Атырау қаласында халқымыздың ұлы перзенті, өр рухты ақын, отаршылдыққа қарсы азаттық қозғалысының ұранына айналған Махамбет Өтемісұлының шығармашылығына арналған республикалық «Махамбет оқулары» байқауы өз мәресіне жетті.
Биылғы рухани шараға еліміздің барлық 16 облысы мен 3 ірі қаласынан келген 100-ге жуық талантты оқушы қатысты.
Байқау бес бағыт бойынша ұйымдастырылды. «Ұлы арман» номинациясында қатысушылар Махамбет шығармаларына иллюстрациялық суреттер салды. «Ел құтқарар ер едім…» бағыты бойынша жас өрендер ақынның өлеңдерін жатқа оқып, орындаушылық шеберліктерін танытты. «Шашақты найза, шалқар күй» сайысында жас күйшілер Махамбет күйлерін орындаса, «Тартынбай сөйлер асылмын…» номинациясы жас ақындар мен шешендерге арналды. Ал «Біз неткен ер, неткен ер!..» шығармашылық қорғау бағыты бойынша оқушылар зерттеу, сахналық көрініс, эссе секілді жұмыстарын ұсынды.
Қорытындысында үздік өнер көрсеткен оқушылар марапатталды. «Ұлы арман» номинациясы бойынша І дәрежелі дипломды Атырау облысы, №15 С.Карабалин атындағы жалпы орта мектептің 8-сынып оқушысы Айсамал Қайырқұл иеленді. «Ел құтқарар ер едім…» номинациясы бойынша І дәрежелі дипломды Абай облысы, жалпы орта білім беретін мектептің 9-сынып оқушысы Мадина Амангелдина жеңіп алды. «Шашақты найза, шалқар күй» номинациясында Жамбыл облысы, Ю.Гагарин атындағы мектеп-лицейінің 9-сынып оқушысы Бақкелді Жанабек үздік деп танылды. «Тартынбай сөйлер асылмын…» мәнерлеп оқу номинациясы бойынша Жаңаөзен қаласы №2 жалпы орта білім беретін мектептің 10-сынып оқушысы Әділбек Ниетқабыл І дәрежелі дипломмен марапатталды. Ал «Біз неткен ер, неткен ер? Сергелдеңмен өткен ер» номинациясы бойынша Алматы қаласы №107 лицейінің 10-сынып оқушысы Назгүл Орынғали І дәрежелі диплом иегері атанды.
Сондай-ақ, өз номинациялары бойынша ерекше көзге түскен көптеген жас дарындар ІІ және ІІІ дәрежелі дипломдармен марапатталды. Байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне марапаттарды Білім беру басқармасының басшысы Марат Әбуов салтанатты түрде табыс етті.
Еркеназ ҚАЛИЖАН