Атырауда тұрғындарға қолайлы болуы үшін ауыл шаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі қаланың екі жерінде ұйымдастырылуда деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі қалалық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Апта сайын ұйымдастырылып жатқан ауыл шаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесін осы уақытқа дейін «Сарайшық» коммуналдық базарында ұйымдастырып келген едік. Міне, екінші апта болды оны «Мұнайшы» спорт кешенінің маңына көшірдік. Қала тұрғындары дән риза», - деп атап өтті қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Р. Давлетов.
«Ауыл шаруашылық өнімдерінің піскен шағында біз тек орталық базарға келіп көтерме бағамен сатып кететінбіз. Қазір өзіміз келіп сауда-саттық жасап жатырмыз. Бұл біз үшін өте қолайлы», - деп атап өтті жеке кәсіпкерлер.
Естеріңізге сала кетелік, аптаның сенбі, жексенбі күндері ұйымдастырылып жүрген жәрмеңке нүктелері «Сарайшық» коммуналдық базарында және «Мұнайшы» спорт кешеніндегі екі жерде орналасқан.
материал: ашық дереккөзден