БЕРЛИНГЕ ДЕЙІН БАРҒАН БАРЛАУШЫ

БЕРЛИНГЕ ДЕЙІН БАРҒАН БАРЛАУШЫ
(0 Votes)

Қазақ тарихында ел басына күн туған шақта жауға  қарсы найзасын суырып, кеудесін оққа тосқан қайсар ұлдар аз болмаған. Солардың бірі – Атырау өңірінен шыққан жауынгер, соғыстан кейін бейбіт еңбек майданында да елеулі із қалдырған азамат – Әмірханов Еңсеген Әмірханұлы. Ол 1923 жылы Атырау облысы, Қызылқоға ауданына қарасты Тайсойған елді мекенінде, дәулетті әрі сыйлы Әмірхан әулетінде дүниеге келген.

Жастайынан зеректігімен, алғырлығымен, білімге құштарлығымен ерекшеленген жас Еңсеген орта мектепті бітіріп, сол кездегі Гурьев қаласындағы педагогикалық училищеге оқуға түседі. Мұндағы оқуын да абыроймен аяқтап, елге қызмет етуге кірісер сәтте Ұлы Отан соғысы басталып, ол да көптің бірі болып, майданға аттанады.

Тамбов қаласындағы әскери дайындық мектебінен өткен соң, Еңсеген 1-ші Украина майданына жіберіледі. 1943 жылдың қысы — тарихта қан кешкен қытымыр күндердің бірі. Сол сұрапыл шақта ауыр жараланып, госпитальға түседі. Алайда еліне деген сүйіспеншілігі мен жауға деген өшпенділігі жігерін жасыта алмайды. Бар-жоғы екі айдың ішінде сауығып, қайтадан майданға аттанады.

Майдан даласындағы батырлығы, барлаушы ретіндегі батылдығы мен тапқырлығы талай жауынгерлік операцияларда шешуші рөл атқарған. Берлинге дейінгі ауыр жолда ол жауынгерлік міндетін асқан жауапкершілікпен атқарып, соғыс тарихында есімі алтын әріппен жазылатын ерлердің сапынан ойып орын алды. Оның ерліктері елеусіз қалмады.

Еңсеген Әмірханұлы ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен, «1941–1945 жылдары Германияны жеңгені үшін» және «Берлинді алғаны үшін» медальдарымен марапатталған.

Соғыс аяқталған соң, 1945 жылы елге аман-есен оралып, Шотықбайқызы Ханбибі анамызбен отау құрады. Елдің қайта өрлеу кезеңінде, 1946 жылы сот мамандығына даярлайтын жоғары курсқа түсіп, оны да табысты аяқтайды. Кейін Мақат ауданында сот қызметін бастайды.

Кейінгі жылдары қазіргі Құрманғазы, Жылыой аудандары, Мақат және Доссор елді мекендерінде сот, прокуратура және адвокатура саласында ұзақ жыл еңбек етіп, заң саласының түрлі буындарында тер төкті. Әділеттілікті ту еткен бұл абзал жанның адалдығы мен кәсіби біліктілігі елдің есінде сақталып, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің құрмет медальдарымен марапатталды.

Өкінішке қарай, Еңсеген Әмірханұлы 1981 жылы Гурьев қаласында жүрек сырқатынан кенеттен қайтыс болды. Алайда оның жарқын бейнесі ел есінде, ұрпағының жүрегінде мәңгіге сақталып қалады. 2003 жылы Жылыой аудандық сотының 75 жылдық мерейтойында ардақты ардагердің есімі құрметпен аталып, арнайы еске алу кеші ұйымдастырылды.

Еңсеген мен Ханбибі анамыздың шаңырағында 2 ұл мен 1 қыз өсіп-өнді. Бүгінде олардан тараған ұрпақтары әр салада қызмет етуде.

Бүгінде Еңсеген Әмірханұлының ұрпағы аталарының ерлігі мен өнегелі өмір жолын зор мақтанышпен айтып отырады. Осы ретте батырдың немересі атасының есімін құрметпен еске алып, былай дейді:

«Атамыздың өмір жолын естіген сайын жүрегімізді мақтаныш кернейді. Ол – нағыз ердің, ел үшін туған азаматтың жарқын бейнесі. Майдан даласында көрсеткен ерлігі – бізге бейбіт өмір сыйлаған ұлы ерлік. Ал соғыстан кейін елге келіп, заң мен әділет жолында еңбек еткені – оның адамгершілік болмысының айғағы. Атам өмір бойы шындықты ту етіп, адал қызмет еткен.

Біз –  оның ұрпағымыз, сол ерлік пен еңбектің мұрагеріміз. Әр жетістігімізде атамыздың рухы біздің жанымызда деп сезінеміз. Оның есімі мен ізі біздің жадымызда, жүрегімізде мәңгі сақталады. Осындай асыл адамның немересі екенімді әрдайым мақтан етемін!» - дейді аудандық полиция бөлімінің басшысы, батырдың немересі Талғат Әмірханов.

Ерлік — ұмытылмайтын ұлы қасиет. Еңсеген Әмірханұлының майдандағы қаһармандығы да, бейбіт өмірдегі адал қызметі де — шынайы отаншылдықтың көрінісі. Оның өмір жолы — бір әулетке емес, барша елге ортақ мақтаныш. Мұндай азаматтар тарихты жасайды, ұрпаққа бағыт-бағдар береді.

Бүгінгі тыныш өміріміз сол батырлардың жанкешті күресінің, маңдай терінің жемісі екенін естен шығармау – әрбіріміздің азаматтық парызымыз.

 

Ә.Қасым

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT