Ақын, жазушы, Қазақстанның мемлекеттік гимнінің авторларының бірі – Жұмекен Нәжімеденов атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің республикалық конкурсы осымен төртінші жыл қатарынан өткізіліп отыр, деп хабарлайды өңірлік коммуникациялар қызметі.
Байқауға еліміздің әр өңірінен келген 18-35 жас аралығындағы 16 үміткер қатысып жатыр. Олар Жұмекеннің поэзия мен проза жанрындағы екі туындысынан үзінді оқып сайысатын болады.
![]()
Шараның ашылу салтанатында Атырау облысы әкімінің орынбасары Айбек Қрамбаев қатысушыларға өңір басшысы атынан алғыс білдіріп, Жұмекен Нәжімеденов шығармашылығын насихаттаудың жастар үшін маңыздылығын атап өтті.
![]()
Республикалық конкурс финалистерін бағалайтын қазылар алқасы төрағасы – ҚР Президенті сыйлығының лауреаты, Қазақстан жазушылар Одағы басқармасы төрағасының орынбасары Мереке Құлкенов. Сонымен бірге, қазылар алқасы құрамында белгілі өнер және мәдениет қайраткерлері Бауыржан Қарабеков, Жұмабай Құлиев, Серікқали Хасан, Әбілхан Төлеушов бар.
![]()
Әділ қазылардың айтуынша, қатысушыларды бағалау барысында олардың көркем мәтінді оқу шеберлігімен қатар, дауыс мәнеріне және тіл тазалығына, көркем мәтінді таңдау талғамы мен сахнада өзін-өзі ұстауына, тіпті, таңдаған сахналық киіміне баса мән беріледі.
![]()
Байқау жеңімпаздары дипломмен, алғыс хатпен және ақшалай сыйлықпен марапатталатын болады.
Жұмекен Нәжімеденов атындағы көркем сөз оқу шеберлерінің республикалық байқауы 18 қазанда қорытындыланады.
Өңірлік коммуникациялар қызметі
Сурет: ӨКҚ


