Электрокөліктердің көбеюі энергия тапшылығын тудыруы мүмкін бе?

Электрокөліктердің көбеюі энергия тапшылығын тудыруы мүмкін бе?
(0 Votes)

Қазақстанда соңғы кезде электромобильдер саны артып келеді. Мәселен, өткен жылдың өзінде олардың саны 13 есеге өскен екен. Бұл да алдағы уақытта электр энергиясына деген сұарнысты арттыратын факторлардың бірі болуы мүмкін. Ендеше, АЭС салу мәселесі дер кезінде көтеріліп отырған бастама, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі. 

Бірақ бұл жерде көптеген жүргізушілерді бір сұрақ мазалайды: Қазақстанның сақылдаған сары аязына бұл көліктер қалай шыдайды? Біз бұл сауалды сала мамандары мен сарапшыларға қойып көрген едік.

«За рулем» журналының бас редакторы Алексей Алексеев заманауи көліктердің қандай ауа райына да төтеп бере алатынын айтады. 

«Электромобильдер кез келген климаттық жағдайға да төзімді келеді. Мен мұны ауадан алып айтып тұрғаным жоқ. Бұған көптеген зерттеулер мен сынақтар, сондай-ақ, көлік иелерінің пікірлері дәлел бола алады. Иә, елімізде қыс қатты. Бірақ, боранды күні істен шығып жатқан электрокөліктер тіркеле қоймады. Қарапайым бір мысалды келтірейін, Скандинавиялық елдердің бәрі осы электромобильдерге жаппай көшіп жатыр. Не үшін деп ойлайсыз? Ойланатын сұрақ. Сол секілді, Норвегияда да солай. Онда тұрғындар қарапайым көліктерді сатып алуға құлықсыз, одан гөрі электрокөлік сатып алғанды құп көреді. Ал, ол жақта қыс қытымыр, әрі ұзаққа созылатынын бәрі біледі. Қалай десек те, электромобильдер – болашақтың көліктері, мұны мойындамасқа болмайды» дейді сарапшы.  

    Алексейдің айтуынша, электрокөліктердің қуат көзі жазғы мезгілде 500 шақырымға жетсе, қыста сәл азайып, бұл көрсеткіш 300-ге төмендейді. Алайда, соңғы шығып жатқан батареялардың қуаты әлдеқайда жоғары. Сондықтан бұл да қазір ешқандай қиындық тудырмайды екен.

  «Ғаламторды ашып қалсаңыз, электромобильдердің қысқы мезгілге қаншалықты қолайлы екенін дәлелдейтін түрлі мысалдарды таба аласыз. Айталық, елу шақты электрокөлікті Моңғолияға апарып, қыстың қаһарлы аязына қоя берген болатын. Сол кезде көліктің көп бөлігі сынақтан сүрінбей өткен. Рас, кейде көліктегі есік тұтқасы қатты салқында мұз боп қатып қалуы мүмкін. Немесе мультимедиялық бағдарламалар іске кешігіп қосылса, таң қалмаңыз. Аккумулятор да кібіртіктеп қалуы ғажап емес. Әйтсе де, мұның бәрі тек бірлі-екілі жағдай ғана. Оның бәрі қалыпқа келетін дүниелер» дейді Алексеев. 

Бұл жерде заманауи көліктердің тағы бір артықшылығын айтпай кетуге болмас. Бұл – олардың тез қызып, жылынуы. Электромобиль бірінші секундта-ақ ішке ыстық ауа айдай бастайды. Кәдімгі көліктердегідей салонның жылынғанын күтіп отырудың қажеті жоқ. 

«Сайып келгенде, астаналық жүргізушілер электрокөліктермен барынша дос болуы керек деп ойлаймын. Өйткені, олар өте ыңғайлы және пайдалы. Себебі, көлікті сәндік үшін айдамайды ғой, ол жай ғана қозғалыс құралы. Осыны ұмытпаған жөн. Тек ең басты мәселе – оны қуаттайтын орынның болуы. Себебі, қарапайым көлікке жанармай құю небәрі он минут қана уақыт алатын болса, электрокөліктерді қуаттау одан да ұзақ уақытқа созылады» деп түйіндеді ол. 

Бүгінде жай көліктерді электромобильдер алмастырып жатыр. Олардың қатары артпаса, азаяр емес. Әрине, бұл – қазіргі заман талабы. Десек те, кей мамандар бұл көліктер қатаң климаттық жағдайға қауқарсыз келетінін де айтудан кенде емес. Осы орайда, біз сол заманауи көлік иелерінің өздерін сөзге тартып көрдік.
Біз тілдекен су жаңа «Tesla Y» электрокөлігінің иесі Евгений Борисов бұл көліктің қуат шығыны едәуір көп екенін жасырмайды. Мәселен, минус 25 градус салқындықта көліктің қуат жұмсау шығыны үш есе көбейеді екен. Ал, 80 пайыз қуат тек екі күнге ғана жетеді. Онда да, күніне 50-60 шақырым жүргенде ғана. Ал, жазда ол көлігін бес-алты күнде бір рет қана қуаттайды екен.

