Кәсіп пен нәсіп

(0 Votes)

Оқшаулану кезінде біраз кітап оқып, оймен оңаша қалдық. Жиналып қалған, бір кездері қиып алған газет тігінділеріне көз жүгірттік. Солардың арасында «Тәржіман» газетінің көнерген беттері көзге оттай басылды. Заманында Абайға да, алаш арыстарына да рухани ұстаз болған Исмаил Гаспыралының қазақтар туралы жазған мақалалары. Соның ішінде 1909 жылы 13 қазанда жарық көрген бір мақала айрықша назарымызды аударды.

Бірінші беттен жарық көрген бас мақала «Түркістанда темір жолдары және біз» деп аталады екен. «Келсе сабан, бітер шопан. Жетсе заман, қоймас аман. Енді бес-он жыл өтер-өтпей темір шыбықтар қадалып, отарбалар қазақ даласының бір басынан кіріп, екінші ұшынан шығады. Темір жолмен бірге көптеген сатушы мен алушы, қарашекпенді мен үдере көшкен мұжықтар селдей сапырылысып келетіні мәлім. Бұдан да үлкен өзгеріс қазақ дүниесінде орнайды. Бейғам, алаңсыз отырғандар опық жейді. Өйткені осы күнге дейін қазақтың көпшілігі бір жерге тұрақтамай, далада, сахарада малдың соңында көшіп-қонып жүр. Ішкі Ресейден ағылып келіп жатқан қарашекпенділер қазақ арасына кіріп, суы мол, егіндікке жарайтын шүйгін жерлерге қоныстанып алып, ауыл салып, қазақтарды тақыр далаға көшуге күштеп жатыр. Жайылымсыз, сусыз қалатын, бауы, бақшасы жоқ қазақтардың малы қырыла түседі, бұл – жаратылыс заңы бойынша қазақ халқының қырғынға ұшырауына апарып соғады, бұдан құдай сақтасын... Алайда адамдардың да дайындықсыз, қол қусырып, бейғам қарап отыруына болмайды. Қазақтар қолдарындағы бар қыстауларын жақсы сақтап, жері жоқтар да өз үлестерін алып, ел қондырып, жұрт болып, ауыл салсын, ноғай, сарт, орыс сияқты отырықшы салтқа көшсін, өйткені бұл заманда ел болып қалу аттың жалында, түйенің қомында емес, егіншіліктің қолында! Патшаның әмірінен де қатал болып саналатын заманның үкімі осылай бұйырады. Соңғы 40-50 жылда бастан өткергендерін аздап ойға алса, сөздің түбіне бойласа, қандастарымыз айтқанымызды түсінер еді... Мақаламыздың басында «келсе сабан – бітер шопан» деп жазған едік. Қырым хандығының жергілікті халқы да қазақтар сияқты бейғам еді, малдың соңында көшіп-қонып жүрер еді, орыстар мен немістер келіп қала салды, бауырларымыздың жағдайы ауырлай түсті. Қазір көбінің бейіттерінің қайда қалғаны да белгісіз. Бүгінгі Ставрополь, Екатеринослав (қазіргі Днепр – ДҚ), Герцен, Бесарабия губерниялары түріктің жері еді, бүгін бұл жерлерде бірде-бір қонысымыз, тіпті шағын ауылымыз да қалмады, бәрінен айырылдық. Халқымыз қырылды, малына жайылым болмай, өзі жұмыс таппай, қауқары қалмады. Біздің бұл жазғанымызды қазақтың мыңнан бірі де оқымайтынын білеміз, оқи алса, осы күнге дейін мал соңында бейғам жүрмес еді. Сонда мақаланы кім үшін жазып отырмыз? Қазақ арасында ғалым, саудагер, мұғалім, шәкірт болып жүрген бауырларымыз осы жазбаны ескерсе екен. Құдайдың қалауымен бүгін Қожа Ахмет Ясауи әзірет қайта тіріліп, кесенесінен шыға келсе, дін таратумен айналыспас еді. Өйткені қазақтың бәрі мұсылман. Алайда әзірет қауымының қазіргі жағдайын көріп, дүлділіне мініп, қара Ертістен Алатауға, Омбыдан Әмударияға дейін тоқтаусыз шауып өтіп, бүкіл далаға, тау мен тасқа даусы жетердей «тез жұрт болып қоныстаныңдар, егін салып, ел болып орнығыңдар! деп жар салар еді. Басында ойы, көкірегінде мейірімі бар әркім тілі жеткенше қазақтарды оятуға, тезірек қоныстануға шақыруы керек. Бұл іс – қоғамдық, әлеуметтік, тарихи һәм ұлттық қасиетті парызымыз! Қазақтан шыққан социал-демократтар бізді ұқпайды. Еуропаның пролетариаты үшін қанды жасын төгіп жүргені дұрыс шығар, алайда өз бауырыңыз, бірге туған қазақтарға аз болса да, құлақ түріңіз», деп жазыпты жарықтық. Туғандары үшін торғайдай шырылдап, ағайынға араша сұрапты. Бұдан артық қалай жазуға болады...

