Аудандық мәдениет үйінде қазақтың аса көрнекті күйшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері "Домалақ ана", "Құрманғазы - күй дүлдүл", "Күй ата" және тағы да басқа күйлердің авторы Шәміл Әбілтаймен "Шыңырау Шәміл" атты кездесу кеші өтті.
Шараны күйшінің жерлесі, Қазақстан Жазушылар Одағының Атырау облыстық филиалының директоры Қойшығұл Жылқышиев жүргізді. Қазақ күйлерін насихаттауды басты мақсат еткен меймандар бұған дейін бірнеше ауылдарды аралап үлгерген.
Кеш жүргізушісі күйшіге Кеңес үкіметі кезінде таңдаулы-таңдаулы деген өрен жүйріктерге табыс етілетін Қазақстанның Комсомол сыйлығының лауреаты атағын алған адам ретінде ерекше тоқталып, сонымен қатар күллі түркі дүниесінен алған "Озан" деген атағын елдің есіне бір салып өтті. Көпшілікті көп күттірместен, көрнекті күйші ағамыз домбырасын қолына алғанда "жарықтықтың көмейі ашылып", күмбір қаға жөнелді. Өнері тамған он саусағын қасиетті қара домбыраның пернелерін бойлап жүгірткенде күй кешіне жиналған әр қазақ "арқаланып" өзінің қазақ болып туылғанына тағы бір қуанғандай әсерде болды. Қуанбағанда ше? Қайғы мен қасіретін, қуаныш пен шаттығын қай халық осылай "қу ағашқа" хат қылып, ғасырдан ғасырға аманат ете білген. Тума таланттың қолында "тіл біткен" домбыра, жиналған жұртшылыққа құдды бір ағынан жарылғандай болды.
Осылайша күмбірлете шертілген домбыраның үнін, халықтың дуылдата соққан шапалағы жалғап, кештің көркін қыздырды. Домбырадан бөлек, ағамыз өз ауызымен өткен күндерден сыр шерте отырып, әр күйдің шығу тарихымен бөлісті. Мысалы, әйгілі "Адай" күйінің шығу тарихын мұндағылардың бірі білсе, бірі білмейтін еді. Шәміл ағамыз күйшілігінен бөлек, бірнеше әндердің де авторы екен. Күйшінің жазған әндерін алғаш тыңдаған адам, шығарманы бірден ән екен деп қабылдай қоюы екіталай. Себебі әннің басында ойналатын әуеннің өзі кәдімгі күйдің ырғағындай күрделі өрілген. Бұған дейін Құрманғазы мен Дәулеткерейдің "Жігер" күйі жұртшылыққа жақсы таныс болса, өз дәуіріміздің "Жігерін" Шәміл ағамыз өнер тілін тереңнен түсінетін Нұрлан Асқарұлына арнаған екен.
Халықтың қалаулысы ретінде мәңгі жадымыздан орын алған Дінмұхамбет Қонаев атамызға арналған арнауды да ағамыз аманат ретінде қайта орындап берді. Себебі осыдан қырық жыл бұрын Қонаевтың қабылдауында айтылған әнді Димекең маңдайынан сүйіп тұрып артынан елге жеткізерсің деп өтініш жасапты. Осы орайда жерлес күйшіміз Дендерден шыққан тағы бір дарабоз, облысымыздың айтыс өнерін өрге сүйреп жүрген, өнер жанашыры, замандасы Қойшығұл Өмірұлының портретін күй арқылы жасауды да ұмыт қалдырмапты. Сыйға сый ретінде жауап қатқан Қ.Жылқышиев көпшіліктің көзінше күйшіге арнаған өлеңін оқып беріп, серілердің сарқыты ретінде араларында орнаған жылы қарым-қатынасымен көрген жанның көзін сүйсіндірді.
Кеште сонымен қатар аудан өнерпаздары да атсалысып, жекелей және домбыраның қос дауысында кереметтей күйлер шертті. Қонағымызға жылы лебізімен, ақ алғысын білдіруге сахна төріне көтерілген аудан әкімінің орынбасары Н.Ерғалиев жетпісті алқымдаса да, жұртшылықтың ықыласына бөленіп жүрген атамызға ұзақ ғұмыр тілеп, естелік сыйлықтар табыс етті.
А.САДЫКОВ
Суреттер автордікі