Ауданның мемлекеттік қызметкерлері арасында тоғызқұмалақтан облыстық лигаға іріктеу турнирі өткізілген болатын. Шаршы тақта маңына онлайн форматта топтасқан спорт сайысына 20 ойыншы қатысты. Тапқырлық, жүйріктік, ішкі түйсікті дамытуға ерекше ықпал ететін зияткерлік спорт түріне қызығушылық жергіліктті мемлекеттік қызметкерлер арасында жыл сайын артып келеді.
Сайыста ерлер мен әйелдер бөлек-бөлек бақ сынасты. Тартысты ойын барысында ауданы әкімі аппаратының азаматтық қорғау және жұмылдыру дайындығы бөлімі, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі, Бәйгетөбе ауылдық округі әкімдігі аппаратының қызметкерлері жеңіс тұғырынан көрінді. Атап айтсақ, әйелдер арасында Гүлсара Жаконова І орын иеленіп жеңімпаз атанса, Замира Ділекеева ІІ орын, Салтанат Қожағұлова ІІІ орын иеленді. Ал, ерлер арасында Нұрлан Исполов І орын, Жандарбек Сарбасов ІІ орын, Данабек Асанов ІІІ орынға қол жеткізді.
Ұлттық интеллектуалды ойын жарысының жеңімпаздарын аппарат басшысы Бекәділ Жайкин арнайы марапаттап, диплом және медаль табыстады. Қорытынды бойынша І, ІІ орын алған жүлдегерлер облыстық лигаға жолдама алды.
Айта кетейік, сайыс «Мемлекеттік қызметшінің жеті қазынасы» жобасы аясында жүзеге асты. Алдағы уақытта жоба аясында «Мемлекеттік қызмет білімнен емес-мінезден» тақырыбында пікірсайыс, «Үкілі домбыра», «Әдептілік дәстүрден», «Отбасым үйім, отбасым-тірегім» сынды байқауларды ұйымдастыру жоспарланып отыр.
М.ІЗТҰРҒАНОВА
Суреттер автордікі