Өткен аптада Құлсары қаласында «Қазақстан таланттары» өнер және білім дамыту шығармашылық орталығының ұйымдастыруымен бірінші республикалық «Ұлы дала ұрпағымыз» балалар мен жастар байқауы өтті.
Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Мәңгілік ел» идеясын қолдау және жасөспірімдер мен жастар арасында оны кеңінен насихаттауды мақсат еткен байқау дарынды балаларды бағалады. Е
л тарихы мен мәдениетіне құрметпен қарап, рухани байлыққа ұмтылуға насихаттаған байқауға Мақат балалар өнер мектебінен домбыра-тенор номинациясы бойынша қатысқан жас маман Жайлыхан Ұзақбаева ІІ орынға, қобыз-прима бойынша қатысқан балдырған топ оқушысы Еркеназ Әнуар мен жеткіншек топ оқушысы Кәмшат Есназар І орын, балдырған топ оқушысы Арай Салаватқызы ІІ орын жүлдесін иеленді.
Сырнай номинациясы бойынша қатысқан Рамазан Сабыржанов І орынды жеңіп алды. Өнер байқауының лауреаттарын дайындаған мектебіміздің оқытушысы Райхан Қартбаева «Қазақстан таланттары» өнер және білім дамыту шығармашылық орталығының «Үздік тәлімгер» төсбелгісімен және алғыс хатымен марапатталды.
Асқар ДҮЙСЕНОВ,
директордың тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары.