“KPI Inc.” компаниясы мен Мақат мұнай-газ технологиялық колледжі және Мақат ауданының әкімдігі әлеуметтік серіктестікті дамыту мақсатында меморандумға қол қойды. Білікті кадр дайындау мақсатында қол қойылған үш жақты келісім шеңберінде инженерлік-педагогикалық бөлімнің студенттері кәсіпорында тағылымдамадан өту, болашақ мамандардың практикалық білімін арттыру, газ-химия кешенінің кадрларының білім орнында дәрістер оқуын ұйымдастыру секілді бірлескен жұмыс атқарылады.
Жиын барсында “КРІ Inc.” компаниясының өндіріс басқару қызметінің басшысы
Бақытжан Қаналиев еліміздегі газ-химия кешенінің ұжымы мұнай және газ технологиялық колледжі студенттерінің теориялық білімін практикамен ұштастыруға ықпал етуге қашанда дайын екендігін айтты.
—Мақат колледжінің мұнай-газ саласына маман дайындауда тәжірбиесі мол. Оқу орны 11 жыл ішінде 10 мыңдай студентті мұнай-газ саласы үшін даярлаған. Газ-химия саласы елімізде енді-енді дамып келе жатқандықтан, бізге жергілікті кадрлардың біліктілігі өте маңызды. Сондықтан жақында оқу орнымен бірге кәсіби практиканы, дуалды оқыту жүйесін ұйымдастырамыз. Бірлескен жұмысымыз нәтижелі болатынына сенімдімін,-деді ол.
Мақат колледжіне 2022-2023 оқу жылында 371 студент білім алса, олардың 199-ы мемлекеттік грант иегерлері.
Анықтама үшін:
КРІ кәсіпорны бүгінде 631 адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Оның 80% жергілікті тұрғын.