Германияда жастар арасында бокстан өткен Brundenburg-Cup 2019 халықаралық турнирінде қазақстандық былғары қолғап шеберлері 8 медаль жеңіп алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
ҚР Бокс федерациясы хабарлағандай, қазақстандық боксшылар аталған турнирден үш алтын, бір күміс және төрт қола медаль жеңіп алды.
Алғашқы алтынды 56 келі салмақта Жексен Бейбарыс жеңіп алса, екінші чемпиондық атаққа 60 келі салмақта Аширхан Айтжан қол жеткізді. Ал ел қоржынына үшінші алтынды 91 келі салмақта Тоғамбай Сағындық салды.
Жалғыз күмісті 52 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен Талғат Сырымбетов жеңіп алса, қола медальға Мұхамедсабыр Базарбайұлы (49 кг), Дархан Дүйсебай (64 кг), Қуандық Мақсұт (81 кг) және Аманат Сабырғали (+91 кг) ие болды.
Сондай-ақ, 60 келі салмақ дәрежесінде жұдырықтасқан Әшірхан Айтжан «турнирдің үздік боксшысы» атанды.
Жалпы финалда 21 елдің өкілдері чемпиондық атаққа таласты. Олардың арасында Ресей, Украина, Франция, Германия, Дания, Румыния, Польша, Уэльс, Аргентина және басқа да Еуропа елдерінің боксшылары болды.
Жалпыкомандалық есепте Ресей құрамасы топ жарды. Турнир ағымдағы жылдың қыркүйек айында Болгарияда өтетін жасөспірімдер арасындағы бокстан Еуропа чемпионатына дайындық аясында ұйымдастырылды.
Материал ашық дереккөзден