2021 жылдың 25 шілдесінде Қазақстанда ауыл әкімдерінің сайлауы өтетіні белгілі. Қазіргі уақытта ел өміріндегі осынау маңызды саяси науқанға қызу дайындық жұмыстары жүргізілуде.
Сайлаушылардың тікелей қатысуымен, дауыс беруімен ұйымдастырылатын бұл жолғы саяси додадан халықтың күтер үміті зор. Оның әділ ұйымдастырылатынына сенімі мол. Бүгінгі таңда елімізде 2253 ауылдық округ, оларға қарасты 6789 елді мекен бар. Сарапшылардың айтуынша, Қазақстандағы ауылдардың жартысына жуығының ғана даму әлеуеті бар. Мұндай жағдайда солардың бәрінде сайлау өткізу қажет пе, жоқ па? Оның бәрін қамтуға қыруар қаражат кететіні түсінікті.
Негізі елімізде ауыл әкімдерін сайлау тәжірибесі бұрыннан бар. Мұндай саяси дода 2013 жылы басталған-ды. Төрт жылдан кейін, 2017 жылы 24 тамызда 14 облыстағы аудандық маңызы бар қалалар, ауылдық округтер, ауылдық округтің құрамына кірмейтін кенттер мен ауылдардың әкімдері сайланды. Аумақтық сайлау комиссияларының мәліметтеріне сәйкес, сол кездегі сайлау науқанында ауыл әкіміне 4059 кандидат ұсынылып, олардың 3951-і тіркеуден өтіп, 1416 ауыл әкімі сайланды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа бастамасының бірнеше ерекшелігі бар. Бұған дейін ауыл әкімдері жанама дауыс беру арқылы, яғни жергілікті мәслихат депуттарының шешімі арқылы сайланып келген. Енді елді мекеннің басшысын тұрғындар тікелей дауыс беру арқылы анықта- мақ. Жалпы, дамыған елдерде мұндай тәжірибе көптен бері қолданылып келеді. Мәселен, АҚШ-та губернаторлар, қала мэрлерінен бөлек, елді мекендердің басшыларын дауыс беру арқылы айқындайды. Тіпті мұхиттың арғы жағындағы жергілікті үндіс тайпаларының көсемдері де сайланып қойылады. Жаңа Зеландияда да аймақтық, ауылдық әкімдерді тұрғындар сайлайды.
Ендеше, Мемлекет басшысы ұсынған бастаманы шетелдік тәжірибеге сүйене отырып жүзеге асыруға мүмкіндік мол. Жалпы,тарих парақтарын ақтарсақ, «сайлауға» қазақ қоғамының айрықша мән бергені жайлы көп айтылады. Ұлы Абай шығармаларында «Болыс сайлауы», Алаш арыстарының жазбаларында «Дума сайлауы» туралы кең түрде жазылып, сайлауға білімді де білікті, халық алдында беделі бар тұлғалардың қатысқаны туралы деректер келтіріледі. Сонау жиырмасыншы ғасырдың басында «сауатсыз» деп айтылатын Қазақстанның әр аймағынан Ресей Думасына ондаған қазақ зиялыларының сайланғанын және Дума төрінен халқымыздың мұң-мұқтажын қаймықпай айтқанын білеміз. Зерттеуші, ҚР ҰҒА академигі Мәмбет Қойгелдиев Қазақстандағы ең әділ өткен сайлау 1917 жылғы 5-12 желтоқсандағы Алашорда Үкіметі төрағаларының сайлауы деп көрсетеді. М.Қойгелдиев сайлау туралы, қазақ оқығандары туралы ой орамдарының ішінде зиялылардың ұлт мүддесін, халық мүддесін айтуға келгендегі жалтақтығы, жеке бастарының қамын ғана күйттейтіні келтіріледі.
Қазір де қоғамымыз сайлау алдында тұрғанда қарапайым сайлаушылардың мүдделері жеке мүддеден басым түсері сөзсіз. Елімізде қордаланған әлеуметтік-тұрмыстық мәселелердің оңтайлы шешілуі, ұлттық экономиканың дамуы, өңірдің өркендеуі алда өтетін сайлаудың қорытындысына тікелей тәуелді. Бұны біз, мұнайлы аймақ тұрғындары айқын сезініп отырмыз. Халық жайлы да қауіпсіз, тыныш қоғамда өмір сүргісі келеді және оған толықтай құқылы да. Ресми дереккөздеріне сүйенсек, еліміз бойынша «ең жоғары жалақы алатын» мұнайлы аймақ тұрғындарының мұң-мұқтажы да аз емес. Күнделікті тұтынылатын азық-түлік тауарлары бағасының қымбатшылығы, нақты,еңбек ақы көлемінің төмендігі, жұмыссыздық, экологиялық ахуалдың нашарлығы, өзге де ондаған жылдар бойына шешімін таппай келе жатқан проблемалар баршылық.
Менің ойым өткелі отырған сайлауға қолынан іс келетін, жас, білімді, ойын ашық айтатын, қолы таза тұлғалар қатысуы керек. Соларға қарап, халық мемлекеттік және жергілікті өзін-өзі басқару жүйесіне қатысты түсінігін қалыптастырады. Керісінше, алтын бесік – ауыл тағдыры таразы басына түсер сындарлы шақта саяси доданың көш басында жаттанды сөйлейтін, сөзіне ісі сай келмейтін, бұрынғы кеңестік партиялық номенклатураның өкілдері, зейнет жасындағы адамдар жүрсе, жұртшылық арасында теріс пікір қалыптасып, сенімсіздік пайда болуы да ықтимал. Қалай болғанда да, жаңа тұрпатта алғаш рет өткелі тұрған сайлаудан электораттың көп үміт күтері кәміл.
Лесқали БЕРДІҒОЖИН,
тарих ғылымдарының докторы