31 наурызда ел президенті Қ.Тоқаев халыққа үндеу жолдап, коронавирус пандемиясына байланысты жарияланған төтенше жағдай кезінде табысынан айрылған азаматтарға ең төменгі жалақы көлемінде жәрдемақы тағайындалатынын мәлімдеген болатын.
Берілетін өтінішті еңбек және халықты әлеуметік қорғау министрлігі онлайн түрде қабылдап, 42500 теңге бюджеттен емес, мемлекеттік сақтандыру қорынан төленетін болды. Ақшаны азаматтардың есепшоттарына бұрынғы зейнетақы орталығы - «Азаматтар үшін үкімет» корпорациясы аударып жатыр. Ресми дерек көздерінше бүгінге дейін төрт миллионға жуық азаматқа жәрдем тағайындалған.
Артынша заңгерлердің алаяқтыққа қатысты әңгімесінен кейін, төлемін алса да, төбесінен жай түскендей абдырап қалған халықтың қарасы қалың. Кейбіреуінің жұмысы бола тұра, жәрдемақыға жармасқаны жасырын емес. Бұлардың ішінде білмей қалғаны былай тұрсын, көзі қарақты, қаражаты қомақты азаматтарымыз да бар болып шықты. Бірақ бұлардың бірде біреуі қылмыстық жазаға тартылмайды. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметік қорғау министрі Б.Нұрымбетов айтты. Әлеуметтік төлем алғандары тергеп тексеру жұмыстары да жүргізілмейді, дегенмен жұмысы жүре тұра, жалақысы сақтала тұра, құжат тапсырғандарға мемлекеттік сақтандыру қоры өкілдері тарапынан қайтару туралы талап қойылады. Қателесіп, өтініш бергендер қаржыны қайтару үшін шектеулі уақыт жоқ. Мүмкіндігі болған кезде ақша түскен банкке аударуы қажет. Ал алуға тиісті азаматтардың өтінштері кешіктірілсе, статус арқылы тексеріп немесе 1414 байланыс орталығына хабарласуға болады. Қарбалас кезінде қабырғасын жамай қоймаса да "жұрттан қаламыз ба" деген жалпылама пікірмен жапатармағай өтініш берілген жағдай біздің ауданда да көрініс берді. Біреудің атын атап, түсін түстегіміз келмегенімізбен, тізімнің ішінен тіпті мектепте оқу ісінің меңгерушісі болып жүргендер де табылды.
Мақат аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінен білгеніміздей, кішкене кезеңнің өзінде көптеген келеңсіздіктер анықталған. Айталық бұған дейін жұмыс іздеуші ретінде тіркеліп тұрған тұрғындарға түсінік жұмыстары жүргізілуіне қарамастан, олар "42 500 -ге" ілігу үшін өз өздеріне БЖТ аударып өзін жұмыспен қамтушы ретінде көрсеткен. Осылайша олар автоматты түрде базадан шығып қалып, енді не әрі жоқ не бері жоқ халде отыр. Сондай-ақ, түрлі шағын кәсіпкерлердің кәсібінде қызмет еткен тұрғындар еңбек келісім шартының дұрыс жасалмауынан бұл көмекке іліге алмай отыр. Бұл көрініс - кәсіпкерлеріміздің сауаттылығына сәл де болса сын.
Карантин көп адамды қызметтерді онлайн пайдалануға үйретіп қана қоймай, көп нәрсенің бетпердесін шешкендей. «Судың да сұрауы бар» екенін есімізден шығармайық.
А.САДЫКОВ