ҚР Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев Үкімет отырысында жазғы каникул кезеңінде балаларға арналған спорттық іс-шараларды ұйымдастыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Ол жазғы демалыс кезінде балалар мен жасөспірімдерге арналған Президент тесттері, «Kapshagai kids Trophy» республикалық футбол турнирі өткізілетінін хабарлады. Сондай-ақ ауыл мектептері арасында «Ауыл спорты» кешенді жарыстары, ауыл балалары арасында футболдан «Halyk OPEN CUP» республикалық турнирі өтеді.
Балалардың бос уақыты мен спорттық дайындығы үшін «Қолжетімді спорт» және «Аула Фит» жобалары табысты іске асырылуда. Мемлекеттік спорттық тапсырыс шеңберінде 7 мыңнан астам спорт секциясы жұмыс істейді. Оған 250 мыңнан астам балалар мен жасөспірімдер тегін қатысады. Бұл бағдарлама жазғы демалыс кезінде жүзеге асырылады.
«Республиканың барлық өңірінде Балаларды қорғау күніне және Спорт күніне арналған халық арасында спорттық-бұқаралық және сауықтыру іс-шаралары өтеді. Сонымен қатар жыл сайын жалпы білім беретін мектептер арасында 10 спорт түрі бойынша ұлттық мектеп спорт лигасы өткізіледі», — деді Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев.
Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға айрықша көңіл бөлінетіні атап өтілді.
Бұл бағытта мүмкіндігі шектеулі балалар мен жасөспірімдердің спортпен шұғылдануға, салауатты өмір салтын ұстануға, олардың спорттағы талантын дамытуға әрі ынтасын арттыруға арналған іс-шаралар өткізілетін болады. Мәселен, жазда спорттың 7 түрі бойынша «Жұлдызай» Ұлттық инклюзивті ойындарының өңірлік іріктеу жарыстары жалғасады.
Сонымен қатар ұлттық спорт түрлері бойынша тоғызқұмалақтан «Жас үміт» республикалық турнирі, жамбы атудан жасөспірімдер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионаты, 2012-2013 жылы туған балалар арасында қазақ күресінен Қазақстан Республикасының біріншілігі, жасөспірімдер арасында асық атудан Қазақстан Республикасының чемпионаты жоспарланған.