Мәдениет бөлімінен жағымды жаңалықтар легі келіп түсті.
Алдымен, жақында ғана өткен Республикалық "Жас толқын" балалар мен жасөспірімдер байқауында "Дәстүрлі ән" жанры бойынша жерлесіміз Ишан Анайы бас жүлдені жеңіп алса, тағы бір республикалық дарынды балалар мен жасөспірімдер арасындағы "Өлең - сөздің патшасы, сөз сарасы" өнер байқауында, көркем сөз номинациясы бойынша Мейілхан Сәбит те алдына жан салмай, бас жүлдеге ие болды.
Өңірде өтіп жатқан байрақты бәсекелерде бас жүлде алғандардың тізімі қос мақтанышымызбен шектелмеді. Атырау қаласында өткізілген «Қазақстан таланттары» тақырыбымен Ұлы ақын А.Құнанбаевтың 175 жылдық, Әлемнің екінші ұстазы атанған Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық, Түркі әлемнің ұлы ойшылы Ж.Баласағұнның 1000 жылдық, Қазтуған жырау Сүйіншіұлының 600 жылдық, күйшілер Д.Шығайұлы мен А.Тарақұлының 200 жылдық, Кеңес одағының батыры Т.Тоқтаровтың 100 жылдық мерейтойларына арналған «Мәңгілік ел алыптары» атты Республикалық рухани-патриоттық байқауына би жанры бойынша қатысқан, аудандық мәдениет үйінің жанындағы би үйірмесінің «Шаттық» кіші би тобы мен «Сымбат» орта би тобы бас жүлдеге ие болып, Алматы қаласында өтетін Халықаралық байқауға тегін жолдама алды.
Аудандық мәдениет үйінің басшысы К.Тулебаева «Қазақстан таланттары» өнер – білім дамыту орталығының алғыс хатымен, би үйірмесінің жетекшісі Н.Базаркулова байқаудың «Шығармашыл педагог» дипломымен және «Үздік көшбасшы педагог» төсбелгісімен марапатталды.
Жеңістің биік шыңдарынан көріне беріңіздер.
М.Т