«Ауру – астан» деген сөз бар. Соңғы уақытта жасөспірімдер арасында семіздік, ас қорыту жүйесінің аурулары, қант диабеті, қан аздық секілді сырқат түрлерінің кең етек алуын тиісті сала мамандары «дұрыс тамақтанбау салдарынан орын алып отырған мәселе» деп дабыл қағуда.
Бүгінде мектеп оқушыларының тамақтану тәртібі мен мәдениетіне мемлекеттік деңгейде мән беріле бастады.
Әсіресе, облыс көлемінде бастауыш сынып оқушылары мен әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасы балаларының тегін тамақтануына зор мән беріп отыр. Мәселе үнемі облыс басшысы Нұрлан Ноғаевтың бақылауында.
Өткен жылдың өзінде оқушыларды ыстық тамақпен қамтуға аудандық бюджеттен 131 млн. 634 мың теңге бөлінген. Биылғы 2018-2019 оқу жылдары 1-4 сынып оқушылары және аз қамтылған отбасы балалары барлығы 3336 оқушы толықтай бір мезгіл тегін ыстық тамақпен қамтылуда. Оның ішінде 2670 оқушы бастауыш сыныпта оқиды.
Аудандық білім беру бөлімінен алынған мәліметке сүйенсек, ыстық тамақпен қамтылу жайын бөлім де назардан тыс қалдырмай келеді. Мәселен, қаңтар айында «Нұр Отан» партиясы мектеп асханасы мәселесіне жаңа көзқарас қалыптастыру бағытында зерделеу жұмыстарын жүргізді. Комиссия құрамына бөлім қызметкерлерінен басқа ата-аналар комитетінің өкілдері, денсаулық сақтау басқармасының басшысы, қоғамдық бірлестік мүшелері енгізілді.
Оқушыларды тамақтандыруды кім, қалай ұйымдастырып отыр деген сұраққа жауап ізделді. Жалпы, мектеп оқушыларын ыстық тамақпен қамту мемлекеттік сатып алу заңының аясында жұмыс істейді. Яғни, мектептерде тағам беруді ұйымдастыратын ұйымдар өзара бәсекеге түседі. Бәсеке барысында мемлекет тарапынан тамақтандыру үшін балаға бөлінген 250 теңгеге бір күндік ас мәзірі дайындалады. Ыстық тамақпен қамтушы кәсіпкерлердің айтуы бойынша осы баға көлемінен шықпай, тағам мәзірі ұсынылады. Баға шарықтай түсер болса, бағаға ғана сүйеніп отырғандықтан, тағам құрамы балалардың қажеттілігіне жарай алмайтын кезге тап болуымыз мүмкін дейді.
Дегенмен, зерделеу комиссиясы байқағанындай, тамақ мәзірі, оның құнары жөнінде ешбір сәйкессіздік анықталған жоқ. Оқушылардың үстелінде мөлшерімен көкөніс салаты, ыстық тағам, сусын, наны қойылған. Апталық ас мәзір алуан түрлі. Арасында тыйым салынған тағамдар кездескен жоқ.
Мәселен, Ораз Сарғұнанов атындағы орта мектебінде 494 оқушы білім алады. Соның 295-і бір мезгіл ыстық тамақпен қамтылған. Мектеп жаңа болғандықтан да, мектеп асханасы толық талапқа сай. Ас үйдің, асхананың тазалығы санитарлық талапқа сай. Ас мәзірі көрнекі жерге ілінген. Асхана қабырғасында дұрыс тамақтану ережесі, тағамдардың құнарлығы туралы көрнекіліктер оқушылардың тамақтану мәдениетін қалыптастыруға ықпалы зор. Бәрі де үйлесімді орын тапқан. Азық-түліктердің қоймада сақталуы, қызметкерлердің киім үлгісі көз тартады. Қажетті құрал-жабдықтар толық. Мектеп басшысы Гүлнар ас мәзірі, жалпы, оқушылардың тамақтануына мектеп әкімшілігі әркез жоғары мән беріп отырғанын мәлім етті. «Мектепте асхана қызметін бақылайтын комиссия бар. Оның құрамында мектеп директоры, медицина қызметкері, ата-аналар бар» дейді мектеп басшысы.
Сондай-ақ, Абай Құнанбаев атындағы орта мектебі мен Б.Қанатбаев орта мектебінде оқушылардың ыстық тамақпен қамтылуында санитарлық талап пен нормалар сақталған.
С.Шарипов атындағы мектеп-интернатында барлығы 516 бала білім алуда. Бастауыш сыныптың 211 оқушысы және жоғары сыныптың 74 оқушысы ыстық тамақпен қамтылған. Ас бөлмесі қажетті құрал-жабдықтармен қамтылғанымен, орындықтарды жаңарту, тағам сақтау бөлмелеріндегі кейбір ыдыстардың тапшылығы тағамды сақтау ережесіне сай болмай отыр.
Салынғанына 30 жылдан асқан Мақат кентіндегі Мұса Баймұханов және Хамза Санбаев атындағы орта мектептеріндегі ас мәзірі, ас үй тазалығы талапқа сай болғанымен, ас үйдің құрал-жабдықтары, қарапайым су ысытатын құрылғыдан бастап, түрлі пештер мен ыдыс сақтайтын сөрелердің тапшылығы көзге қораш көрінеді. Мұнда «жоқтан бар» жасап, майлап, сайлап ұстап тұтынған дүниелердің өзі ана ғасырдан қалғандығын байқамау мүмкін емес. Сондықтан, мектеп асханасын талапқа сай жабдықтау – алғашқы жұмыстар сапында.
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, дені сау ұлт қалыптастыруды балалық кезеңнен бастауымыз керек. Олай болса, балаларды тамақтандыруда ұсақ-түйек мәселе болмауы тиіс.
Г.САЛИКОВА.