Облыстық ішкі саясат басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында «Ақсұңқар» қоғамдық қорының «Нашақорлық және ойынқұмарлықтың алдын алуды жүзеге асыру» кешенді іс-шаралар жобасы наурыз айынан қарашаға дейін жалғасады, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Бұл туралы басқарманың жастар және әлеуметтік бастамаларды қолдау бөлімінің басшысы Айдар Жален Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз мәслихатында мәлімдеді. Облыстық психикалық денсаулық орталығының ресми мәліметіне сәйкес 2024 жылы өңір бойынша есірткіге тәуелді 538 адам динамикалық есепте тұрған. Ал лудомания дертіне шалдыққан 110 азамат көмекке жүгініп, 60-ы емделіп, жаңа өмір бастаған.
- Нашақорлық пен ойынқұмарлық тек жеке адамға емес, тұтас отбасылар мен қоғамға қауіп төндіретін әлеуметтік мәселе. Осыған орай «Тәуелсіз өмір» жастар қозғалысы құрылмақ. Негізгі мақсаты — құқық қорғау органдары, қоғамдық көшбасшылар, белсенділер, танымал спортшылар және еріктілерді тарту арқылы қоғамда салауатты өмір салтын насихаттау, жастарға пайдалы кеңестер беру, дұрыс жол көрсету, тәуелділіктің алдын алу және жастарымыздың жарқын болашағы үшін тиімді шешімдерді ұсыну,- деді Айдар Жален.
Жоба аясында 10 адамнан тұратын негізгі команда құрылады. Олармен тақырыптық, спорттық және мәдени іс-шаралар, акциялар, рейдтер өткізу жоспарлануда.
- Сәуір айынан бастап есірткіге және лудомандық тәуелділіктері бар адамдар үшін 24/7 анонимді колл-орталық іске қосылады. Онда наркология мен психология саласында тәжірибесі бар кәсіби мамандар жұмылдырылып, қоңыраулар есепке алынды,- деді нашақорлық пен ойынқұмарлықтың алдын алу бойынша шаралар кешені жобасының үйлестірушісі Нұрлыгүл Рамазанова.
Айта кетейік, tauelsiz.omir желі парақшасында «Тәуелсіз өмір» қозғалысына қосылу жолы, әр өткен іс-шараның ақпараттары, пайдалы кеңестер, желі қолданушылары мен еріктілер арасында челлендждер жүргізіледі.
Аман ШАМАР