«Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатында аймақта 2023 жылы 192 бюджеттік микронесие берілді. Оның ішінде мал шаруашылығына 138, егін шаруашылығына екеу, шағын бизнесті дамытуға 52 несие бөлінді. Нәтижесінде 133 жаңа жұмыс орны ашылды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлайды.
«Ауыл аманаты» жобасы — ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға бағытталған мемлекеттік бағдарлама. Ол ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті дамыту арқылы жұмыссыздықты азайтып, халықтың табысын көбейтуді көздейді. Несиенің негізгі шарттары шағын несие мерзімі 5 жылға дейін, мал шаруашылығындағы жобалар үшін 7 жылға дейін, ауылдық елдімекендер мен шағын қалаларда 2,5 мың АЕК-ке дейін несие беріледі. Пайыздық мөлшері — жылына 2,5%.
- Несие алушыға қойылатын талаптарға сәйкес жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі тиіс, сонымен қатар басқа несиелері бойынша мерзімі өткен төлемдердің болмауы, мемлекеттік кірістер органдарындағы берешектің болмауы, кепілмен қамтамасыз ету, зейнет жасына жетпеген болуы, ауыл шаруашылығын жүргізу үшін қажетті жағдайлардың (жер телімі, қора) болуы қажет. Кәсіпкерлерге тиісті қаражат аударылғаннан кейін 90 күннен соң мониторинг жасаймыз. Ауылдарды аралап, кәсіптерінің жүріп тұрғанына көз жеткіземіз,- деді мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру департаментінің директоры Гүлден Асгатова.
2023 жылы бағдарламаға қатысып, еңбегінің жемісін көріп отырғандардың бірі — Бекежан Мұқанов. - Ауылда аудан әкімінің қатысуымен өткен жиналыста осы жоба жөнінде естідім. Құжат жинап бағымды сынағанда 2,5%-бен несие алып, он түйе сатып алдым. Бүгінде олардың саны он төртке жетті. Бұл бағдарламаның ауыл азаматтарына берер пайдасы зор. Ауылда отырып та мемлекетке аз да болса үлесімізді қосып, ауылшаруашылығын дамытудамыз. Сондай-ақ әр жұма сайын ауданда өтетін жәрмеңкеге қатысып, шұбат сатып, кәсіптің қызығын көрудеміз,-деді ол.
Өткен жылы жоба су тасқынына байланысты қаржыландырылмады. Ал биыл бір миллиард теңге бөліну жоспарланған.