Бүгін, 6 қарашада облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды Атырау облысының өңірлік коммуникациялар қызметі.
Аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетов азаматтық қоғамды қалыптастыру және үкіметтік емес ұйымдарды дамытуға жағдай жасау мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты екенін баса айтты.
– Биыл Тәуелсіздігімізге 30 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде Қазақстан өркендеген, дамушы елге айналды.
Тәуелсіздік жылдарында азаматтық сектордың дамуына үкіметтік емес ұйымдардың қосқан үлесі зор. Бүгінгі таңда үшінші сектор бірқатар әлеуметтік мәселелерді шешуге ықпал етуде, қоғамдық өмірге белсене араласуда. Сонымен қатар, мемлекеттік органдармен тығыз байланыста.
Өңірімізде үкіметтік емес ұйымдарды қолдау мен дамытуға бағытталған шаралар мақсатты түрде жүргізілуде, деп атап өтті облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов.
Жиын барысында облыстағы үкіметтік емес ұйымдардың, этномәдени бірлестіктердің жетекшілері ұсыныс, пікірлерімен бөлісті.
«Жайық-Каспий Орхус орталығы» корпоративтік қорының жетекшісі Шынар Ізтілеуова жергілікті атқарушы органдардың қоғамдық ұйымдармен бірлесе отырып, ауқымды жұмыстар атқарып жатқанын атап өтті.
Дегенмен, денсаулық сақтау, инклюзивті білім беру және медициналық сақтандыруға қатысты
кей мәселелерді шешуде қосымша қаражат бөлуді қажет ететін бірқатар мәселелер бар.
Шара барысында үкіметтік емес ұйымдардың белсенді өкілдеріне облыс әкімінің Алғыс хаттары табыс етілді.