ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Сұрапыл соғысты бастан өткеріп, жеңіске куә болған ардагерлердің саны жыл сайын азайып барады. Мәселен Түркістан облысындағы Кентау қаласында Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан жалғыз қарт қалған. Бұл туралы Jibek Joly телеарнасының жаңалықтарында айтылды.
Ол - Бадан Төребаев. Ардагер 18 жасында соғысқа аттанып, Украина, Беларусь майдандарына қатысқан. Бадан Төребаев 1944 жылы 15 қазанда әскерге шақырылған. 4 ай дайындықтан өтіп, Одерден өтудегі ұрысқа, Потсдамды азат етуге, Берлинді қоршауға қатысады. 1950 жылы елге оралғаннан кейін Кентау қаласындағы «Мырғалымсай» кенішінде көп жыл бойы жемісті жұмыс істеген. Екі ұл, үш қыз тәрбиелеп, өсірді. Олардан 16 немере, 42 шөбере, 3 шөпшек сүйіп отыр. Қазір ардагерді үлкен келіні қарап, жағдайын жасап отыр.
— Ардагерлер үйі бар, сол жерден атаның жағдайын біліп, келіп тұрады. Ауылда өскен ғой, атамыз әлі тың, жағдайы жақсы. Тамағын уақытылы ішеді. Атамыз аман болсын деп, жағдайын жасап, қарап отырмыз, — деді атаның келіні Айжан Төребаева.
Еңбегі еленген ақсақал «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған. Қария жеңістің оңай жолмен келмегенін жеткізді. Бүгінде Түркістан облысында 9 соғыс ардагері тұрады. Жеңістің 80 жылдық мерекесіне орай ардагерлерге 5 млн теңге біржолғы әлеуметтік көмек көрсету көзделген.
— 3 047 тыл еңбеккеріне және соғыс ардагерлерінің жесірлеріне 50-ден 100 мың теңгеге дейін бірреттік әлеуметтік көмек беріледі. Бұл мақсатқа жергілікті бюджет есебінен 222 млн теңгеден аса қаржы қаралды, — деді облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бас маманы Махаббат Мамытжанова.
Өңірдің абыз ақсақалы бейбіт күннің қадірін білуге шақырады. «Ендігі ұрпақ осы азаттықты қорғау жолында күрессін» дейді. Ардагердің бар мұраты осы.