Әлбетте Гаспыралының жазғандарын алаш ардақтылары оқыған болар. Әйтсе де саналы ғұмырын түгел түркіге арнаған сұңғыланың айтқаны айдай келді. Бейғам отырған қазақтар шұрайлы жерлерінен айырылды. Егін егіп, жерді саумағандықтан, малынан айырылған сәтте аштықтан қынадай қырылды. Кеңес өкіметі келіп, кеңірдектен қысқанда халқымыз жартысынан айырылды. Жарықтықтың сөзіне дер кезінде құлақ салып, жұрт болып жұмылып жермен айналысқанда, бәлкім аштықтан аман қалып, қазір кемінде қырық миллионнан асып отырар ма едік, кім білсін? Бұл сөзімізге отырықшы өзбек ағайынның өсімі дәлел болса керек.

Жә, сол тұста алты миллионнан асқан алаш үштен екісінен айырылып, алапат апат пен сұрапыл сұмдық зауалды бастан кешсе де, ақыры азаттық алып, егемен ел болып, еңсе тіктеді. Біріккен Ұлттар Ұйымында мойындалған мемлекетке айналды. Дегенмен, мәселелер әлі де жоқ емес. Әсіресе індет кезінде дүние дидары өзгеріп, көптеген құндылық қайта қаралып жатыр. Аузы дуалы сарапшылар әлемнің енді бұрынғыдай болмайтынын айтуда. Сондықтан осындай кезеңде Гаспыралы жарықтық келіп, қазіргі жайымызды көрсе, бізге не айтар еді?

Біздіңше, бірліктің ұраншысы болған тұғырлы тұлға әуелі елдікті сақтау үшін ағайынның ауызбірлігі мен ынтымағын айтар еді, бауырларын тілде, пікірде, істе бірлікке шақырар еді. Сосын бүкіл саналы ғұмырын білімге арнаған ұстаз өзі жалықпай айтып кеткендей, жастарды ғылым мен білімге үндер ме еді? Одан кейін, тағы да жерді еміп, адал еңбек етіп, ата кәсіпті жандандыруға шақырар ма еді, кім білсін?

Алдыңғы екеуі түсінікті, неге ата кәсіп? Бұл сауалға жауап бермес бұрын тағы да отырықшылыққа ерте көшкен ағайындарға қарайықшы. Мәселен, түрік немесе іргелес өзбек туған қайда бармасын, әуелі асханасын ашып алады, сосын мешітін салып, имамын сайлайды, артынан шаштаразы жетеді. Сол елге әртүрлі кәсіп қуып, сауда жасап барғандар өзінің ұлттық асханасына жиылып, адал асын ішеді, шаштаразға барып, тазалығын ретке келтіреді, мешітіне барып, өз тілінде уағыз тыңдап, бірлігін бекемдейді. Осылайша бір қауым ел болып, махалла құрып, тілі мен ділін, дәстүрі мен болмысын сақтап отырады. Асхана мен мешіт түсінікті, шаштаразға да жеңіл қарамаңыз, бабаларымыз құт қашады деп басына да, шашына да өзге ұлттың қолын тигізбеген, бұған аса мән берген. Ал шаштаразды кәсіп деп есептей қоймайтын, асханаға болса да аса жоламайтын халқымыз шетке шықса өзгенің асын ішіп, өзгеге шашын қидырып, ақыры өзге тілде сөйлеп, басқаның болмысын қабылдап, барған жеріне сіңіп кетіп жататыны тағы жасырын емес. Демек, сыртта ұлттық қалпыңды сақтау үшін оған ұйытқы болатын ата кәсіптер керек екен.

