Фариза Оңғарсынованың туғанына – 85 жыл
Қазақтың дара қызы, поэзия падишасы атанған Фариза Оңғарсынова апамыз сырттай қарағанда сұсты, ауыр мінезді, қатал секілді көрінгенімен, шындығында, ол адам жанын жүрегімен түсінетін, өзі ұнатқан адамына сый-құрметпен қарайтын, жаны нәзік, тек оны сыртына көп білдіре бермейтін өр мінезді адам болатын. Ол – көркемсөз майданында ақын мен жазушыға тән ерлік, батылдық, адалдық, ұлтжандылық, намысқойлық және адамгершілік секілді қасиеттердің биігінен көрінген ақын.
«Табиғатым жасандылыққа қарсы»
Фариза апа өзі жанына жақын балайтын адамдармен өзге адамдар секілді сырласып, әңгімелесіп, ойларын бөлісіп отыратын. Өзінің «Тірлігімнің мазмұны – аналығым» бағдарламасына берген сұхбатында: «Жақсы көрген жігітім жол апатынан көз жұмды. Содан кейін қатты ауырып жатып қалдым. Жан дүнием біреуді жақсы көрсе, оны өмір бойы сүйіп өтеді. Сөзімнен еш айнымаймын. Алла тағала жаратқан болмысым осы болғандықтан, оны өзгерте алмаймын. Өзімді зорлағым да келмейді. Жалпы, табиғатым жасандылыққа қарсы»,- деген екен.
Фариза Оңғарсынқызы Ленин комсомолы орталық комитетінің, Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің Құрмет грамоталарымен марапатталған, «Парасат», «Құрмет белгісі» ордендерінің иегері, қазіргі заманғы қазақ әдебиетіне өктем түрде кірген ақын поэзиясының өмірбаяны оның 1966 жылы «Сандуғаш» деген атпен алғашқы өлеңдер жинағының жарық көруімен басталған еді. Сол кезде мектептің соңғы сыныбында оқып жүрген біз үшін ақын қыздың өлеңдер жинағы бойтұмардай қолымыздан түспейтін кітапшаға айналған-ды. Ондағы өлеңдерді жатқа айтып, бір-біріміздің альбомымызға ескерткіш етіп жазуға асығатынбыз. Кейін мектепте ұстаздық қызмет атқарып жүрген кезімізде досым, марқұм Ұлжан екеуміз «Ақынжанды болмаған, математик те бола алмайды» дегендей, мамандығымыз математик болса да, жас маман кезімізден өлең оқып, жаттауға құмар болдық.
«Сен мені түсінсеңші»
Қыз бала болғандықтан ба, әлде Фариза ақынның өлеңдері рухты, өршіл, сонымен қатар кейінгі ұрпақты ерлікке, Отанын, елін сүюге, қыздарды нәзік те намысшыл болуға баулып, туған жер мен адамзатты қадірлеуге апаратын жол санағаннан ба, әйтеуір Фариза ақынның өлеңдерін көбірек оқып, жаттайтынбыз. Сонымен қатар, ақынның өлеңдері ел мен жер, отаншылдық, адалдық пен шыншылдық, достық пен махаббат, қыздар мен әйелдер, тағы басқа өмір иірімдерінің түрлеріне арналғандығы да жүрекке жақын болатын және өмірдегі кейбір ащы шындықтың да бетін ашып, сол арқылы еліміздің, ұлтымыздың көшін дұрыс жолға бағыттауға да ықпал етіп отыратын.
Фариза апаның «Сенің махаббатың» (1979 ж), «Жүрек күнделігі» (1984 ж.), «Шашы ағарған қыз» (1990 ж.), «Қыз ғұмыр» (1996 ж.) және т.б. өлеңдер жинақтарын жата-жастана оқып, біраз өлеңдерін жаттап алатынбыз.
«Сен мені түсінсеңші.
Түсінер деп жыр — маржан төгіледі
(төгілсе жыр сол ғана — көңіл емі).
Қошқар мүйіз әжемнің теруіндей
сөз тізбегі кеудемде өріледі.
Өзің жоқсың жанымда.
Теңіз көңіл қалайша толқымасын
(есің шығып сүймесең, ол күнә шын),
Мәңгі кетер өзіммен мұң-қайғымды,
сен де түсінбеген боп, тор құрасың…» деген өлеңнен басталатын «Жүрек күнделігі» (1984 ж.) лирика кітабына: «Бақыт сіңліме, барлық жақсылықты тілейтін Фариза апайыңнан»,- деп өз қолымен жазғанын бойтұмардай сақтап келемін.
Бұл өлеңнің мазмұнынан сырттай қарағанда қатал секілді көрінетін ақынның жүрегі нәзік, сезімі сергек, оның да адамзат баласына нәсіп етілген сезімдердің иесі екенін түсінуге болады.
Фариза Оңғарсынова өзінің ақындық миссиясы туралы «Ақын» атты өлеңінде жазып кеткендей:
Ақынның нәзік жүрегі
самалдан тоңар гүл еді.
Халқының махаббатымен
ақсұңқар құстай түледі,
ел ғана — тұғыр, тірегі.
Әділет үшін жан салып,
алдында тұрсын қанша алып —
шындыққа жетпей тынбайды,
қияметтерге қарсы ағып,
баурайды сонда бал шабыт.
Сұлулық пенен пәктіктен
рақат күткен, бақ күткен,
шығып кеткенше ақтық дем,
арпалысып өтер қасқайып,
күңкілмен, бұқпа сақтықпен.
Аялап туған ел, жерін,
өнерін, тілін, ерлерін
қастерлер елдің туындай.
Аяла халқым, суынбай
Бұқардың мұрагерлерін!
Фариза, Фаризажан,
Фариза қыз!
Оқырманның жасына, әлеуметтік ерекшелігіне қарамастан, Фариза апаның жырлары баршаның жүрегінен орын алатындай еді. Сонымен қатар, апамыз өлеңдерін ұлттық құндылықтарымыздың негізі болып табылатын туған жер, ауыл өмірі, отбасының ұйытқысы – қазақтың шаңырағы, ананың әлдиі, қыр қазағының өмірі және адамзат өмірінің түрлі иірімдеріне де арнап, ұлтымыздың ұрпақ тәрбиесіндегі ізгі ұстанымдары туралы да қалам тербеген.
Мысалы, мына бір «Қыр қазағының қартайғандағы сөзі» деген өлеңінде қыр қазағының бітім болмысын, ұрпаққа берер ұлттық тәрбиесін, қазақтың сайын даладағы еркіндігін былайша көрсетеді:
Біз далада өскенбіз
арғымақ аттың жалынан тартып
мінуді жастай армандап,
(жаяулап кешкен тіршілік құрысын
таңдайың кеуіп, тал қармап!),
сонан соң біздер ойқастаушы едік
күміспен күптеп тұрманды,
көрінуші еді түк еместей боп
дүниедегі қалған бақ.
Тарпаң тұлпардың тұяғымен тіліп
бозала таңның көрпесін
шыққанда, шіркін, әлем дегенің
табынып бізге, таңданды-ақ!
Бозбала болдық.
Құр асауларға құрық салғанда дірдектеп тұрған шақтар-ай!
Қызыл түлкіге қыран салмаушы ек баптамай.
Ата-бабаның аруағына тілін тигізгендерді
тынбадық, тәубаға келтіріп таптамай!
Ақсақалдардың алдында ғана кішілігімізді көргенде,
таңданған еді жат талай…
Фариза апа қазақ халқының, өзі секілді әріптестерінің, өлеңсүйер жастардың да сағынып көрісетін, қиналғанда мұңын шағып сырласатын қадірлісі болғандығы туралы қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мұқатаев ағамыздың мына бір өлеңі көптің көкейіндегісін дөп басқандай:
Фариза, Фаризажан, Фариза қыз!
Өмірде ақындардың бәрі жалғыз.
Шыдай-шыдай ақыры жалығармыз,
Бірімізден-біріміз арылармыз.
Біздерді де іздейтін жан болса егер,
Шаң басқан архивтерден табылармыз.
Сен мені білесің бе, білесің бе?
Жаралмаған жан екем күресуге.
Жылай жүріп, өтірік күлесің де.
Жүресің де қоясың, жүресің де.
Бірі итеріп кеудемнен, бірі шалып
Тастағысы келеді күресінге,
Фаризажан, сен соны білесің бе?..
Өлеңді жансерігіне айналдырған жан
Фариза Оңғарсынова атыраулық жерлестерінің қымбаттысы да қадірлісі болғаны баршаға аян. Апамыз Атырауға келген кезде үнемі болмағанмен, көрісіп, кездесіп тұратынбыз. Кезекті бір келгенінде: «Бақыт, келген сайынғы үнемі ресми кездесулерден шаршап кеттім. Келесі келгенде өзіміз қыздар болып, әңгімемізді айтып отырайықшы. Кімдерді қосу керек екенін өзім айтамын», — деп еді. Бірақ, тағдыр ол кездесуді бізге бұйыртпады. Алаш жұрты қазақтың біртуар қызы, ақын, халық жазушысын ақтық сапарға 2014 жылдың 23 қаңтарында шығарып салды.
Фариза апаның артына қалдырған мол мұрасы – тек сыршыл да жүрекке жылы өлеңдері ғана емес, қазақ қызына тән өрлік, ерлік, батылдық, мейірімділік, нәзіктік пен кеңпейілділік секілді көптеген қасиеттер тоғысқан тұтас бейнесі болып табылады. Оның өлеңдері ел мен жер, адалдық пен шыншылдық, достық пен махаббат, қыздар мен әйелдер және тағы басқа өмір иірімдерінің түрлерін табуға болатын жол көрсеткіш секілді еді. Оның өлеңді қиналғанда сүйенетін, қуанғанда шаттанатын, мұңын бөлісетін өзінің жансерігіне айналдырған ерекше жаратылған жан екенін мына өлеңінен байқауға болады:
«Дара күндерімнің,
нала түндерімнің
серігі болғаның үшін,
сенімі болғаның үшін
мен сені аялаймын.
Біреудің пасықтығынан,
біреудің жасып мұңынан,
жүрегім сыздаған кезде,
жаным мұздаған кезде
мен сені саялаймын,-дей келе «Өлең, мен сені аялап өтем!» дейді.
Фариза ақын тірі болғанда осы жылы халқы 85 жасқа толғанын тойлап, небір әдемі кездесулер, жыр мерекелері өтіп, апамыз халқының қошеметіне бөленіп отырар еді. Алайда, тағдырдың ісіне амал бар ма?..
Фариза апамыздың есімі мен өршіл өлеңдері халқының жүрегінде ұзақ сақталары сөзсіз. Соңында өзіміз жастайымыздан жаттап өскен өлеңдері, апаны сағынып еске алатын бауырлары мен халқы қалды.
Бақыт БАРСАЙ,
педагогика ғылымдарының докторы, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессоры