу салып жатқанын біліп, енді табыспақ ниетте жүргенде кенеттен көз жұмады.
Биыл Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске – 80 жыл. Осыған орай, бізге бейбіт күн мен тыныш заманды, алаңсыз өмірді сыйлаған соғыс сарбаздарының сапында болған, кеудесін оққа тосып, Отан үшін от кешкен батырлардың бірі – менің майдангер атам Қайреден Әбілқайыровтың есімін елінің есінде қалдыру мақсатында ұрпақтары оның аты өзі тұрған Атырау қаласына қарасты Құрсай ауылындағы көшелердің біріне берілгенін жөн көреміз.
Күнсәуле ӘБДІҒАЛИЕВА, еңбек ардагері:
– Мен Құрсай ауылына келін болып түскенде Қайрекең бізге қарама-қарсы үйде тұрды, көрші болдық. Ол кісінің соғысқа қатысқанын сол кезде білдім. Айтуынша, кезінде ел басына төнген аштық зұлматында әке-шешеден айырылып, бір түнде жетім қалған. Балалар үйінде тәрбиеленіп, қайғыдан қан жұтып жүргенде Ұлы Отан соғысы басталып, бауырларын, кейін өзін майданға әкеткен. Ағалары соғыста қаза тауып, артында қалған жалғыз қарындасын соғыс аяқталғанда балалар үйіне іздеп барғанымен, таба алмаған көрінеді. Гурьевте еңбек ете жүріп, болашақ жұбайын жолықтырған. Сұлу екеуі төрт баланы тәрбиелеп өсірді. Бұл күнде шүкір, жапырағы жайылып, ұрпақтары жетілген. Артында қалғандарға ата үлгісін биікте ұстап, абырой-даңққа бөленіңдер деп үлкендік батамды беремін. Және ауыл көшелерінің біріне ол кісінің атын беру жөніндегі ұрпақтарының ұсынысын қолдаймын.
Нұрсұлу БЕРСІНҒАЛИЕВА, көршісі:
– Біз Қайреден көкемізбен Құрсай ауылындағы Еркінқала көшесінде іргелес тұрдық. Ол кезде бала едік. Мен оның кенже ұлы Сәрсенбаймен бір класта оқыдым. Үй ішімізбен араласып тұрдық. Үлкендерден естуші едік, ел басына күн туған заманда 18 бен 60-тың арасындағылардың бәрі Отанын қорғау үшін майданға аттанған. Солардың қатарында осы Қайрекең де болған.
«Қырық күн қырғын болса да ажалы келмеген өлмейді» деген. Қиян-кескі ұрыста ауыр жараланып, госпитальде емделген, кейін елге оралғасын еңбекке араласқан. Күні кешеге дейін үйлерінің төрінде ол кісінің сұрапыл жылдарда алған орден-медальдары, бейбіт еңбекке қосқан үлесі үшін берілген төсбелгілері ілулі тұратын.
Міне, осындай батырмен көрші тұрып, сыйлас, дәмдес болғанымызға өзімізді бақытты санаймыз. «Орнында бар оңалар» дегендей, ұрпақтарының аталарын ұлықтап, көшеге есімін беру жөніндегі бастамасын бәріміз де қостаймыз.
Ержан ЖОЛДАСҰЛЫ,
майдангердің немересі