Асхана демекші, сыртта ғана емес, еліміздің өзінде, тіпті елордада қанша қазақ асханасы бар? Таза ұлттық тағамдарды әзірлейтін, оларды баптап, жөн-жоралғысымен ұсынатын асхананы шам жағып, шырақ алып іздесеңіз таппайсыз. Елімізге келіп, ұлттық тағамымызды сұраған шетелдіктерді де «Бұхара», «Кишлак», «Хиуа», «Узбечка» сияқты толып жатқан шығыстық үлгідегі асханаларға апаруға тура келетіні де сондықтан. Сонда сан ғасырлық бай асханамыз қайда кетті? «Бешбармақтан» басқа тамағымыз жоқ сияқты. Еттен астың неше атасын жасайтын дастарханымыз қайда? Оны неге кәсіп ретінде дамыта алмай отырмыз? Сүттен түрлі тағам жасайтын баба дәстүрі қайда кетті? Аталарымыз ғасырлар бойы тұтынған тамақты, тіпті, мысалы, тарыдан, бидайдан, арпадан жасалатын қарапайым көжені іше алмағаннан кейін, асқазанымыз ғана емес, болмысымыз да бұзылмай ма? Немесе қазақтың ата кәсібі болып саналатын малдың өзін алайық. Ауылда төрт түлік малды түлетіп отырып, сиыр саумай, күбі піспей, ірімшік жасамай, айран ұйытпай, маргарин майды талғажау ететіндерді талай көріп жүрміз. Мал бағатын, малдың жөнін білетін адам табу қиын дейді білетіндер. Мал мен етті көрші елдер мен Еуропаны айтпаған күннің өзінде, сонау Аустралия мен Америкадан тасимыз. Асыл тұқымды мал басы көбіне қағаз бетінде ғана бар. Сол малдың жүнін қырқып, одан киіз басқан, кілем тоқыған, алаша өрген, кесте тіккен қазақтың қыздары мен әжелері қайда? Осы өрелі өнермен бірге небір ою-өрнектеріміз, ғасырлар қойнауынан үзілмей жалғасып келе жатқан сән-салтанатымыз да жойылып бара жатқандай. Бауырлас Әзербайжан мен Түрікменстан, Алатаудың арғы жағындағы қырғыз елі кілемді брендке айналдырып, ұлттық құндылық ретінде сақтап отыр. Ал малдың терісін илеп, одан тон мен етіктің небір түрлерін тігетін шеберлерді тіпті таппайсыз. Есесіне тері тонды тігуді бізден үйренген елдерден оны қымбатқа сатып аламыз. Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында атап көрсеткендей, темірден түйін түйген алғашқы ұсталар осы даладан шыққан еді. Әлемдегі ең алғашқы кілемді де біздің бабаларымыз тоқығанын білеміз. Теміршіліктің, зергерліктің, ұсталықтың ата кәсіптен шыққалы қай заман? Төс пен балғаны білмейтін, оны қолдану былай тұрсын, қасиетін де сезінбейтін ұрпақ қалыптасып үлгерді. Темірден түйін түйген ұсталық жаһанға осы даладан тараған жоқ па еді? Сол сияқты оташылық, емшілік, сынықшылық сияқты кәсіптер де ұмытылды. Соның салдарынан жүздеген, тіпті мыңдаған шипалы өсімдіктің аттарын ұмытып қалдық. Дермене, киікоты, долана сияқты дәрумен өсімдіктер даламыздан жойылып та барады. Жоғарыда бірнеше мысал ғана келтірдік, ал осы сияқты қаншама ата кәсібімізден қол үздік. Сөйтіп отырып, ауылда жұмыс жоқ, қариялардың зейнетақысына ғана телміріп қалдық дейміз. Ал қарапайым ата кәсіптерімізді дамытып, дөңгелетіп әкетуге не кедергі? Жемқорлықтың жегі құрт екені белгілі. Бірақ оны жеңуге жігерлік танытпай, бір жерге қарауыл болғанды немесе жалданып жұмыс істегенді артық көреміз...

