Тәрбиенің бұлағы, үйдің шырағы -аналар

(0 Votes)

Қазақ халқы ертеден ене мен келін арасындағы қарым-қатынасқа ерекше көңіл бөліп, байыппен қараған. Бүгінде сол ата-анасынан көрген тәрбиесімен қайын жұртының ықыласы мен алғысына бөленіп жүрген келіндер аз емес. Сондай ізетті, сәлемі түзу, тамағының дәмі тіл үйіретін, он саусағынан өнер тамған келіндер өткен бейсенбі күні Мақат кентіндегі мәдениет үйінде сынға түсті.

Аудан әкімдігінің қолдауымен, аудандық ішкі саясат бөлімі мен жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткен «Жас ана» атты сайысқа әр салада жасайтын 14 үміткер қатысып, 6 тапсырма бойынша бақ сынасты. Халықаралық әйелдер күніне орайластырып ұйымдастырылған шараға көрермендер де көптеп жиналды.

Сайысқа қатысушылар да «Па, шіркін, қазақтың келіндері осындай-ақ болсайшы» дейтіндей бірінен-бірі өткен сұлу да көркем, он саусағынан өнер тамған шебер, үлкенді сыйлап, кішіні құрметтеген жандар екен. Байқау әдеттегідей таныстырудан басталды. Халыққа өздерін қазақы салтпен басын иіп, сәлем салып танысырып шыққан келіндер «Өнерлі өрге жүзер» атты бөлімде бірі мың бұралып билесе, бірі ән айтып, мәнерлеп өлең оқып, көріністер де қойды. Өнерлерінің көрермендер көңілінен шыққандығы олардың ыстық қошеметі мен құлақ тұнар шапалағынан байқады.

«Салт-дәстүрді білеміз бе?» атты бөлімде қатысушылар салт-дәстүрге қатысты сауалдарға жауап беріп, білімдерін сынады. Ал, қолөнер бөлімінде бір бұйым дайындап, ою ойды.

«Ас-адамның арқауы» бөлімінде келіндер дайындаған ас мәзірін видеоролик арқылы жасалу жолын көрсетіп, ұлттық тағам түрлерін ұсынды. Нағыз қазақтың келіні деген атқа ие болар келіндер қазіргі заманауи киім үлгілерін көрсетті.

Сайыс қорытындысында бас жүлдеге Б.Қанатбаев атындағы орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Альбина Қайыргужиева лайықталса, 1- орынды №54 балабақшаның саз жетекшісі Эльвира Аманғалиева, 2 -орынды "Нұрбөбек" балабақшасының əдіскері Гүлнұр Карлданова, 3-орынды Мақат мəдениет үйінің музыкалық жетекшісі Жайдар Исказиева иеленді.

«Шебер ана» атағын М.Баймұханов атындағы орта мектебінің технология пəнінің мұғалімі Əсем Кипова, аудандық орталық ауруханадан қатысқан үміткер Гүлжан Қожбанова «сүйкімді ана», "Қарлығаш" балабақшасының қызметкері Нұржамал Гумарова «ізетті ана» атауын иеленді. Қатысушылардың барлығына ұйымдастырушылар атынан дипломдар мен арнайы сыйлықтар табыс етілді.

А.ТАУМҰРЫНОВА.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT