Доссор мәдениет үйінде ауданның ардагер жайдарманшысы Тарскиев Сәуірбектің ұйымдастыруымен «Қысқы кубок» КТК әзілкештерінің ойыны өтті.
Ойынды ұйымдастырудың басты мақсаты көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, жастарды ұлтжандылық пен шығармашылыққа тәрбиелеу болды.
Қатысушы командалар «Сәлемдесу», «Командалық жамбы ату», «Сұрақ-жауап» тапсырмалары бойынша жайдарлы әзілдерді арқау етіп, көптің көңілін баурап алды. Қызықты да тартысты өткен сайыс қала тұрғындарына керемет көңіл-күй сыйлады.
Әзілкештердің әзілін қазылар алқасы Ташенов Ержан, Тарскиев Сәуірбек, Еримов Данияр бағалап отырды. Жас әзілкештердің әзілін бұлардан бөлек көрермен де таразылады. Залдағы көрерменді күлкіге кенелткен «жайдарманшыларға» дән риза болды. Ойынның қорытындысы бойынша барлық командалар үздік нәтижелер көрсетіп, мақтау қағаздарымен марапатталды.
Үздік әзілдерімен көрерменнің қошеметіне бөленген «Доссор» құрама командасы «Қысқы кубок» иегері атанып, 4-12 ақпан аралығында өтетін республикалық жайдарман ойындарының «Маусымашар-2019» фестиваліне қатысуға жолдама алды.
М.ІЗТҰРҒАНОВА,
Cурет автордікі.