Байқап, бажайлап, қарасақ, ата кәсіптен қол үзу – салт пен дәстүрден, тарих пен тамырдан, жосық пен жоралғыдан қол үзуге, болмыстан ажырап, тіпті тілдің құнарынан айырылуға апарып соғады екен. Осы кәсіптерді жоғалту салдарынан қаншама керемет сөз тілдік қолданысымыздан шығып қалды. Жеген асымыз, тұтынған затымыз біздің бет-бейнемізді, тұрмыс-салтымызды, сана-сезімімізді қалыптастырады, сондықтан оны ұмыту тамырымыздан ажырауға ұрындырады.

Әрине қазақ баласы ғарышты бағындыруы керек. Жоғары технологияны игеріп, заманның көшінен қалмауы тиіс. Тіпті ұлтымыз алғыр болғандықтан, ұрпағымыз уақыттан оза шауып, көштің алдында жүруге лайықты. Бірақ бұл біздің ата кәсіпті ұмытуға, одан қол үзуге кедергі ме? «Жігітке жеті өнер аз» деген, тон пішіп, етік тігу немесе ет асып, темір соғу кімге де болса артық етпейтіні бесенеден белгілі. Сондықтан мұнайдың бағасы құбылып тұрған кезде, тағдырымызды бір салаға байламай, ата кәсіпті дамытуды, оған жағдай жасауды ұлттық экономиканы өрістетудің амалы ретінде қарастырған жөн сияқты. Бұл үшін ауылдың қазығы болатын ата кәсіп түрлерін анықтап, мемлекет тарапынан оны «ұлттық құндылықты сақтаушы» ретінде танып, айрықша қолдау көрсетіп, субсидиялап, тіпті салықтан босатса да, артық емес деп ойлаймыз. Ел Президентінің таяуда төтенше жағдайға байланысты шағын және орта кәсіпкерлікті барлық салық және міндетті төлемдерден босату туралы шешімі бұл орайда үлкен демеу, нақты қолдау болды деп ойлаймыз.

Қазір көптеген мектепте еңбек сабағына көп мән берілмейтіні байқалады, тіпті кейбір ауыл мектептерінде арнайы құралдармен жабдықталған еңбек кабинеттері жоқ. Сондықтан ауылдан шыққан кәсіпкерлер туған жерін түлету мақсатында әсіресе еңбек кабинеттерін жасақтауға қолқабыс жасаса, ізгі сауапты іс болар еді. Мұндай игілікті істі атқарып жүрген жомарт жандар аз емес, алайда оның үрдіске айналуы қажет-ақ. Сонымен қатар кәсіптік-техникалық мектептердің көбірек ашылуы да әр азаматтың бір кәсіпті игеріп шығуына игі әсерін тигізері анық. Дәнекерлеуші, электрик сынды күнделікті өмірде жиі қажеттілік туындайтын мамандықтар ұлтымыздың жаңа ата кәсіптеріне айналуы тиіс. Бәлкім, мына оқшаулану заманында сыртпен байланыс азайып бәсекелестік бәсең алғандықтан, ата кәсіптерді қолға алып, оларды қолдау үшін таптырмас мүмкіндік шығар. Бұл ретте айта кетерлік жайт, ата кәсіпке баулуды, жалпы еңбек мәдениетін қалыптастыруды, еңбек пен еңбек адамына құрметпен қарап, еріншектік пен масылдықты ұят көруді, ата кәсіпке – өнер, еңбекке де мәдениет ретінде қарауды мектеп табалдырығынан, тіпті балабақшадан бастап жүргізген жөн сияқты. Табыстың адал еңбек арқылы келерін, нәсібіміздің кәсібімізде екенін бала жастан бойына сіңіріп өскендер «түрлі алаяқтыққа» алданбас еді.

«Қулық саумақ, көз сүзіп, тіленіп, адам саумақ – өнерсіз иттің ісі. Әуелі құдайға сыйынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді сау, еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды», дейді данышпан Абай. Одан артық не айтуға болады?

Дархан ҚЫДЫРӘЛІ

egemen.kz

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT