Бүгін, 28 ақпан сағат таңғы сегіз шамасында Мақат және Доссор тас жолында (Ақтөбе-Атырау-Астрахань тас жолының 492 шақырымында) болған көлік апатынан 4 адам қаза тапты.
Күн райының қолайсыз - көктайғақ және тұман болуы себепті Toyota Ipsum-ның жүргізушісі көлікті игере алмай, жолдың қарсы бағытына шығып, ауыр жүк көлігімен соқтығысқан. 3 адам оқиға орнында жан тапсырса, 1 адам ауруханада қайтыс болды. Тағы 3 адам әртүрлі дене жарақатымен Мақат аудандық ауруханасына жеткізілді. Сондай-ақ, осы көлік апатынан қашпақ болған Hyundai Accent және газель автокөліктері де соқтығысып қалды. Абырой болғанда, қос көліктегі адамның бәрі дін аман.
«Таңғы сағат 9 жарымда жол-көлік оқиғасы салдарынан Мақат аудандық ауруханасына төрт науқас өте ауыр халде түсті. Оның біреуінің түскен кездегі жағдайы толық естен танып, бас миы жарақат алған. Ол кісіге алғашқы медициналық көмек көрсетілді, бірақ нәтиже бермей қайтыс болды. Қалған үш науқастың қазір жағдайы өте ауыр. Қаладан санавиация бойынша мамандар шақырдық. Біздің тарапымыздан жасалған барлық шаралар қазір науқастардың жағдайын бір деңгейде, тұрақты деңгейде ұстап тұр»,- дейді Мақат аудандық ауруханасының жалпы бөлім меңгерушісі Қыдырбек Әбішев.
Мөлдір Ізтұрғанова