БИЫЛҒЫ ЖЫЛДЫ «ЖҰМЫСШЫ МАМАНДЫҚТАР ЖЫЛЫ» ДЕП ЖАРИЯЛАҒАН ПРЕЗИДЕНТІМІЗ: «ЖҰМЫСТЫҢ КӨЗІН ТАПҚАН БАЙЛЫҚТЫҢ ӨЗІН ТАБАДЫ» ДЕГЕН СӨЗ БАРЫН МЫСАЛҒА КЕЛТІРГЕН БОЛАТЫН. ЖҰМЫСТЫҢ ЖАМАНЫ ЖОҚ. АДАМҒА КӨРІК БЕРЕТІН – ЕҢБЕК. МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫНЫҢ АЙТУЫ ОРЫНДЫ. БАҚЫТ ТА, БАЙЛЫҚ ТА, БЕДЕЛ ДЕ СОНЫМЕН КЕЛЕДІ. МИЛЛИАРДЕРЛЕР ДЕ ЖАС ШАҒЫНДА ҚАРАПАЙЫМ ЖҰМЫСШЫ БОЛҒАН, ГАЗЕТ, СУСЫН САТЫП, КУРЬЕР БОЛЫП, ЖАҚСЫ ӨМІР СҮРУ ҮШІН СОҒАН САЙ ТЕР ТӨГУ КЕРЕКТІГІН ҰҚҚАН. БІР-ЕКІ МЫСАЛ КЕЛТІРЕЙІК.
Бүгінгі таңда 52 жастағы «Amazon» интернет- компаниясының негізін қалаушы және басшысы Джефф Безостың байлығы 67,1 миллиард долларды құрайды. 16 жасында, жазғы демалыс кезінде Джефф Безос «McDonalds-ке» жұмысшы болып орналасқан. Кейінірек, үлкен байлық жинаған кәсіпкер сұхбатында сол кездегі тәжірибесі туралы айтудан тартынбады. «Жаңадан бастаушы ретінде кетчупты еденге төгіп алып, сөз естіп оны жуып тазалайтынмын. Күніне бірнеше жүз жұмыртқа аршу тапсырылатын. Сонда алатыным – шамалы ақша. Алайда мен оны үнемдеп, аздаған қор жинап алуды мақсат тұттым. Себебі, жұмыстан шығып қалсам ол керек болады деп ойладым. Ондай жағдайда кімнен көмек сұраймын? Қазір менің досым көп, ол кезде тақыр кедей маған кім жоласын? Киімнен, тамақтан, қызық қуудан өзімді шектейтінмін. «Оның бәрінің уақыты алда», деп сол күнге жетуді мақсат еттім. Жұмысыма жауапкершілікпен қарауды үйрендім. Өмір деген сіздің мектепте оқығаныңыздан өзгеше. Жас екен деп маңдайыңыздан сипай бермейді.
«McDonalds- те» жұмысшы болып, жинаған тәжірибемнің кейін пайдасын көрдім» дейді миллиардер. Ресейлік «Тинкофф банктің» негізін қалаушы және 5 млрд. доллар байлықтың иегері Олег Тинков Ленинск-Кузнецкий қаласында дүниеге келген. Болашақ кәсіпкердің балалық шағы казарма типтес үйде өтті. Иін ағашты иығына салып, жағадан екі шелекпен су таситын. «Ержеткен соң қарапайым жұмысшы болдым. Макарон фабрикасына жұмысқа орналастым. Фабрика неге екенін білмеймін, макарон емес, минералды су шығаратын. 12 бөтелке суға арналған жәшіктер үнемі құлап, біз оларды жөндеп, қалпына келтіретінбіз. Таңертең жұмысқа келгеннен кешке дейін тыным көрмейтінбіз. Бұл жұмысым үшін маған 50 рубль төлейтін. Кейін қандай жұмыстан да тартынбайтын болдым» деп еске алады кәсіпкер. Жұмыс жасай жүріп, қаржы жинап, оны айналысқа салып, бүгінгі дәрежеге жеткен. Мұндай миллиардерлер аз емес. Томас Корли атты америкалық бес жыл бойы бай адамдардың әдеттерін, ойлауын және басқа да «ерекшеліктерін» зерттеген. Нәтижесінде ол байлықтың сәттілікке қатысы аз, іс жүзінде еңбекке және жақсы әдеттерге байланысты деген қорытындыға келді. Корлидың айтуынша, байлардың – 81 %-ы, кедейлердің 9 %-ы бір күнге арналған істердің тізімін жасайды. Жұмысқа 3 немесе одан да көп сағат қалғанда байлардың – 44 %, кедейлердің 3 %-ы оянады. Көлікпен саяхаттау кезінде байлардың-63%-ы, кедейлердің -5%-ы аудиокітаптарды тыңдайды. Байлардың – 88%-ы, кедейлердің 2 %-ы күнделікті жарты сағат немесе одан да көп уақыт кітап оқиды. Балаға байлардың – 74%, кедейлердің 1%-ы жас шағынан оны байытатын әдеттерді үйретеді. Шіріген бай болса да байлардың – 70%, кедейлердің 3%-ы балаларын еңбекке баулу үшін 10 сағатқа дейін еріктілер ретінде жұмыс жасатады. Сонымен қатар, балаларын айына екі немесе одан да көп кітап оқуға шақыратындардың ішінде байлар – 63 %, кедейлер – 3 %. Өз мақсаттарын қағазға немесе электронды түрде жазатын байлар – 67%, кедейлер – 17%.
Алдына нақты мақсаттар қойып, бар күш-жігерін соған шоғырландыратын байлар – 80 %, кедейлер – 12 %. Үнемі білімін жетілдіретін, жан-жақты болуға мән беретіндер қатарында байлар – 86, кедейлер – 5 пайыз. Қазақстанда да жұмысшы болып еңбек жолын бастап, үлкен дәреже мен беделге ие болған адамдар бар. Ең бастысы, халқымыз: «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деп айтқанын жастар естен шығармаса дейміз.
Қанат ҒҰМАРОВ