«Жазғы мезгілде бір шақырымға 140-160 ватт қуат кетеді. Ал, қыста 350-ге дейін барады. Қоғамдық орындардағы қуаттау нысандарында 1 КВт қуат 45-90 теңге аралығында сатылады. Tesla үшін Талант кешенінің жанында тегін стансалар бар. Ал, жалпы, көлік іші жылы және қолайлы. Қыста батеряны көліктің өзі жылытады. Қосымша шығындарға келсем, 50 мың шақырым жүрген соң электромотордағы қозғалтқыштың майын ауыстыруға тура келеді. Одан басқа айтарлықтай шығындар жоқ» дейді Евгений бізбен әңгімесінде.

Көлік иесі, елімізде қуаттау мәселесі өкінішке орай әлі де шешіле қоймағанын айтып қынжылыс білдіреді.

«Электрокөліктерді қуаттайтын орындарды көбейту керек. Бұл үлкен мәселеге айналмауы тиіс. Әйтпесе, халықтың бұл көліктерге деген қызығушылығы басылып қалуы әбден мүмкін. Қуаттау нысандары жүргізушінің жұмыс орнында немесе паркингте болса, тіпті жақсы болар еді. Себебі, көлік иесі көп уақытын сол жерде өткізеді ғой. Егер аталған проблема өз шешімін тапса, тұрғындар жаппай осы көлікке көшеді деп толық сеніммен айта аламын. Өйткені, электрокөліктерге қазір тең келер басқалай бәсекелес жоқ» дейді Борисов. 

Қуат көзі демекші, Астана мен Алматыда елуден астам электроқуат стансасы бар екен. Ал, Павлодарда былтыр бесеу, Қостанайда екеу және Ақтауда біреуі тіркелген. Тағы бірі Астана-Щучинск автожолында орналасқан. Барлығы елімізде осындай жүзден аса нысан есептеледі. Соның 102-сі «Оператор ЭЗС» компаняилар желісіне тиесілі екен. Қалғаны «eDrive.kz» (82 станса), «Qasqir.kz» (27 станса), «Kusto Group» (25 станса) еншісінде.

  Бұдан бөлек, «ҚазАвтоЖол» мекемесі де халықаралық және республикалық маңызы бар автокөлік жолдарында электроқуат стансаларын көбейту үшін жеке инвесторларды да тартуға әрекеттеніп жатқанын айтпай кетуге болмайды. Айталық, Астана-Щучинск және Астана-Теміртау автожолдарында осындай бес станса салуды бір компания қолға алып жатыр екен. Бұл туралы Көлік министрлігі Автокөлік жолдары комитетінің баспасөз қызметі мәлім етті.

2023 жылы электромобильдерге арналған инфрақұрылымды жүргізу үшін арнайы жол картасы жасақталды. Сол бойынша 2029 жылға қарай барлық ірі қалалар қажетті нысандармен қамтамасыз етілетін болады. Көптеген маңызды меморуандумдарға қол да қойылған. Қалғаны енді уақыттың еншісінде. 

Желіде электромобильдерге қатысты түрлі әңгімелер айтылып жатады. Бірі суыққа төзімсіз, тек оңтүстік өңірлердің ауа райына арналған десе, екіншісі қарапайым көліктен гөрі он есе қолайлы екенін айтуда. Ендеше, кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс? Біз мұны сарапшы мамандардан біліп көрдік.
Ұлттық санақ бюросының мәліметіне сүйенсек, былтырғы қарашадағы көрсеткіш бойынша Қазақстанда 6 мыңнан астам электромобиль тіркелген екен. Бұл оның алдындағы жылмен салыстырғанда 10,4 есеге көп. Жыл сайын мұндай көліктердің саны бірнеше мыңға артып жатыр. 

Автокөлік нарығының мониторинг және талдау агенттігінің директоры Артур Мискарянның пікірінше, бұл көліктер жазда қалай қолайлы болса, қыста да солай.

«Мен көптеген көлік түрін тізгіндеген жүргізушімін. Олардың арасында кореялық та, американдық та, қытайлық та, еуропалық та брендтер болды. Бірақ, бұлардың бәрін тек жылы мезгілде ғана айдаған едім. Ал, жақында Астанада бір қыс өткізіп, электромобильге отырған едім. Нәтижесінде, олардың қуат көзі анағұрлым мықты екенін байқадым. Қысқы уақытта қуат көзі әйтеуір толық бір күнге еркін жететінін аңғардым. Әрине, бұл керемет көрсеткіш емес. Бірақ, бастысы қыста бұл көлікті емін-еркін айдауға болады деген сөз» дейді ол. 

Тағы бір атап кетер жайт, электромобильдер салқын мезгілде жылдам қызады. 

«Жанармаймен жүретін көліктің іші толықтай жылыну үшін кемінде жарты сағат уақыт керек болады. Ал, электрокөліктің іші он минут ішінде жылынып шыға келеді. Бұл қысқы мезгілде өте ыңғайлы. Әрине, бұл қуат көзінің шығындалуына әкеліп соғуы мүмкін. Бірақ, бұл ретте, жылдан-жылға қуатты батареялардың шығып жатқанын да ұмытпау керек. Сөзімді түйіндей келе, Қазақстанда электрокөлік айдау өте қолайлы және қауіпсіз деп айта аламын. Сондықтан жүргізушілерді желідегі неше түрлі әңгімелердің бәріне сене бермеуге шақырамын» дейді Артур. Сондай-ақ, мамандар қандай көлікті болмасын көлікжай ішіне қойып тұру қажеттігін алға тартады. Соңғы кезде көліктер тұрғын үйлердің алдында қаз-қатар тізіліп тұратын тенденция қалыптасқанға ұқсайды. Бұдан көліктің сапасына да зиян келеді, әрі табиғи тосын жағдайларда әбден бүлінуі де мүмкін. Сол сияқты, электрокөліктердің де көшеде тұруы дұрыс емес. Бұл өз кезегінде олардың  қуат көзінің азаюына да алып келуі мүмкін. Мұны естен шығармаған жөн. Бұл – мамандардың ескертуі. 

Сонымен бірге, электрокөлікке отырмастан жарты сағат бұрын салон ішін жылытып алған жақсы. Оның үстіне, электромобильдерді қашықтықтан да қыздыра беруге болады. Сондықтан мұндай мүмкіндікті мүлт жібермеген абзал.

   Бүгінде қай қаланың көшелерінде де көлік көбейіп, кептелістер көптеп орын алуда. Соның ішіне, әлемнің түкпір-түкпірінде электр қуатымен қозғалатын көліктер қатары артуда. Ендеше, электрокөлік жүргізушілері астындағы темір тұлпарлары туралы қандай ойда екен?

Бізбен әңгімелескен Данияр Қуанышев жарты жылдан бері «Tesla Y long range» көлігін тізгіндеп келеді екен. Ол бұл көлікті экологиялық жағынан таза болғандығы үшін таңдағынан айтады. «Жанармаймен жүретін көліктердің дәурені өтіп барады деп ойлаймын. Себебі, қара жердің астындағы «қара алтын» қоры да таусылуға таяды. Шынымен де, мұнай таусылған кезде бүкіл әлем электр қуатымен қозғалатын көліктерге көшетіні айдан анық қой. Сондықтан мен бұл үрдіске алдын ала қамдана бергенді жөн санадым. Бүгінгі заманның көліктерін алсам, олар қазір гаджетке ұқсап барады. Көлікті әдеттегідей қолмен тізгіндеу де өткеннің еншісінде қалып барады. Өйткені, көлікті қазір компьютерлік технология басқарады. Тіпті, жақын болашақта көлікті адам емес, компьютер жүргізіп жатса, еш таңқалмаймын» дейді ол.

Ал, қуат көзіне қатысты мәселе оның ойынша қазір орын алғанымен, көп кешікпей ертең-ақ шешімін табатын шаруа. 

«Әлем бір орында тұрмайды, әрі қарай дами береді. Демек, көлікті қуаттау мәселесі де оңтайлы шешілетін күн алыс емес. Заманауаи көліктердің маған ұнайтын бір қасиеті – олар басқа көліктер секілді жиі бұзыла бермейді. Тіпті, мүлде істен шықпайды десем де артық айтқандық болмас. Себебі, Tesla көлігін алатын болсақ, оны оңдаудың қажеті шамалы. Ол оп-оңай бұзыла қоймайды. Оның тежегіш қызметін де магниттер атқарады. Міне, жаңа заманның жетістігі деп осыны айтыңыз!» дейді таңданысын жасыра алмаған жүргізуші.  

Айтпақшы, «жасыл» көлік жүргізушілерінің өз алдына бөлек бас қосатын клубы да бар екен. Онда олар бір-біріне өзара қолдау білдіріп, тәжірибе алмасып тұрады. «Енді тек мемлекет қолдау көрсетсе болғаны» дейді олар.  

«Жақында мен Қытайда болған едім. Онда электрокөлік иелеріне жақсы жағдай жасалған. Барлық жерде қуаттау стансалары бар. Тіпті, тез және асықпай қуаттайтын орындар да қарастырылған. Бұл жақтағы көліктердің 90 пайызы – осы элеткромобильдер. Есесіне, көшедегі көлік нөпірінен естілетін шу біраз есе азайғаны анық аңғарылады. Тұрғындардың көлік дыбысынан бастары ауырмайды. Себебі, электр қуатымен оталатын машиналар мүлде дыбыс шығармайды» дейді тағы бір жүргізуші Айбек Нысанбаев.

  Қалай болғанда да, әлем көшінен қалуға болмайды. Жаңа замандағы темір тұлпар тізгіндеген жандар осыны айтады.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT