Адам бойындағы барлық асыл қасиеттер күннің нұрынан және ананың ақ сүтінен дариды. Ана - ұлы адам, қасиетті жан. Ол бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді деген. Әрбір жұмыр басты пенде бұл өмірге келгені үшін анасына қарыздар. Сондықтан мына жарық дүниеге әкелген ана алдында бәріміз басымызды иеміз.
Көп балалы аналардың дәрежесін көтеру мақсатында, қарашаның 5-і күні аудандық мәдениет үйінде аудан әкімі Шәкір Кейкин 1 «Алтын алқа» және 18 «Күміс алқа» иегерлерін марапаттады.
Аналардың мойнына алқаларын ілмес бұрын Шәкір Кейкінұлы: «Өмірге сәби әкелетін сіздердің еңбектеріңіз өлшеусіз. Азаматтардан кем еңбек етпей ауданымыздың экономикасы мен әлеуетін дамытуға өз үлестерін қосып, қолтаңбасын қалдырып жүрген көпбалалы аналарымыз бар. Мекеме, өндірісте ғана емес шаңырақта алатын орындарыңыз да маңызды. Сіздей жандардың арқасында ауданымыздың демографиясы алға жылжи береді деген сенімдемін. Бүгін «күміс алқаға» ие болып жатырған аналарға келесіде «алтын алқа» тағуды нәсіп етсін, - деп құттықтау сөз сөйледі.
-Күміс алқалылардың арасында бүгін жалғыз өзім «алтын алқаға» ие болып жатырмын. Артымнан ерген сіңлілеріме көп балалы болудан қашпауға кеңес беремін, - деді Доссорлық ана Нұргүл Ғұмарова.
Шара соңы мерекелік концертке ұласып, ұлт аспаптары ансамблі Құрманғазының «Серпер» және Дәулеткерейдің «Көроғлы» күйлерін шертсе, К.Төлебаева мен Р.Әлиева халық әні «Ой, бұраң белді» шырқады.
Шаттық би тобы «Құстар» биін билеп, Тұран триосы «Анаға сағыныш», «Сенің анаң алтын» әндерімен марапаттау кешін аяқтады.
А.Есжан
Cуреттер автордан