Қанмен келген Жеңіс. Жаспен суарылған таң. Бұл күн – бейбіт өмірдің бағасын ұғындырған, тыныштықтың қадірін тереңдеткен ерекше күн. Соғыс… Ол тек майдан шебінде ғана болған жоқ. Ол әр үйдің есігін қағып, әр ананың жүрегіне жара салып өтті. Ауылдың тынышын, баланың күлкісін ұрлап, жастықты жаулап, талай тағдырды талқандады. Бірақ сол соғыстағы ерлік пен төзім ұлттың шынайы болмысын ашып берді.
Кеше ғана алаңсыз балалық кешіп жүрген бозбала, кеше ғана ауылда анасына көмектесіп жүрген бойжеткен — сол сәтте қолына қару алып, Отан үшін от кешті. Олар майдан даласында емес, тарихтың төрінен орын алды.
Әр отбасының өз қаһарманы болды. Кейбірінің аты хатпен қайтты, кейбірі мүлде оралмады. Бірақ олардың үні – үнсіздіктің ішіндегі ең қатты айқай. Ұрпақ сол үнсіздікті естіп, оны жүрекпен ұғуы тиіс.
Кеше ғана алаңсыз балалық кешіп жүрген бозбала, кеше ғана ауылда анасына көмектесіп жүрген бойжеткен — сол сәтте қолына қару алып, Отан үшін от кешті. Олар майдан даласында емес, тарихтың төрінен орын алды.
Сұрапыл соғыстың бетке ұстар батырларының бірі, жерлесіміз — Есбол Оңайбаев. Ол 1919 жылы мұнайлы мекенде дүниеге келген. Балалық шағы қиын шақтарға тұспа-тұс келіп, 12 жасында ғана білім алуға мүмкіндік алған ол мектепті аяқтамай, Қызыл армия қатарына шақырылған. Сөйтіп Есбол Оңайбаев Куйбышев қаласындағы әскери училищеде оқып, офицерлік білім алған. Сол жерде әскери дайындықтан өтіп, минометші қызметін игереді. Кейін жиылған әскер Калинин қаласына барып, немістерді 100 шақырымдай жерге дейін шегіндіріп, жауға тойтарыс береді.
Осылайша олар Украина жеріне жетіп, Харьков қаласының маңында бірнеше күн неміс әскерлеріне қарсы күресіп, бекініп жатады. Бұйрық келіп, әскер Харьков қаласынан шегінуге мәжбүр болады. Сөйтіп кеңес әскері Харьковтан елу шақырымдай қашықтықтағы Чугуев қаласында кескілескен ұрыстың ортасында жан алысып, жан беріседі.
Десе де сұм соғыс ызғарын танытып, олар неміс қоршауында қалып қояды. Неміс әскері қатал соғыс тактикасын қолданып, күні-түні жан-жақтан бомбалап, кеңес әскерін қырады.
«Әкемнің айтуынша, ең қиын сәттің бірі осы жау қоршауында қалған кез. Олар соңғы демі қалғанша берілмеуге, күресуге тырысқан. Бейбіт өмір үшін бірге күрескен жолдастарынан бір сәтте айырылған. Сол жылы мамыр айында немістер тірі қалғандарды тұтқынға алып, түрлі қиындықтарды көрсеткен. Тұтқынға алынғандардың ішінде менің әкем Есбол Оңайбаев та бар еді»,-дейді Ұлы Отан соғысы ардагерінің баласы Сұлтанбек Оңайбаев.
Неміс әскерінің қолына түскен олар лагерьлерге жіберілген. Жау қолынан қашуға бірнеше рет тырысса да, ол жоспарлары іске аспаған. Кейін тұтқынға түскендерге неміс әскерлерінің киімдерін кигізіп, неше түрлі ауыр жұмыстарға салған.
«Тұтқынға түскен сәт олар үшін нағыз азап болды. Бірақ олар жеңіс туының байрағының желбірейтіндігіне сеніп, соңына дейін сынбай, күресті тоқтатпаған. Тұтқынға түскен кеңес әскерін Италияда жүрген жерінен вагондарға тиеп, Югославия, Венгрия, Болгария елдеріне апарған. Осы сәтте фашистік Германия жеңіліс тапқандығы туралы хабар сол жерде жеткен»,- дейді батырдың ұлы.
Десе де батыр бабаларымыз туған жерге бірден табан тірей алмаған. Олар маусым айында Молдавияның астанасы Кишинев қаласына жеткізіліп, ұзақ тексерістен өтеді. Арада екі ай уақыт өткеннен кейін ғана олар пойыз арқылы Тәжікстанға жеткізіледі. Осы жердегі Табаған тауының етегіндегі уран өндіретін шахтада жұмыс жасайды. Есбол Оңайбаевқа жер бетіндегі жұмысты жасау бұйырады. Десе де батыр ауруға шалдығып, біршама уақыт ем қабылдайды. Осыдан соң оған демалыс беріп, елге қайтуға мүмкіндік туады.
Отан үшін бел шешіп күрескен батыр бірнеше жылдан кейін ғана туған жерге оралып, жақындарымен аман-есен қауышады. Сырқатынан толық айыққан соң екі қолға бір күрек табуды көздеген ол артельге жұмысқа орналасады. Бірақ бұл кезде де батырға тыныштық болмайды. Бұрын неміс әскерлерінің қолында тұтқында болған деген желеумен батырға жала жабылып, істі болады. Түркістан легионының қатарында болды деген жалған айып тағылып, Есбол Оңайбаевты сот бақандай 25 жылға бас бостандығынан айырады. Сөйтіп ол қайтадан туған жерден жырақтап, Сібірге айдалады. Еркіндігінен айырылған батырды ауыр жұмыстарға жегіп, түрлі қиындықтар көрсетеді. Кірпіш зауытында жұмыс жасап, ұзақ уақыт ауыр жағдайға төзген. Сөйтіп 1953 жылы И.В.Сталин өмірден озып, жаңа басшы Н.С.Хрущев саяси тұтқындарды босату туралы Жарлық шығарады. Арада үш жыл уақыт өткеннен кейін 1956 жылдың күзінде елге оралады. Әйтсе де туған жерге оралғанымен, батырға тағылған айып толық ақталмаған. Тек еліміз өз алдына егемен ел болып, тәуелсіздік алғаннан кейін ғана Есбол Оңайбаевтың есімі Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің тізіміне еніп, батыр деп танылған.
Елге оралғаннан кейін батырдың жапырағы жайылып, ұл мен қыздан ұрпақ өрбіген. Бір ғасырға жуық өмір сүрген ол балалары мен немерелеріне бейбіт күннің оңай келмегендігін айтып, адам бойындағы ерік-жігер мен төзім сияқты асыл қасиеттерді бойға жиып, Отанға адал болуды насихат еткен.
«Атамыз сұрапыл соғыс жылдарының қиындығын үнемі айтып отыратын. Халықтың қаны суша ағып, айнала астан-кестен болып жатқан тұста олар қан майданның бел ортасынан табылды. Ауыр жарақат алғанына қарамастан ел үшін жанын шүберекке түйіп, жау қолына түскен тұста да олардың болашаққа деген сенімдері жеңіс күніне жетеледі»,- дейді ардагердің келіні Гүлнар Жалтаева.
Тәуелсіздік алғаннан кейін ардагердің ерлігі еленіп, «Ерлігі үшін», «Жауынгерлік еңбегі үшін» медальдарымен және көптеген мерекелік төсбелгілермен марапатталған. Қарапайымдылығы мен еңбекқорлығы, отансүйгіштігімен ел есінде қалды.
Өкінішке қарай, бүгінде Есбол Оңайбаев арамызда жоқ. Бірақ оның ерлігі мен еңбегі – ел жадында. Ардагердің өмір жолы мен майдандағы ерлігі – кейінгі ұрпақ үшін үлгі, тәлім боларлық тарих.
Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында ардагер ақсақалдың рухына тағзым етіп, оның есімі мен ерлігін мәңгі есте сақтаймыз!
Ұлы Отан соғысы — адамзат тарихындағы ең қасіретті, ең ауыр соғыстардың бірі болды. Бұл соғыс миллиондаған адамның өмірін қиып, елдерге орасан зор зардап әкелді. Кеңес халқы, оның ішінде қазақ ұлты да жауға қарсы жанқиярлықпен күресті. Ер-азаматтар майданда ерлік көрсетсе, әйелдер мен балалар тылда тынымсыз еңбек етті. Ұлы Жеңіс — барша халықтың бірігуінің, табандылығы мен ерлігінің жемісі.
Бұл соғыс бізге бейбіт өмірдің қадірін ұғындырды. Сондықтан бүгінгі ұрпақ ата-бабаларымыздың ерлігін ұмытпай, оны қастерлеуге, тыныштықты бағалауға тиіс.
Ж.ҚАМЗА